Қала тіршілігі

Елеулі еңбектер

Кеше ҚР Ұлттық ака­демиялық кітап­ха­на­сында Түркі академия­сы халықаралық ұйымы шығарған кітаптардың және www.twesco.org ғылыми-танымдық порталының танысты­рылымы өтті. Шараға кітап авторлары, белгілі ғалымдар, мәдениет және   қоғам  қайрат­кер­лері қатысты. 

Салтанатты жиынды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев ашып, академияның тұтас түркі әлемінің рухани мұраларын насихаттаудағы ұшан-теңіз еңбегін атап өтті. Одан кейін сөз алған көрнекті мемлекет қайраткері, профессор Мырзатай Жолдасбеков атал­ған ұйымның шын мәнінде түркітану ғылымының тірегіне айналғанын айтып, сөзін нақты мысалдармен әдіптеді.

Түркі академиясының президенті Дархан Қыдыр­әлінің айтуынша, академия құрылған күннен бері, нақтылап айтсақ бес жыл ішінде әртүрлі бағыттағы 93 кітап шығарған. Соның ішінде былтыр 42 кітап оқырманға жол тартты. Атап айтсақ, тарих ғылымының докторы Ахмет Тоқтабайдың «Түркі халықтарының жылқы мәдениеті» еңбегі, «Әли­хан Бөкейхан және түркі дү­ниесі» кітабы (Құрас­тырған Сұлтанхан Аққұлыұлы), көр­некті ғалым Мекемтас Мыр­захметұлының «Мұх­тар Әуезов – абайтанушы ғұлама», «Абайды оқы, таңырқа», «Хакім Абайды танып білудің 125 жылдық тарихынан (1889-2014)» атты үш еңбегі, т.б. кітаптар бар. Жалпы, өткен жыл­дың басты оқиғасы – Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып екі еңбек жарияланды. Тарих, археология және этнография салалары бойынша – 15, әдебиет, фольклор, және өнер тақырыптарын қамтыған – 13, лингвистика саласының өзекті мәселелерін қозғаған – 6 және «Тұғырлы тұлғалар» сериясымен тағы осыншама кітап шықты.

Түркі академиясы халық­аралық ұйымы шығарған кітаптардың бәрі де ҚР Ұлт­тық академиялық кітапха­насына тарту етілді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button