Қала тіршілігі

Қандай маман өтімді?

Астана қаласы Жұмыспен қамту орталығының директоры Олжас Омардың мәлімдеуінше, қалада жұмыссыз ретінде 3500 адам тіркелген. Алайда бос орындар оған қарағанда әлдеқайда көп. Бүгіндері шаһарда 5500 бос жұмыс орны бар. Неліктен бұлай? Жалпы, елорда халқының еңбек нарығындағы жағдайы қалай? Астанада жаңа жұмыс орындарын құру ісі қай деңгейде? Қалалық мәслихаттың жақында өтетін кезекті сессиясында осы мәселелер талқыланады. Сессия қарсаңында мәслихат депутаттары мәселеге дендеп ену үшін бірқатар колледж бен қаланың Жұмыспен қамту орталығына барды.

Алдымен депутаттар Еуразиялық гуманитарлық институттың колледжін аралады. Бұл оқу орны 2007 жылдан бері білім, сервис, экономика және басқару, информатика мен есептеу техникасы, құқық салалары бойынша мамандарды даярлайды. Он жыл ішінде аталмыш салалар бо­йынша 2 мыңнан аса маман дайындалған.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының жүзеге асырылуына қатысқан колледж мектепке дейінгі тәрбиелеу мен білім беру, қонақүй шаруашылығы мен туристік кешендерде қызмет көрсетуді ұйымдастыру, аударма ісі, туризм, ақпараттық жүйелер салаларында мамандарды даярлауда тәжірибе жинақтады.
Осының ішіндегі мектепке дейінгі тәрбиелеу мен білім беру мамандығы бойынша 2013-2015 жылдары екі жүз адамды қайта даярлап, білімін арттырды. Ал өткен жылы «2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына қатысқан 83 адамды мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешісі мамандығына дайындады.


Көпбейінді колледж жұмысымен танысқан депутаттар бұл оқу орны жақсы жарақтандырылғанын атап өтті. Биылғы қаңтар айында үш блоктан тұратын жаңа корпустарда сабақтарды бастаған колледждің оқу кабинеттері интерактивті тақталармен, компьютерлік бағдарламалармен, мультимедиялық қондырғылармен қамтамасыз етілген. Әр шеберхана мен зертхана сабақтарды өткізуге қажет қондырғылармен жабдықталған. Мәжіліс залы да кең. Бассейні де бар.
Аталмыш оқу орны тамақтануды ұйымдас­тыру, қонақүй шаруа­шылығында қызмет көрсетуді ұйымдастыру, іс жүргізу мен мұрағаттану, туризм, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, оны жөндеу және пайдалану, есептеу техникасы мен бағдарламалық қамтылым, жол-құрылыс машиналарын техникалық пайдалану мамандарын даярлайды. Бұл – көлік жүргізушілерін дайындауға рұқсаты бар қаладағы жалғыз колледж. Соның ішінде автобус жүргізушілерін де даярлай алады.
«Оқу орнының өзінің автобусы жоқ. Ішкі істер министрлігі оған рұқсат бермей отыр. Қала басшылығы автобазамен сөйлесіп, бұл мәселені шешейік деп ұсынды. Алайда «министрлік бұл жастарды оқытатын оқу орны болған соң, жаңа автобус керек» деген уәж айтты. Әрине, оның бәрі қаржыға барып тіреледі» деген колледж директоры Серік Тәшенов алдарынан шығып тұрған түйткілдерді шешу үшін қала әкімдігінен 93 млн теңге сұрап жатқандарын жеткізді.
Қазіргі таңда колледжде 600 студент оқып жатыр. Олардың 80-83 пайызы грант негізінде білім алуда. Қалғандары ақылы негізде оқуда. Директордың айтуынша, түлектердің жұмысқа орналасуының орташа көрсеткіші 97,4 пайызды құрайды.


Қаланың Жұмыспен қамту орталығы шаштараз, аспаз, электромонтер, тігінші, электрмен және газбен дәнекерлеу­ші, кран машинисі, слесарь-сантехник, бақы­­лау­шы кассир, наубай­шы, кон­дитер, әкімші, тағы осы сияқты бірнеше мамандық бойынша қысқамерзімдік курстарды ұйымдастыруда. Орталық директоры Олжас Омардың сөзінше, қазір бұл курстарды 700 адам оқып жатыр. Курстардың ұзақтығы – 1 айдан 3 айға дейін. Әр адам үшін оқытып жатқан ұйымға айына 35 мың теңге төленеді.
«Жұмыспен қамту орталығы қазір халықтың 25 пайызын жұмысқа тұрғызып жатыр. Жұмыс берушілер, негізінен, орталықты айналып өтіп, адамдарды жұмысқа көптеп қабылдауда. Біз еңбек нарығындағы жағдайды бақылауда ұстау үшін өздігінен жұмысқа тұрғандар туралы мәлімет жинаймыз. Бүгіндері қызмет көрсету саласындағы мамандар сұранысқа ие. Атап айтсам, сатушылар, даяшылар, бармендер, әкімшілер. Құрылыс саласында мамандар тапшылығы байқалуда. Жалпы, бізде медицина, білім секторларында бос орындар бар. Ішкі істер органдары саласында бос орын көп» деді Олжас Омар.
Астанада 2018-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың тұжырымдамасы әзірленді. Бұл құжат жастарды, әйелдерді, мүмкіндігі шектеулі жандарды, бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан адамдарды, зейнеткерлік жасқа жетіп қалғандарды нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған. Қалалық мәслихат депутаты Мирас Шекеновтің пікірінше, бұл жағдайда қаладағы арнаулы орта оқу және жоғары оқу орындарында қазір беріліп отырған мамандықтар сұранысқа ие болуы тиіс. Ол халықтың жұмыспен қамтылу мәселесін мәслихат депутаттары үнемі бақылауда ұстағанын, мұны қадағалаудан шығармайтынын жеткізді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button