Басты ақпаратСұхбат

Тілеуғали ҚЫШҚАШБАЕВ: Елорда мәдениет ордасына айналды

10 маусымда Астананың халық­аралық тұсаукесері өткеніне 20 жыл толды. Тарихқа айналған бұл айтулы оқиғаны ұйымдас­тыру елорданың Мәдениет басқармасының алғашқы басшысы Тілеуғали Қышқашбаевтың да еншісіне тиді. Бүгіндері бас қаланың Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тізгінін ұстап отырған Тілеуғали Әшірбекұлымен Астана мәдениетінің бастапқы қалыптасу кезеңі туралы, қаладағы атаулар жайында сұхбаттастық.

БАСТЫСЫ, МАМАНДАР КЕРЕК БОЛДЫ

– Тілеуғали аға, әңгімемізді өзіңіздің Мәдениет басқармасының басшысы болып тағайындалған уақыттан бастасақ. Бұл қызметке келген бетте жұ­мысты неден бастадыңыз?
– Қазіргі Астана, сол кездегі Ақмолаға қала әкімдігінің ша­қыруымен 1998 жылғы 10-шы қаңтарында келдім. Ол кезде мен Мәдениет министрлігінің бас басқармасының басшысы қызметін атқарып жүрген едім.
Одан бір ай бұрын ғана яғни 1997 жылғы 15 желтоқсанда астана орталығы Алатаудан Арқаға көшті. Ұлы көштің құрметіне қаладағы «Жастар» сарайында салтанатты концерт ұйымдастырылды. Оған төрт мемлекеттің президенттері қатысып, Елбасын құттықтады. Атаулы шараға сол уақыттағы Мәдениет министрі­нің бірінші орынбасары, Қазақ­станның халық әртісі Есмұхан Обаев екеуміз төрт-бес вагонға лық толы әртістерді бастап алып келген болатынбыз. Қазіргі Бейбітшілік көшесі мен Бөгенбай батыр даңғылының қиылысындағы политехникалық колледжінің маңындағы жатақханаға орналасып, «Жастар сарайында» концертті жоғары дәрежеде өткіздік.
Осыдан жиырма жыл бұрын келгенімде байқағаным, қалада Мәдениет басқармасы жоқ екен. Жаңа шаһарда алғашқылардың бірі болып Қаржы және Білім басқармалары ашылды. Одан кейін Мәдениет басқармасы құрылды. Осы мекеменің бірінші басшысы болып тағайындалдым. Штатқа 25 адамды берді. Алайда қызметке жұмыстың тетігін жақсы білетін, іскер, білімді, талантты кадрларды тарту керек болды. Сонымен мәдениет саласының бел ортасында бұрыннан жүрген Ақмола қаласындағы 4-5 мәдени қыз­меткерді алдым. Алматыдан, өзге де өңірлерден майталман мамандарды жинадым. Сөйтіп, бірте-бірте ұжым қалыптастыр­дым. Қазіргі таңда солардың көпшілігі қаладағы мәдени ұйымдарды басқарып отыр.
Сол тұста қала әкімінің орын­басары, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты композитор Төлеген Мұхамеджановпен бірге қоян-қолтық жұмыс жасадық. Жұмысымызды таңғы сағат 7-де бастап, түнгі 12-де «Жастар» сарайында жиналыс өткізіп жүрдік. Сонда бізге кітапханашы­лардың көмегі көп тиді. Өйт­кені, қаладағы мәдени қызметкерлердің көпшілігі осы саланың мамандары еді.

