Денсаулық

Пандемия сабағы

Мемлекет басшысы биыл Жолдауында атап өткендей, МСАК, яғни медициналық-санитария­лық алғашқы көмекті ұйымдастыру – денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бөлігіне айналды. Көптеген медициналық-әлеуметтік мәселенің шешімі МСАК-тың тиімділігіне байланысты болып отыр. Оның үстіне, коронавирус инфекциясының алдын алуда да осы саланың рөлі арта түсті. Емханалардың жұмысын белсенді, форматы жағынан халыққа ыңғайлы етіп, қызмет көрсету көлемін арттыру керек. Осылайша алғашқы медициналық-санитарлық көмек әдістері түбегейлі қайта қаралмақ.

Бұл мәселені елордада өткен «COVID-19 – МСАК үшін үлкен сабақ» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой көтеріп, пандемия кезінде еліміздегі алғашқы медициналық көмек көрсету жүйесін дамытудың негізгі мәселелерін талқылады. ДДСҰ Еуропалық денсаулық сақтау орталығы, аталған ұйымның Қазақстандағы өкілдігі, Грузия, Литва, Украина елдерінен келген дәрігерлер, ғалымдар, сарапшылар мен өңірлердегі дәрігерлердің басын қосқан шарада министр COVID-19 пандемиясы мемлекеттер мен қауымдастықтардың, ең алдымен денсаулық сақтау жүйесінің заманауи жаһандық сын-қатерге дайындығын бағдарлайтын индикаторға айналғанын жеткізді. Ал Қазақстанның коронавирус инфекциясының алғашқы толқынынан алған сабағы – МСАК-ты нығайту.
МСАК қызметінің сапалы болуын талап ететін тағы бір фактор – коронавирусты емдеудің клиникалық хаттамасына сәйкес науқастардың амбулаториялық деңгейде, яғни үйде емделуі мүмкін екендігі. Атап айтқанда, олар симптомсыз, жеңіл, орташа ауыр деңгейде жұқтырғандарды ауруханаға жатқызбайды. Коронавирус инфекциясының барлық түрлерін тіркеу үшін елорда емханаларына жіберіледі. Содан кейін учаскелік дәрігер олардың жағдайы мен науқас­ты емдеу жолдарын анықтау үшін байланысады. Елордалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, егер адамда клиникалық көріністер болмаса, науқас үй карантинінде болады және оның емханасының дәрігерлері қоңырау шалу немесе бейне қоңырау арқылы қашықтықтан бақылайды.
ПТР тесті оң нәтиже беріп, бірақ аурудың клиникалық белгілері жоқ адамдар 14 күн бақылауда болады. Бұл инкубациялық кезең, ауру дамуы мүмкін, сондықтан олар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес үй жағдайында БМСК медициналық бақылауында болады. Оларды медицина қызметкерлері онлайн бақылап отырады, яғни мұндай науқастарды емдеу қашықтықтан жүргізіледі.
Басқарма өкілдері емханалардың мамандары телефон арқылы және мессенджерлер арқылы симптомсыз науқастармен байланыс жасайтынын айтады. Күн сайын медицина қызметкерлері мұндай науқастарға қоңырау шалып, олардың жағдайын біледі. Егер жұқтырған адамның әл-ауқаты 14 күн ішінде нашарламаса, онда мониторинг алынып тасталады. Симптомдар пайда болған кезде – дене температурасының жоғарылауы, жөтел, тыныс алудың қиындауы, ентігу болса, учаскелік дәрігер жаңа ем жолдарын қабылдайды немесе ауруханаға жатқызу қарастырылады. Егер ауру симптомсыз түрде болса, онда пациенттер басқаларға жұқтыру қаупін тудырмау үшін оқшаулануы қажет. Сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстану, жақсы тамақтану және ұйқы режимін сақтау қажет.
Үйде оқшаулау кезінде аурудың жеңіл және орташа түрлерімен ауыратын адамдар салғырт өмір салтын ұстанбауы қажет, сұйықтықты жеткілікті мөлшерде қабылдауы керек. Пациенттер температураны, пульс жиілігін, тыныс алуды, қан қысымын, сатурацияны (пульсоксиметр болған кезде) бақылауы қажет.
– Адамның дене қызуы көтерілсе, жөтелсе бірінші кезекте емханадағы медициналық көмекке немесе жедел жәрдем қызметіне жүгінеді. Осы екеуінің арасындағы өзара әрекеттес­тікті қамтамасыз ету үшін арнайы алғышарт бекітілді. Осы екі кезеңде медициналық көмек қажет еткен науқастың денсаулық жағдайына баға беру керек. Қажет болса, оны ауруханаға жатқызу немесе алғашқы медициналық санитарлық көмек ұйымдарында медициналық көмек көрсету, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп, үй жағдайында емдеп шығу маңызды. Бастапқыда науқасқа АМСК ұйымында тиісті медициналық көмек көрсетілмей, аурудың асқынуына жол берсек, біздің тарапымыздан ашылған төсек-орындар, медициналық ұйымдарды қамтамасыз еткен медициналық жабдықтардың мәні болмайды, – дейді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.
Бүгінгі таңда Басқармаға қарасты 32 медициналық ұйым бар. Оның 16-сы алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары болса, 10-ы – стацио­нарлар. Соған қоса 1 жедел жәрдем қызметі, 1 жоғары медициналық колледж, 1 арнайы медициналық жабдықтармен қамту мекемесі, 1 балалар үйі, 1 патологоанатомиялық бюро жұмыс істейді. Одан бөлек, 19 жеке медициналық ұйым қызметі атқарып, оған қаланың 280 мың халқы тіркелген.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button