Басты ақпаратЖаңалықтар

Елорда тәжірибесі – Мысырға үлгі

Кеше Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков Мысыр Араб Республикасының Тұрғын үй істері, коммуналдық шаруашылық және қалалық даму министрі  Мұстафа Мадбули бастаған делегациямен кездесті. Шетелдік қонақтар Қазақстанның елорданы ауыстыру бойынша тәжірибесіне  қызығушылық танытты. 

07

Әділбек Жақсыбеков Қазақ­станның жаңа астанасын салу туралы шешімді Мемлекет басшысы қабылдағанын жеткізді. Бас қала қысқа уақыттың ішінде экономикалық және әлеуметтік тұрақты, гүлденген демократиялық мемлекеттің жаңа келбетіне айналды.

«Алғашқы күннен бастап құ­рылыстың жоғары қарқыны бел­гіленіп, алға бірқатар міндеттер қойылды. Бүгінде Астана ұлттық идеяның көрінісі, Қазақстан та­рихындағы жаңа дәуірдің символы іспетті» деді шаһар басшысы.

Араб делегациясы осы сапары барысында елорданың маңызды нысандарын аралап, жалғасып жатқан құрылыстың ауқымымен танысқан-ды. Бұл ретте Мысырдың Қорғаныс және әскери өнеркәсіп вице-министрі, қарулы күштерді инженерлік басқарудың бастығы Камел Абдельхади Фараг Уазир Астанадан шабыт алғандарын айтты. «Құрылыс саласында 38 жылға жуық уақыттан бері еңбек етіп келемін. Сондықтан Астананы салуға білікті мамандар, құрылысшылар, сәулет­шілер тартылғанына сенімдімін. Бізбен бөліскелі отырған тәжі­рибелеріңізді жаңа астана­мыздың құрылысында пайдаланатын боламыз» деді ол.

Кездесу кезінде қонақтар елорданың 18 жыл ішіндегі даму үрдісімен танысып, абаттандыру, көгалдандыру және қаланың тыныс-тіршілігіне инновациялық технологияларды енгізу мәсе­лелерін талқылады. Келер жылы өтетін «ЭКСПО – 2017» халықаралық ма­мандандырылған көрмесіне де ерекше назар аударылды.

Жиыннан соң мысырлық делегация «Астана Бас жос­пары» ғылыми зерттеу-жобалау институтына барды. Астана әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун шетелдік қонақтарды қаланың дамуымен егжей-тегжейлі таныстырды.

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button