– Астананың халықаралық тұсаукесеріне дайындық қалай жүрді?
– Бұл шараға дайындықты қолдағы бар мүмкіндік Ақмола облысынан қалған көркемөнерпаздармен бастадық. Уақыт өте тығыз найқалуды күтпейді. Өйт­кені тұсаукесерге дейін небәрі алты айдай ғана уақыт қалды. Әсіресе, бишілер жетіспеді. Содан Алматыдан режиссерлерді, балетмейстерлерді, сценаристті шақыртып пәтер жалдауға тура келді. Оның сыртында арнайы дайындалатын орын да жоқ. Ол кезде қазіргідей ірі-ірі мәдени орталықтар мүлде болмады. Қыс­тың көзі қырауда қатты қиналдық. Әйтсе де, тығырықтан шығудың амалын тауып, мектептердің спортзалдарында дайындық жүргіздік. Дайындыққа жоғары сынып оқушыларын, студенттерді жұмылдырдық. Әйтеуір, бәрі сәтімен келіп Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда үлкен мерекелік маңызды шараны өткіздік. Бағдарламаның бас сценарисі Бақыт Қайырбеков болды.
Кезінде Тың игерушілер сарайы атын иемденген «Конгресс-холға» (қазіргі «Астана» кон­церт залы – А.Қ.) күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бұл ғимаратта 9-11 маусым күндері, шетелдерде яғни Ресей, Италия, Украина, Санкт-Петер­бург, АҚШ қазақтың даңқын ас­қақ­татып жүрген өнерпаздарының концертін үш күн бойы ұйымдастыр­дық. Екінші күні қазақстандық жезтаңдай әншілер Е.Серкебаев, Ә.Дінішев, Р.Рымбаева, Қ.Байбосынов, Н.Есқалиева, Б.Тілеу­ханның қатысуымен тамаша концерттік кеш өтті.
Сонымен қатар, Қажы­мұқан-Тәуелсіздік көшелерінің қиылысындағы қазіргі «Отан-Ана» монументі тұрған алаңда үлкен сахна құрылып, «На-На» ансамблі және елімізге танымал отандық әншілер концерт қойды. Сол күні ауа райы бұлтты болып, жауын се­белеп тұрғанына қарамастан ха­лық нөпірінде толас болған жоқ.
Айта кетейін, сәуір айында тұсаукесерге Ресейдегі әртіс қазақ қандастарымызды шақырайық деп Мәскеу қаласына бардық. Ол уақытта әрбір әртіске пәленбай мың доллар төлейтіндей қала бюджетінің шамасы келмейтін. Содан Мәскеуден 22 әртісті алып келдім. Олардың арасында Мүсілім Магомаев, София Ротару, Надежда Бабкина, Евгений Матвеев, Ерік Құрманғалиев, Тамара Синявская т.б. осы сияқты танымал әншілер, белгілі киноактерлер де болды. 10 маусым күні кешкі сағат 9-00-ден таңғы 05-00-ке дейін Абай ескерткіші тұрған алаңда керемет концерт болып, оны Елбасы, Украина, Қырғызстан президенттері тамашалады.
Мәдениетті көтеру мақсатында шерулер де ұйымдастырылды. Ұлттық аспаптар, үрмелі аспаптар оркестрлерінің сүйемелдеуімен қаладағы сол кездегі ең үлкен көше саналатын Рес­публика даңғылының басынан бастап вокзалға дейін, содан бері қарай демалыс күндері таңертеңгі 10-нан бастап 11-12-ге дейін адамдар легі жүріп өтетін. Халықтың бәрі сонда сондай жақсы көңіл-күйде болатын. Демалыс күндері «Жастар» сарайының алдында үздіксіз концерттер, би кештері, демалыс паркінде балаларға арналып ойын-сауық ұйымдастырылатын.

– Астана мәдениетінің бас­тап­қы қалыптасу кезеңі көз алдыңызда өтті. Өзіңіз соның басында болдыңыз. Сол кезде жұмыс қалай жүргізілді?
– Бізге ең бастысы, мамандар керек болды. Қалада би ансамблін, жақсы ұлттық аспаптар оркестрін, эстрадалық оркестрді, үрмелі, симфониялық оркестрлерді ашу қажет еді. Ақмола облысы кезінде ұлттық аспаптар оркестрі болған. Бірақ қала астана мәртебесін алған соң оркестрді кеңейтіп, ұжымды кәсіби деңгейге көтеретіндей әртістерді шақыру қажеттілігі туындады.
Әрине, әр өнер ұжымына жеке ғимарат қажет еді. Опера және балет театрын ашу мақсаты қойылды. Ол бұрынғы Теміржолшылар сарайынан ашылатын болды. Қала әкімінің орынбасары Фарид Галимов бұл ғимаратта таңғы 7-де лездеме өткізетін. Жан-жақта құрылыс, жөндеу жұмыстары жүріп жатады. Күн қақап тұрса да, сахна қандай болуы керек, қандай жарық, құрал-жабдықтар қажет, осы жайлы ақылдасатынбыз. Мәскеу­ден де мамандар шақыртылды. Нәтижесінде Күләш Байсейітова атындағы Опера және балет театры, «Наз» би театры, «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі ашылды.


