Қала тіршілігі

ҚАЗЫНАЛЫ ҚЫЗЫЛОРДАНЫҢ ТАРТУЫ

NUR_9455

Елордадағы Оқушылар сарайы жанында ұйымдастырылған Қызылорда облысының азық-түлік жәрмеңкесін сенбі күні Астана қаласы әкімі Әсет Исекешев пен Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев арнайы аралады.

Жәрмеңкеде елорда басшысы Әсет Исекешевке өңірдің белді өндіріс орындарының өнімдері жан-жақты таныстырылды. Арнайы құрылған киіз үйде «Сыр маржаны» ЖШС, «СПК Қызылорда Балық» ЖШС, «Арай» шұжық өнімдері цехы, «Жан-Арай» ЖШС, «Аралтұз», «РЗА» АҚ сияқты белгілі кәсіпорындар өндіретін өнім түрлерінен көрме жасалған екен. Қала басшысы олардың бәрімен жете танысып шықты. Биыл 125 жылдығы тойланатын атақты күрішші, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевқа арналған көрме киіз үйге де бас сұқты. Аз уақыт «Ырысты, кү­ріш­ті Қызылорда» атты облыс өнер­паздарының да концертін тамашалады.

Қырымбек Елеуұлы баспасөз өкіл­деріне арнайы сұхбат беріп, аймақтың даму барысы жөнінде әңгімеледі. Қазіргі уақытта Қызылорда қаласы­ның Астанаға қарап бой түзеп, елорда­дағыдай Сырдың сол жағалауын көрікті ауданға айналдыру бағытында іргелі жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті.

–Бұл жәрмеңкедегі азық-түлік баға­лары орташа есеппен алғанда елорда базарларынан 15-20 пайызға арзан. Оның үстіне өнімдердің барлығы – шеттен әкелінген емес, жергілікті өнімдер. Сол себептен сапасы жоғары, дәмі де жақсы. Халықтың көңілінен шығып жатқанын келушілердің де, сатып алушылардың да көптігінен бай­қауға болады, – деп түсінік берді азық-түліктің бағасына қатысты Алматы ауданының әкімі Ермағанбет Бөлекбаев.

Айтқандай, Қызылорда облысының жәрмеңкесінде картоптың келісі 50 теңгеден сатылса, ақталған күріш – 160 теңге, сәбіз – 65, пияз – 70, қырыққабат – 55, сүт өнімдері – 175-190, қарбыз – 50, қауын –100, Аралдың тұзы – 45, жұмыртқа – 180, тауық еті – 500-550, балықтың келісі түрлеріне қарай 200 теңгеден бастап 700 теңге аралығында сатылды. Мұндағы бағаның базардағыдан біршама арзандығын келген халық та айтып жатты. Астана­лықтар, әсіресе, сыр өңірінің күрішін қап-қап қылып сатып алды.

Астана қалалық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ермолдина Гүлмираның айтуынша, осы қыркүйек айынан басталған өңірлердің азық-түлік жәрмеңкесі қараша айының аяғына дейін жалғаспақ. Сол үшін қала­дан «Хан Шатыр» СОО аумағы мен Оқушылар сарайы жанынан арнайы орын белгіленген. Барлық өңірдің жәрмеңкелерінде азық-түлік түрлері елор­дадағыдан 15-20 пайызға арзанға саты­­лады. Осы қыркүйектің 10-11 күн­дері Алматы облысының жәрмеңкесі өткізіледі.

Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button