Мәдениет

Қанат байлар «Аққудың көз жасы»

Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының репертуары «Аққудың көз жасы» атты лирикалық драмамен толықты. Премьераның екінші, үшінші күнінде спектакльді көпшілікпен бірге біз де тамашаладық.

11111

Көктемнің тездетіп келуін аңсай­тынымызға ұқсас Қаллеки сахнасындағы тұсаукесерді де тағатсыздана күткен едік. Махаббат тақырыбы өз алдына, күн ерте елең еткізгені – режиссер Талғат Теменовтің аталмыш драманы заңғар жазушы Шыңғыс Айматовтың әйгілі қос туындысы негізінде сахналауы. Қазақ театр тарихында алғаш рет «Боранды бекет» романындағы Раймалы жайлы аңыз бен «Жәмилә» повесі бір инсценировкаға бірікті. Оның үстіне, көрерменге ғашықтық сезімін боямасыз жеткізе білетін Т.Теменовтің романтикалық қолтаңбасына риясыз сеніміміз тағы бар…

Кешкі сағат алты жарым. Қойылым тамашалауға дайын зал тыныштығын теміржол вокзалындағы хабарландыру бөліп, сахна шымылдығы түрілді.

«Жәмилә» желісі үздіксіз баяндау арқылы өрбитіні көзі қарақты оқырманға белгілі. Спектакльдегі оқиғаның өн-бойына да автор (Жәнібек Мұсаев, Ақыш Омар) монологы жетелейді – ересек Сейіттің өткен күн естелігі бала Сейіт арқылы беріледі. Алайда, режиссер драма жанры көтермейтін көпсөзділікке ұрынбаудың ұтымды жолын тапқан. Спектакльдегі Сейітті 15 жасар бозбала емес, көпірден құлап, қорқыныштан тілі байланып қалған он-он бірдегі кішкентай бала ретінде бейнелейді.

Мазмұнын баяндаудан біз де қашайық. «Аққудың көз жасы» Айтматовтың атақты екі шығармасы негізінде қойылғандықтан, спектакльдің бас-аяғынан повестегі Жәмилә мен Даниярды іздейтініміз түсінікті. Сахналанған нұсқасы да режиссер қиялына сәйкес түпнұсқа шығармадан біршама өзгеретіндігі, ол да – заңдылық. Дегенмен, повесте де спектакльдегі жағдай бір болғанымен, кейіпкерлердің ішкі дүниесі, ой-арманы өзара үйлесімнен алшақ. Жәмилә тез арада Даниярға көңілі ауып, соғыстағы күйеуін ұмытқан жеңілтек жан болып қалды. «Сен менің тәнімді иемденсең де, жанымды түсіне алмай жүрсің-ау» деген ашына айтқан сөздерінің дәлелі болу тиіс – мейірім мен іңкәр сезімге зәру әйел дүниесін түсінбейтін Садықтың (Олжас Жақыпбек) бейжай қылықтары сендірмейді. Актер Жанат Оспанов Даниярдың Жәмиләні ғашық еткен мұңлы көз, терең ойлы, жүріс-тұрысы салмақты кейпінен едәуір алыс. Қос ғашықтың шынайы сезімі, нағыз махаббатын көрсетуі тиіс сахнадағы өмір үдесінен шықпай, көңілімізді қалдырған еді. Алайда, үмітіміз әлі де үзілмей, бірінші құрам актерлері ойнайтын ертеңгі премьераға да баратын болдық. Қойылымның бірінші құрамынан құр қалмағанымыз сенімімізді ақтады. Екі құрам көзқарасымызды түбегейлі өзгерткен – екі бөлек дүние болып шықты…

1111

Осы жолы бір деммен көріп шықтым. Актерлер ойыны берік байланысқан, әрбір мизансцена еш үзіліссіз шынайы жалғасып отырды. Бір сөзбен айтқанда, ойнаған ешкім жоқ, кейіпкерлер сахнада өмір сүрді! Садық (Әбілмансұр Серіков), Данияр (Қуандық Қыстықбаев), Жәмилә (Ақмарал Танабаева) – үштіктің үйлесімділігінде сөз жоқ.

Қойылым барысында адам жүрегіндегі ең асыл сезім – махаббаттың таза сыры шертіледі. Араларында көңіл бірлігі жоқ Садыққа амалсыздан басы байланған адал жар, үлгілі келін Жәмилә мен нәзік болмысы мен шын ғашығының сүйіктісі болуды қалап, Даниярмен өмір кешуге ынтық қыздың ішкі күресі, талас-тартысы сезіледі. 18-ге енді жеткен Бегімай мен алпыстың алқымына шыққан Раймалы жыраудың махаббаты жүрек тебірентеді.

Екі жұп та бейуақытта жолықты. Жұрттың қаңқу сөзіне, қорлаушылар мен қалыптасқан кедергілерге қарамай, сезім үшін аянбай күресті. Өзгені білмеймін, өз басым Жәмиләнің да, Раймалының да қорғаушысы, жанашыры болып отырдым.

Бегімайдың рөлін сомдаған Инабат Әбенова өнерімен тәнті етті. Бұл Қазақ Ұлттық өнер университетінің 3 курс студенті Инабаттың театрдағы алғашқы қадамы екен. Бегімай сұлудың рөліне сәтті таңдалғанымен келіспеске болмас. Ал, Ақмарал Танабаева көз алдымызда өсіп жатыр. «Тыраулап ұшқан тырналар» лирикалық драмасындағы Инга рөлі үшін «Золотой Витязь» 2015 Халықаралық театр форумының алтын диплом иегері, Қаллеки театрының қыздары ішіндегі жұлдызы жанып тұрған талантты актриса болашағынан зор үміт күттіреді.

Т.Теменовтің Жәмиләсі басқа демесеңіздер, жалпы режиссердің батыл өзгеріс қадамдары керемет әсер сыйлайды. «Тыраулап ұшқан тырналар» қойылымы сияқты, «Аққудың көз жасын» да жалықпай көруге болады. Айтпақшы, «Аққудың көз жасынан» жылап шығар адам жоқ, одан артық – жан-жүрегі жұмсарып, нағыз махаббаттың биік үлгілерінен шабыт алып, қанаттанатыны анық десем қателеспеймін.

Мәдина Жақып

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button