Әлеумет

Абайласаң, аман жүресің

Бүгінде Астанада ресми тіркелген 339 350 автокөлік бар екен. Бұл дегеніңіз – әр үшінші тұрғынның машинасы бар деген сөз. Бірақ жүргізушілердің бәрі бірдей жол жүру ережесін сақтай бермейді. Олардың ішінде өзін де, өзгенің де өмірін қатерге тігіп, заңды өрескел бұзатындар жетерлік.

KBB_7390

Апат аяқ астында

Жол жүру ережесі – көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің міндеттерін анықтайтын, жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көлік құралдарына қойылатын талаптарды реттейтін заңдылықтар жиынтығы. Кез келген тұрғын – жол қозғалысының қатысушысы. Сондықтан әркім жолда жүру әліппесін білуге және оны мұқият сақтауға міндетті. Себебі, жол жүру ережесіндегі әр тармақ жайдан-жай жазыла салған жоқ. Оның әрқайсысы адамды көліктен болатын апаттан, төтенше жағдайдан сақтауға, бір сөзбен айтқанда, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Қалада көліктер көбейген сайын жол-көлік оқиғасы да жиілеген. Астана қаласы Ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметкерлері жыл басынан бері жол жүру ережесін бұзған 43 мыңнан астам оқиғаны анықтаған. Жұртшылықтың қауіпсіздігін қорғап, жолдағы апатты жағдайларды азайту мақсатында жол-патрульдік полициялары көлікті қалай болса солай айдайтын жүгенсіз жүргізушінің талайын тәртіпке шақырған. Әсіресе, жылдамдықты шектен тыс асыру, жолдың қарама-қарсы бағытына өтіп кету, машинаны мас күйінде жүргізу секілді заңды өрескел бұзғандар тиісті жазасын алған. Мысалы, астаналық жол сақшылары биылғы жылдың басынан бері жылдамдықты асырған 1700 оқиғаның жолын кескен. Қауіпсіздік белдігін тақпай көлік айдаған 4 мың жүргізуші ұсталған. Жаяу жүргіншілер жолағында адамдарға жол бермеген 1 мыңнан астам жүргізуші анықталса, 900 заң бұзушылық – апаттық жағдайды туғызуға қатысты болған. Ал 373 жүргізуші көлікті мас күйінде айдағаны үшін әкімшілік жазаға тартылған.

Елордада көлігін дұрыс қоймаған жүргізушілер де жазасыз қалмайды. Астана қаласы ІІД Жергілікті полиция қызметінің инспекторы Ләззәт Бисембаеваның айтуынша, биылғы жыл басынан бері көлігін белгіленбеген жерге қаңтарған 1 мың жүргізушіге айыппұл салынған.

«Жол жүру ережесін сактасаңыз, өміріңіз жиырма жылға дейін ұзарады» деген әзіл-шыны аралас сөз бар. Бірақ оның астарында үлкен мән-мағына жатыр. Қарапайым ғана ережені сақтамағаннан қанша адамның өмірі осы жол бойында үзілді? Олардың арасында қыршыннан қиылған жас та, бала да бар. Мысалы, былтыр біреудің жан дегенде жалғыз баласын абажадай көлігімен қағып кеткен аяғы ауыр әйел бір өскіннің қанын мойнына жүктеп алды. Себеп біреу – жол жүру ережесіне бағынбаған. Өткенде сот отырысында еңірегенде етегі толған әйелдің көзінен «егер мен жаяу жүргіншілер жолағында тоқтағанда, мұндай болмас еді» деген өкініш анық байқалды. Сондықтан жолда абайлап жүрген абзал. Апат аяқ астында. Көлік сияқты қауіпті механизм асығып-аптығуды кешірмейді. Кез келген іс, мейлі ол қандай маңызды болса да Алланың берген аманаты – өміріңізге татымайтынын ешқашан есіңізден шығармаңыз.

