Әлеумет

Бүйрек – ағзаның қамқоршысы

Адамның қос бүйрегі – қандағы барлық қажетсіз заттарды сүзіп, тазартатын ең қажетті мүше. Ал егер ағзада қандай да бір кәдеге асатын зиянсыз сұйықтықтар кездессе,  бүйректегі талшықтар оларды сақтап қояды. Әлдеқандай жағдаймен адам суға шөліркеп, қиналған сәтте бүйрек әлгі сақтап қойған сұйықтықтарды шығарып, тіршілікті әрі қарай жалғастыруға себеп болады. Бүйректі ағзаның қамқоршысы дейтініміз де сондықтан. Өкінішке қарай, бүйректің дертіне ұшыраған жандар елімізде баршылық. Көпшілігі ауруын елемей жүріп, бүйрегі әбден істен шыққанда дәрігерге қаралады екен. Бүгінде Астанада бүйрек дертінің ауыр түріне шалдыққан 242 науқас тіркелген.

KBB_2707

Дүниежүзілік бүйрек ауруларына қарсы күрес күніне байланысты елордадағы №1 қалалық ауруханада ашық есік күні өтті. Онда Астана қаласының бас нефрологы Думан Төребеков сырқаттың алдын алу, оның алғашқы белгілері жөнінде әңгіме өр­бітті. Ал қаладағы білікті дәрігер-нефрологтар бүйрегі ауы­ратын тұрғындарды қабылдап, оларға тиісті ақыл-кеңестерін айтты.

Думан Төребековтің айтуынша, бүйректің дертін алғашқы сатысында емдеген жеңілірек. Ал сырқат асқынған жағдайда еңбекке жарамсыздыққа, тіп­ті, мүгедектікке дейін әкелуі мүмкін. Бүйрек аурулары жүрекке салмақ түсіріп, 30 пайызында инфаркт пен ин­сульттің себебі болады екен. Сондықтан жүрегі ауыратындар, қан қысымы бар жандар бүй­­регін де тексертіп алғаны абзал.

Бас нефрологтың келтірген мәліметі бойынша, бүгінде елімізде 3 мыңға жуық адам бүйрек трансплантациясына зәру. 3182 емделуші жасанды бүйрекпен жүр. Соның ішінде 243-і – елордалықтар. Ал Астанада 112 емделуші трансплантация­дан кейінгі бақылауда.

Бір ескерерлігі, бүйректің ауруы бастапқы кезде білінбейді екен. Оның алғашқы белгілері: әлсіздік, ұйқысыздық, тамаққа тәбеттің болмауы. Бұған ешкім мән бере бермейді. Аурудың асқынып кететіні де содан.

Созылмалы бүйрек ауруын ерте анықтау үшін қалалық емханаларда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіл­ген. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button