Жаңалықтар

ҚАЛА ҚАЗЫНАСЫ ҚАЙТА ҚАРАЛДЫ

d319c2dcdc17099887a216c155b

Қалалық мәслихаттың мәжіліс залында Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Жиында бірқатар нормативтік құқықтық актілердің жобасы қаралды. 

Алдымен Экономика және бюджетті жоспарлау басқар­ма­сының басшысы Әліби Жұмаев «Астана қаласының 2016-2018 жылдарға арналған бюджеті туралы» Астана қаласы мәслихатының 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №428/61-V шешіміне өзгерістер енгізу туралы баяндады. «Астана қаласының бюджеті Бюджет кодексінің 106-бабына сәйкес жергілікті атқарушы органның бастамасы бойынша нақтыланды. Қаланың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің өсуіне сәйкес нақтылау кезінде бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту ұсынылды. Бюджет қаражатын игеру мониторингісінің қоры­тындылары негізінде ішкі қайта бөлу жолымен жекелеген бюджеттік бағдарламалар бо­йын­ша жылдық жоспарлы таға­йын­даулар қайта қаралды» деді басқарма басшысы Ә.Жұмаев. Оның айтуынша, елорданы дамыту, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларының кезек күттірмейтін бірқатар міндеттерін шешуге қосымша қаржы бөлінеді. Сонымен қатар, денсаулық сақтау объектілерін материалдық-тех­никалық жарақтандыруға, білім беру мекемелерінде мем­лекет­тік тапсырысты жүзеге асыру, мүге­дектер үшін әлеуметтік қыз­мет көрсетулерге, автомобиль жолдарының ағымдық орта жөн­деуіне қаражат қарас­тырылған.

Одан кейін Ауылшаруашылығы басқармасының басшысы міндетін атқарушы Гүлмира Ермолдина ветеринария саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қыз­меттер туралы мәлімдеді.

– 2016 жылы жануарларға екпе жұмыстарын жүргізуге және сарап­тамалық зерттеу жұмыстарына, сонымен қатар, қаңғыбас иттер мен мысықтарды қаладан тазар­туға жергілікті бюджеттен 37 млн астам қаржы бөлінді. Бүгінде аталмыш қаржы өз мақсатына жұмсалды, – дей келе, басқарма басшысы қосымша қаражат бөлуді сұрады. Оның себебі жоқ емес. Біріншіден, маусым-тамыз айында елімізде түйнеме ау­руының ошағы тіркелген болатын. Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы жағдай әлі күнге дейін назарда. Осыған байланысты жағдайды тұрақтандыру үшін Астана қаласына түйнемеге қарсы қосымша 1182 екпе мөлшері бөлінген. Сондай-ақ, күн сайын «051» нөміріне қаңғыбас жануарларды ұстауға өтініш келіп түседі. Мәселен, тек бес күннің ішінде 126 қаңғыбас ит пен мысықты ұстауға 33 өтініш тіркелген. Аталмыш жұмыстарды орындау қосымша қаржыны қажет ететіні сөзсіз. Бұл мәселе депутаттарды бейжай қалдырмады.

Күн тәртібінде қарастырылған келесі мәселе – білім саласындағы мемлекеттік коммуналдық қазы­налық кәсіпорындар өндіретін және өткізетін тауарлардың бағаларын бекіту. Білім басқар­масының басшысы Қасымхан Сенғазыев ақылы үйірмелердің бағасымен таныс­тырды. Осы ретте, депутаттар балаларға қатысты дүниелердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін белгіленген бағаларды қайта қарауды сұрады. Тіпті, қала ішіндегі музейлер мен басқа да мәдени нысандарды тамашалау мектеп оқушылары үшін тегін қылу мәселесін көтерді.

Жиын соңында Тұрғын үй бас­қармасының басшысы Руслан Ахметов Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй беру тәртібі туралы баяндады.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button