Үйренетін үрдістер

Туберкулез – емделетін ауру

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жер шарының әрбір үшінші тұрғыны туберкулез миобактериясы инфекциясын жұқтырады. Жыл сайын әлемде 8 миллион 400 мың адам туберкулезбен ауырып, 2 млн адам өмірімен қоштасады екен. Ем қабылдамайтын әpбip науқас 10 адамнан 15 адамға дейін ауруын жұқтырып үлгереді десек, дүниежүзінде әрбір минут сайын 1 адам осы кеселдің құрығына ілінеді. Ал еліміздегі туберкулезге шалдыққандардың 75 пайызы 20 мен 40 жас аралығындағы адамдар екені алаңдатып отыр.

Кох таяқшасы ең алдымен өкпе­ге жұғады, кейде ми мен оның қабық­шаларын, омыртқа, бүйрек, жыныс мүшелерін, лимфа түйіндерін, буынды және басқа да органдарды зақымдайды.

Әрине, осыдан он жылдай бұрынғы жағдаймен салыстырғанда, бүгінде құрт дертімен сырқаттанғандардың қатары әлдеқайда азайды. Мамандардың тынымсыз ізденісі, сауатты ем-дом, осы дерттің себеп-салдарын қоғамның дұрыс түсінуі, үгіт-насихат жұмыстары біз ойлағаннан да жақсы нәтижеге жеткізді.

Егер адам салмақ жоғалтса, қызуы көтерілсе, көкірек тұсына шаншу қадалса, өзінен-өзі терлеп-тепшіп жүрсе, дәрігерге көрінуі керек. Бұл – аурудың негізгі белгілері. Адам жақсы тамақтануы керек. Біздің науқастардың арасында «иттің майын, борсықтың майын ішсем, құлан-таза айығып кетемін» деген жаңсақ түсінік бар. Туберкулездің ең негізгі емі – спецификалық препараттар. Ауру асқынып тұрғанда «иттің майын ішіп жазыламын» деген дұрыс емес. Әрине, жақсы, майлы, калориялы тамақтар жеу керектігіне таласымыз жоқ. Ауруды жұқпалы сатысынан спецификалық препараттармен емдеп шығарғаннан кейін тиімді тамақтану үшін ас мәзіріне иттің майын қосқаннан гөрі қымыз ішіп, ақ тағамды көбірек қолданған жөн.

Туберкулезбен ауырып қалмау үшін денені шынықтырып, спортпен айналысу керек. Таза ауаға да жиі шыққан пайдалы. Мысалы, мен дәрігер ретінде жұмыс орнымда бір сағат отырсам, арасында 10 минуттай далаға шығып, таза ауа жұтып келемін. Егер бір бөлменің есік-терезесін ауа өткізетін саңылау қалдырмай қымтап, туберкулездің жұқпалы сатысындағы бір адамды және сап-сау үш адамды қамап қойса, үш адамға инфекция жұғуы мүмкін. Ал далада, таза ауада, терезесі ашық көлікте, ғимаратта инфекцияның жұғу қаупі төмен.

Туберкулезбен күресу тек диспан­сердің, ауруханалардың, медицина қызметкерлерінің ғана міндеті деп қабылдауды қою керек. Әр адам өз денсаулығы үшін алаңдағанда, осы дертпен күреске ден қойылғанда ғана дертті жеңу мүмкіндігі туады. Сөзімнің соңында туберкулез емделетін ауру екенін тағы ескерткім келеді. Дәрігер тағайындаған емді үзбей жасап, салауатты өмір салтын ұстанса, дұрыс тамақтанса, құрт ауруынан құлан-таза айығып кетуге болады.

Сағила КӨПБАЙ, №10 қалалық емхананың дәрігері

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button