Би мамандарға келсек, Ақмоладан үш-ақ адам таптық. Екеуі көркемөнерпаздардың арасынан табылды. Ал біреуі хореография­лық училищені бітірген екен. Осы үшеуінен ансамбль құрдық. Екі-үш айдан кейін өзім Алматыға барып, хореография училищесінен екі топ алып келдім.
Кітапханалардың деңгейін көтеріп, кітап қорын қалыптастыру, баспагерлермен жұмыс істеп, жаңадан шығып жатқан кітаптарды алдырту сияқты жұмыстар да жоспарға қойылды. «Жастар» сарайындағы өнер ұжымдарының кәсібилігін көтеру, шеберлігін қалыптастыру жағы назардан тыс қалмады.

ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙ ҮЗДІК ҮЛГІМЕН САЛЫНДЫ

– «Шабыт» шығармашыл жастардың халықаралық фес­тивалі сіз Мәдениет басқармасына жетекшілік еткен тұста басталған жоқ па? Бұл байқау­дың тарихын айтып берсеңіз.
– Біздер 1998 жылы жастарды жаңа Астанаға қалай алдыр­тамыз деп ойлана бастадық. Алматыда кезінде жастарға арналған «Жігер» атты фестиваль өтіп тұратын. Соның жолымен сол жылдың күзінде «Шабыт» фестивалін ұйымдастырдық. Қорытындысында Тұрсынбек
Қабатов, Арман Жүдебаев, Әйгерім Әбілдина сияқты талай таланттардың жолы ашылып, халыққа танылды.
Дәл осы уақытта Астанада Айман Мұсаходжаеваның ұйым­дас­тыруымен музыка академиясы ашылды. Бұдан бұрын қалада бір ғана музыкалық колледж болатын. Соның орнына Жеңіс даңғылында музыка академиясы бой көтеріп, мамандарды дайындай бастады.

– Астанада қазақ театрын салу мәселесі көптен көтерілді. Жақында қала әкімі Әсет Исекешев театрдың салынатыны туралы хабарлады. Ал осыдан 20 жыл бұрын ондай қажеттілік болған жоқ па? Жалпы бұл мәселеге көзқарасыңыз қандай?
– Ашығын айтқанда, қазақ театрына Күләш Байсейітова атындағы Опера және балет театры ғимараты берілгенде уақытша сонда көше тұру керек еді. Бейбітшілік және келісім сарайы да ұсынылды. Бірақ, театр басшылығы жаңа театр салып береді деп ескі ғимараттан көшпей отырды. Театр тарихына ширек ғасырдан асты. Мұнда 25 жасар болып келген әртістер қазір 45 жастан асты. Олар үлкен сахнада бейнелерді сомдауы керек. Бүгінгі қала басшылығы бұл мәселеге үлкен мән беріп отыр. Астана қаласында қазақ театры салынып, ол ең мықты театрлардың біріне айналатынына сенемін.

