Денсаулық

Қатерлі ісіктен сақтаныңыз!

Елімізде соңғы 20 жылда қатерлі ісікпен ауырғандар көбейген. Соның ішінде өкпе, асқазан және сүт безі ісіктері бойынша өлім көрсеткіші жоғары. Тіпті Қазақстан сүт безі қатерлі ісігі ең көп тараған елдердің тізімінде басты орындарда тұр. Осыған орай 30 қазанда елордада көпсалалы медицина орталығында қатерлі ісіктің осы түрінің алдын алу және ерте анықтау бойынша Ашық есік күні өтеді.

Аталған орталық директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Бақтыбай Оразбековтің айтуынша, Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігіне шалдығу 100 адамға шаққанда 25 адамнан келеді. Ресей бұл жағынан алда, оларда 42 адамнан, Өзбекстанда – 10-15, Еуропа елдерінде 50 әйелден келіп тұр. Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігіне 40 пен 60 жас аралығындағы әйелдер көп шалдығады. Осы саладағы тәжірибелі маман қатерлі ісікке шалдығудың бірнеше себептерін атады.
– Біріншіден, бұл ауруға етеккірі ертерек, яғни 11-12 жасында келгендер, сондай-ақ сол менструалды цикл 50 жасқа дейін созылғандар, бала тумаған әйелдер, 15-16 жасында немесе 30-дан асып барып бала туған әйелдер жиі шалдығады. Бұл ауру ұрпақтан ұрпаққа берілуі де мүмкін. Қазақстанда жылына 33 мыңдай жалпы қатерлі ісік дерегі анықталатын болса, соның ішінде сүт безі қатерлі ісігіне шалдығу фактісі жылына 4700 адамды құрайды, – дейді ол.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректерiне сүйенсек, әлемде сүт безi қатерлi iсiгiнен болатын өлім соңғы жылдары 22%-ға өскен. Жыл сайын жер бетінде орташа есеппен 500 мың әйел осы дертпен ауырса, оның 250 мыңы аурудан көз жұмады екен. Маммолог-онкологтардың айтуынша, бұл дерттің басты 6 белгісі бар. Ең алдымен омыраудың көлеміне назар аударған жөн. Әдетте, ісіктің бірінші белгісі – бір омыраудың екіншісінен үлкендеу болуы. Екіншіден, төстің тығыздалып, одан белгісіз бір сұйықтың бөлінуі. Үшіншіден, омыраудың ішке қарай тартылып, бұрмалануы. Төртіншісі – терінің өзгеруі. Мұндай кезде әйелдердің терісі апельсин қабығына ұқсас болады. Бесінші белгісі – қолтық астында ісіктің пайда болуы. Онда түсініксіз жара пайда болуы мүмкін. Ол аса байқалмаса да, қатерлі ісік дәл сол жерден басталады. Алтыншыдан, шеткі лимфа бездерін ұстап көру керек, оны дәрігер анықтайды. Сүт безі қатерлі ісігінен статистиканың өсуі бүгінде әйелдер арасында пластикалық ота жасату сәнге айналуына да байланысты. Мұндай операция – сүт безі қатерлі ісігін туғызатын көп фактордың бірі. Дәрігерлер сүт безі қатерлі ісігі өскен сайын оның жүйке жүйесі құрылысына тікелей әсер ететінін ескертеді. Осыған байланысты маммологтар кем дегенде аптасына бір рет айна алдында аталған белгілердің бар-жоғына назар аударуға кеңес береді. Ал сүт безі ісігінің қатерлі немесе қатерлі емес екенін анықтау үшін биопсия жасап, оны микроскоппен қарау қажет. Ал оның қатерлі екені анықталып жатса, одан әрі тін гистологиялық зерттеу әдісімен тексеріледі.
– Әйел ай сайын етеккір келетін кезде сүт безінде өзгеріс­тер бар екенін байқаса, дереу УЗИ-ден өтіп, тексерілуі керек. Бізде көп әйелдер бір қауіпті байқаса да, қорқып жүре береді. Бүгінгі акцияны өткізудегі мақсат та сол – қыз-келіншектердің қорықпай, осындай ашық есік күндерінде орталықтан еркін тексеруден өтуіне жағдай жасау. Себебі ауруды дер кезінде анықтасақ, одан айығу мүмкіндігі де жоғары болады. Бірінші кезеңінде толық емделіп шыға алады. Екінші кезеңде де мүмкіндік бар. Ал үшінші кезеңінде анықталса емделеді, бірақ қиындау тиеді. Соңғы төртінші кезеңге өтіп кетсе, емделмейді, – дейді Б.Оразбеков.
Нұр-Сұлтан қаласында Манас көшесі, 17 мекенжайындағы көпсалалы медицина орталығында өткізілген акция барысында әйелдер кеңесті тегін ала алады. Сондай-ақ онкомаммолог, онкоцитология мамандары ақысыз тексеру жүргізеді, келген әйелдердің барлық сұрақтарына жауап береді.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button