Басты ақпаратҚала мен Сала

Қала экологиясы қалай жақсарады?

 Жуырда Астана қалалық Қоғамдық кеңесі шаһардағы қоршаған ортаны сауықтыру шараларының 2018-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Жоспарды қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен бірге Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы әзірледі. Аталмыш қауымдастықтың басқарма төрайымы Айгүл Соловьеваның айтуынша, бұл күнде елорда экологиясына қатысты түйткілдер анықталды. Сегіз бөлімнен тұратын кешенді жоспар сол түйткілдерді шешуге бағытталады.

ЛАС ҚАЛДЫҚТАР АЗАЯДЫ

Алдымен стационарлық көздерден ауаға таралатын лас қалдықтарды азайту мақсатында бірінші және екінші жылу-электр орталықтарында бірқатар жұмыстар қолға алынады. Соның ішінде 1-ЖЭО-ның №2 мұржасын ауыстыру жоспарлануда. Сондай-ақ, бұл орталықтың №1 стансадағы қазандық агрегатының бөлшектері, атап айтсақ, күлді ұстайтын қон­дырғы эмульгаторға ауыс­тырылып, жану құрылғысы қал­пына келтіріледі. Бұл жағдай азот қышқылын жылына 47 тоннаға, күлдің жылына 256 тоннаға таралуын төмендетеді.
2-ЖЭО-ның №6 стансадағы қазандық агрегатының эмульгаторлары жөнделеді. Осы жұ­мыстар биыл және келесі жылы істелмек. Промышленный тұр­ғын алабындағы бір автономды қазандықтың жылуын тұтынатын халық 2020 жылы орталық жылу жүйесіне қосылмақ. Сонда да лас қалдықтардың таралуы 207 тоннаға азаймақ.
Жалпы тұрғын алаптардағы жеке үйлер, ғимараттар мен құ­рылыстар газ жылуына көші­рілмек. «Жасыл» экономика» тұ­жырымдамасына сәйкес баламалы, жаңартылатын энергия көздерін енгізіп, дамыту көзделуде. Бұған қоса, тұрғын үй қорында энергияны үнемдеу мен энергияның нәтижелігі арттырылмақ.

ВЕЛОЖОЛДАР ЖОСПАРЫ

Астанада велосипед көлігін дамыту арқылы көліктер ағыны азайып, қала экологиясы жақсармақ. Жалпы үш жылдың ішінде 614,6 шақырымды құрайтын веложолдар салынбақ. Ал 2021-2022 жылдары бұған тағы мыңнан астам шақырым қосылмақ. Жоба төрт кезеңде жүзеге асырылады.
Биыл веложолдардың құ­ры­лысы Сарыарқа ауданындағы Есіл өзенінің жағалауынан басталып, әрі қарай орталық саябақ арқылы сол жағалау мен қолданыстағы «Жасыл белдеу» аумағындағы велосипед жолақтарына дейін созылады. Астананың 20 жылдығына орай бірнеше өңір елордаға веложолдарды сыйға тартуды көздеп отыр.
Астананың Бас жоспарының мамандары Берлин, Дубай, Барселона сынды әлемнің бірқатар қалаларының велосипед инфрақұрылымын саралады. Олардың айтуынша, бұдан соң кейбір адамдар жылдың жылы мезгілінде жеке көлік пен қоғамдық көліктен бас тартып, велосипедке отыратын болады. Әлемдегі тәжірибеге сәйкес жаяу жүргіншілер мен веложолдардың түсі де ұсынылды. Мысалы, Дубайда веложолдар тұтас қызыл түске боялса, Еуропаның ірі қалаларында олар жасыл, көк немес қара түстен тұрады. Веложолдардың түсі бойынша шешім әлі қабылданған жоқ. Бірақ қала әкімдігі мамандардың қоңыр қызғылт түске боялған веложолдар ұзақ сақталады деген пікірін құптап отыр.

ЭЛЕКТР-АВТОБУСТАРМЕН ЖҮРУІМІЗ МҮМКІН

Болашақта Астанада электрмен жүретін автобустар пайда болуы мүмкін. Қазір автобус­тардың саны, олардың бағдары зерттеліп жатыр. Бұған қоса, электромобильдерге арналған инфрақұрылым құрылмақ. Ол үшін қалада электрді толтырудың 50 стансасы салынбақ. Әрине, қоғамдық және коммуналдық көлікті баламалы жанармайға көшіру де жалғасады.
Астананы көгалдандыру және абаттандырудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленбек. Онда қазіргі заманғы технологиялар ескерілмек. Соның ішіне «Жасыл белдеуді» дамыту да кіреді.
Қалдықтарды басқару және қайта өңдеу жұмысы да жалғасады. Ол үшін «KazRecycle Service» ЖШС-ның иелігіндегі қоқысты өңдеу кешені жаңғыртылып, «жасыл» технология жолымен қатты тұрмыстық қалдықтар өңделмек. Қауіп төндіретін заттар (пайдаланылған техникалық майлар, медициналық және химиялық қалдықтар) бөлек өңделеді. Құрылыс қалдықтарын
жинап, қайта өңдеу үшін тиісті алаң салынады. Қоқысты шығаруды бақылайтын мобильдік қосымша әзірленеді.
Су ресурстарын реттеу мақсатында Есіл, Ақбұлақ, Сарыбұлақ өзендерінде тиісті жұмыстар жүргізіледі. Екінші кәріздік тазалау құрылғысы салынады. Кіші Талдыкөл аумағында жер­үсті және жерасты суларын реттеудің жобасы дайындалады. Бұл сол аймақта болашақта салынатын тұрғын үйлерді су басудың алдын алу үшін жаса­лады. Гидроқайырманың құ­рылысы да басталады. Оның жобасы дайын.
Қоршаған орта жағдайын бақылау үзбей жүргізіледі. Астананы 2030 жылға дейін төмен көміртекті даму стратегиясы әзірленеді. Аталмыш жұмыстардың бәрі республикалық және жергілікті бюджет, жеке инвес­тицияларды тарту жолымен, әлеуметтік жеке әріптестік негізде жүзеге аспақ.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button