Ала жолақ қауіпсіз емес

Өткенде әлеуметтік желі қолда­нушылардың бірі: «адамның өз құқын толық сақтайтын жалғыз орны – жаяу жүргіншілер өткелі» деп жазыпты. Расымен де көп адамдар осынау ала жолаққа келгенде «жол өзімдікі» дегендей айналаға паңдана қарап, асықпай өтетіні бар. Бірақ жаяу жүргіншілер жолағы жұрт ойлағандай қауіпсіз өткел емес. Кейбір жүргізушілер қатты жылдамдықпен келе жатады. Олар қалтарыстан атып шыққан адамды қапелімде байқамай қалуы мүмкін немесе жылдамдығын тежей алмай қалады. Сондықтан сақ жүрген адам ғана сау жүреді. Астана полицейлері тұрғындарды жолдағы қауіп-қатерден сақтандыру үшін қолдан келген шараларды жасауда. Мысалы, аялдамалардың қабырғасында «Назар аударыңыз – жаяу жүргінші!» атты жол жүру ережелерінен хабар беретін суреттерді ілді. «Сыпайы жүргізуші» акциясын қолға алып, ережені қатаң сақтайтын жүргізушілерді өзгелерге өнеге етті. «Абайла, жаяу жүргінші!» республикалық іс-шарасының өзі неге тұрады? Бұл шаралар жаяу жүргіншінің де жол қозғалысының қатысушысы екенін, олар да жол жүру ережесіне бағынуы тиіс екендігін білдіреді. Инспектор Ләззат Бисембаеваның айтуынша, белгіленбеген жолдарды кесіп өтіп, жол жүру ережесін бұзған 5 мың жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондықтан «сақтансаң – сақтаймын» деген қағида әркімнің жадында жүргені артық болмайды.

Жалпы, көлік айдау – рефлекс. Адам көлікті қалай айдаса, солай қалыптасып кетеді. Автомектепте оқып жүргенде тәжірибелі нұсқаушымыз үнемі: «Көліктің пайдалы екені рас. Бірақ оның қауіпті екені де ақиқат. Сендерге ерекше айтарым, әсіресе, жаяу жүргіншілер жолағына таяғанда, міндетті түрде көліктің жылдамдығын тежеңдер. Мейлі, адамы жоқ айдалада келе жатсаңдар да жылдамдықты шектеуді үйреніңдер. Бұл кейін сендерге үйреншікті әдет болып қалыптасады да, адамның өміріне қауіп төндіретін талай жол оқиғасының алдын алады»» деп айтып отырушы еді. Сол айтқандай, адам өмірі – ойыншық емес. Ешкім де біреудің өмірін өксітуге құқы жоқ. Ол үшін көлік рулінде отырған әрбір жүр­гізуші жол жүру ережесін сақтауға міндетті.

Жолдағы сұр «сақшылар» 

Астанада жол жүру тәртібін бақылап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында көптеген жұмыстар қолға алынуда. Соның бір көрінісі – «Вокорд-Циклоп» аппаратты-бағдарламалық кешеннің пайдалануға берілуі. Яғни, ақпан айының аяғынан бастап Астана көшелерінде орнатылған сұр фотокамералар іске қосылды. Бұл қондырғылардың мүмкіндігі бұрынғы сары фотоаппараттан да күшті. Олар жылдамдықты асырған көліктерді ғана емес, сонымен қатар қауіпсіздік белдігін тақпағандарды да, телефонмен сөйлесіп отырғандарды да «сарт» еткізіп суретке түсіріп алады.

«Қаупсіз қала» жобасы аясында жүзеге асырылып отырған шараны «Астана Innovations» АҚ мен Астана қаласы Ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметі енгізіп отыр.

«Вокорд» аппараттық-бағдарламалық кешені заманауи прожектормен жабдықталған. Оның ерекшелігі сол, жол жүру ережесін бұзған көліктің мемлекеттік нөмірін түнгі мезгілде де анықтауға мүмкіндік береді. Айтпақшы, сұр «жол сақшылары» сары фотоаппараттардай «ашық көңіл» емес. Олар фотоға түсіріп алғанын жүргізушіге білдіртпейді де, яғни, жарқылдамайды. Сондықтан, абайлап жүргейсің, жүргізуші!

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button