Басты ақпаратЖаңалықтар

ҚОЛ ҰЗАРТҚАН ҚОСЫМШАЛАР

Елбасының үкімет алдына  үнемі алға қоятын міндеттерінің бірі – бас шаһар Астананы интеллектуалды және заманауи қалалардың алдыңғы қатарына шығару. Бүгінде «ЕХРО 2017» көрме­сімен тығыз байланысты «Ақылды қала»  принципі өрістеп, инновация арқылы қала тұрғындарының өмірін жеңілдетіп келеді.  Соның айқын дәлелі ретінде биыл қала әкімдігіне қарасты «Астана  Innovations» АҚ және «Астана LRT» компаниясы игілігі мол мобильді қосымшалар жұмысын қолға алған.

609569c88d17be52217-2

Сан салалы «Smart Astana»

Жыл басында «Астана Innovations» акционерлік қоғамы «Smart Astana» мобильді қосымшасын іске қосты. Әзірге бұл – жобаның бета-нұсқасы, яғни тиімділігін сынау кезеңі.

Жоба жетекшілері ең алдымен Білім басқармасымен біріге отырып қала мектептерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде жаңа қосымшаны алғашқылардың бірі болып астаналық оқушылардың ата-аналары пайдаланған еді. Аталмыш қосымша ауа райына байланысты сабақтың тоқтатылуы жөнінде push-хабарламаны лезде таратуымен тиімді екенін дәлелдейді. Бірінші ауысымда оқитын оқушылар сабақтың болмайтындығынан таңғы 5-те, ал екінші ауысымдағылар сағат 11-де құлақтандырылды. Соның арқасында ата-аналардың толассыз қоңыраулары да едәуір азайған дейді мектеп басшылары. Осылайша, «Smart Astana» мобильді қосымшасы өз өзектілігін бірден байқатады. Түсіндіру жұмыстарының екінші күнінен-ақ қосымшаны 18 мың адам жүктесе, бүгінде қолданушылар саны 50 мыңнан асып жығылды. Алайда, бета-нұсқа қызметтері мұнымен шектелмейді. Астана қаласы әкімдігіне қарасты басқармалардың шұғыл хабарландыруынан бөлек, «Smart Astana» мобильді қосымшасы бүгінде қала тұрғындарын маңызды 9 қызмет бойынша ақпараттандырып отыр.

Мәселен, қолданушылардың «Smart tickets» арқылы елордада өтетін мәдени және спорттық шаралардың билетіне онлайн түрінде тапсырыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ, әр жүргізуші көлік нөмірі мен тіркелу куәлігінің мәлімет­терін жазып, өзіне тағылған айыппұл мөл­шерін тексере алады. Ұшақтар мен жолаушы тасымалдайтын қалааралық автобус­тардың кестесі де онлайн режимде көрсетіледі.

«Астана Innovations» АҚ Баспасөз қызметінің айтуынша, қала тұрғындары мобильді қосымшаның «Байланыс-орталығы» бөлімін белсене қолданады. Қала өміріне бей-жай қарамайтын азаматтардың баршылығы қуантады. Астаналықтар көшедегі қақпағы жабылмаған құдық, тұрғын үйдің кіреберісінде күйіп кеткен шам, жарылған құбыр секілді коммуналдық-тұрмыстық сипаттағы мәселелерді хабарлап, дереу жөнге келтіруді сұрайды. Мұндай өтініштер 109, яғни, Астана қаласының Интеллектуалдық байланыс орталығында тіркеліп, өтініш білдірушіге орындалу уақытына сәйкес жауабы беріледі.

«Smart Astana» мобильді қосым­шасының толық, яғни, альфа-нұсқасы алдағы уақытта, нақтырақ, көктемде іске қосылады деп күтілуде. Бұл жолы мобильді қосымша «Play Market» қана емес, көпшіліктің сұрауы бойынша «App Store» арқылы да жүктелетін болады. Альфа-нұсқа қазақ тілінде де әзірленіп, «Менің өтініштерім», «Учаскелік инспекторым», «Учаскелік дәрігерім» және қазақша-орысша, орысша-қазақша «Электронды сөздік» қызметтерімен толығады. Сондай-ақ, «ЕХРО 2017» Халықаралық көрмесіне орай, «Smart Astana» мобильді қосымшасының ағыл­шынша нұсқасын жасау жоспарлануда. Бұл шет елден келетін қонақтарға Астана жайлы кең әрі керекті мағлұмат бере­тін аса құнды анықтама болары анық.

смарт астана

КӨЛІК КҮТКЕНГЕ КӨМЕГІ КӨП

2016 жылы қалалықтардың қолын ұзартқан қосымшаның тағы бірі – «Astra bus». Қала автобустарының жүрген жерін нақты уақыт режимінде анықтайтын бұл қосымша 15 қаңтарда жаңартылған еді. Статистикалық деректерге сүйенсек, сол кезден бері Play Market және Арр Store арқылы аталмыш қосымшаны 103 мыңнан аса қолданушы жүктеген. Оның ішінде қырық мыңға жуығы «Astra bus» қызметін белсенді пайдаланады.

Атап өткен жөн, мобильді қосымшада карта бойынша онлайн-режимде қозға­латын автобустар қызыл сызықпен белгіленген. Әр жолаушы керекті бағдарды біліп қана қоймай, қажет автобустың қай жерде келе жатқанын оңайлықпен бақылау мүмкіндігіне ие. Бұл аялдамаға шығар уақытты жоспарлауға көмектеседі. Ал, қажетті мекенжайға нешінші автобус жүретінін білмеген адамдар картадан тиісінше А және Б пунктін белгілесе немесе өзі тұрған аялдама мен түсетін аялдаманы енгізсе, бағдарлама автоматты түрде сол бағыт­та қозғалатын автобустар тізімін шығарады.

«Astra bus» мобильді қосымшасының қызметтерін кеңейтіп, одан әрі жетілдіру мақсатындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Астана қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жанындағы «Астана LRT» компаниясы мобильді қосымша жұмысын қазақ, орыс және ағылшын тілінде дайындау үстінде.

Мәдина ЖАҚЫП

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button