– Өзіңіз Тәуелсіздік сарайы, Ұлттық музей ғимараттарының құрылысының бастауында тұрғаныңызды естігенбіз. Астананың көркіне көрік қосып тұрған бұл нысандар қалай салынғанын айтып берсеңіз.
– 1998 жылдың 10 қаңтарынан 2000 жылдың 16 ақпанына дейін Астананың Мәдениет басқармасының басшысы, одан кейін Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының ректоры болдым. Тоғыз жылдан кейін елордаға оралдым. Ол уақытта Тәуелсіздік сарайының іргетасы құйылып жатыр екен. Мені осы мәдени ошаққа директор етіп тағайындады. Маңайында ешқандай ғимарат жоқ, мидай дала екен. Соны көріп, «қайда келдім?» деп ойладым. Бір жылдың ішінде салынған Тәуелсіздік сарайы қазір халықаралық, республикалық деңгейдегі үлкен шаралар өтетін ғимаратқа айналды. Сарайда алғашқы шара болып Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Одан кейін 2010 жылы Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті ұйымдастырылды. Тәуелсіздік сарайының құрылысын Елбасының өзі қадағалап, атын қойды. Батасын беріп, тұсауын кесті. Сол жерде үш жарым жыл жұмыс істедім.
Одан кейін мені Ұлттық музейге ауыстырды. Оның іргетасы салынып, қабырғалары құйылған екен. Ішін ғана музейге лайық­тап істеу қажет еді. Әрине, әр за­лы­ның мән-мағынасы ашылуы да ескерілді.
Жапонияға, Америкаға, Оң­түстік Кореяға, Сингапурге жіберді. Мен музей саласын білетін 4-5 жігітті ертіп алып, бір жарым ай бойы шетелдерді аралап, 67 музейді қарадым. Солардың бәрін бейнетаспаға түсіріп алдық. Олардың залдарын, қор жи­налуын, әрбір жәдігердің орна­ласуын, температурасын, орналасу қабатына дейін зерттедік. Ақыры Оңтүстік Корея мамандарымен ақылдасып, соларға жобаны сыздырттық. Ұлттық музей үздік үлгімен салынды. Ғимараттың едені, қа­быр­ғасы, терезесінің материалына дейін мән берілді.

– Астана Арқаға көшкен соң қала біраз қазақыланып қалды. Мәселен, көшенің аты ауыстырылғанда тұлғаны таныта түсу үшін көше мерекесі ұйымдас­тырылатын. Бұл үдерістің көзі­ңіздің алдында өткені сөзсіз. Соның куәгері ретінде не айтасыз?
– Ең басында Елбасының идея­сымен әр облыстың күндерін өткізетін болдық. Алғашқы болып 1998 жылдың сәуір-мамыр айларында Қызылорда облысы­ның күндері өтті. Ол уақытта облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Бұл кісі Сыр елінде не бар, со­ның бәрін алып келді. Қазіргі «Жас­тар» театры, ол уақыттағы Теміржолшылар сарай алдында киіз үйлер тігіліп, жәрмеңке өткізілді. Облыстың күшімен көшелер мерекесі де ұйымдастырылғаны бар. Жалпы көшелердің тойына әр облыс атсалысты.
Әр этностың өнер ұжымдары концертке белсенді қатысатын. Бәріміз бір жұдырық болып жұмыла, жұмыс істедік. Содан да болар көшенің атауын ауыстыру мәселесі қозғалған кезде ешкім қарсылық білдірмейтін.

ЕСКІ АТАУЛАРДЫ ХАЛЫҚТЫҢ САНАСЫНАН
АРЫЛТУ КЕРЕК

– «Астанадағы көшелердің 90-92 пайызы – таза ұлттық атаулар» деген статистика бар. Дегенмен, қала өсіп жатыр. Көше атауларына қатысты әлі де олқылықтар жоқ емес. Мә­селен, осыдан бірнеше жыл бұрын газетіміз Октябрьдің 70 жылдығы көшесі мәселесін көтерген еді. Сол көше атауы әлі өзгермеді…
– Қаланың бас жоспарына сәйкес Октябрьдің 70 жылдығы көшесі елордада болмайды. Жалпы бізде осы көшені Алаш ардақтыларының бірінің атына ауыстыру ойымызда болған. Алайда «Астана Бас жоспары» мекемесінің басшысы Сәрсенбек Жүнісовпен ақылдастық. Ол кісі: «Ертең бұл көше жойылады. Өзі де күннен күнге қысқарып барады. Орнында басқа ғимараттар бой көтереді. Содан көшенің аты да жойылады. Тиіспей-ақ қойыңыздар» деді.
Қазір қалада цифрмен белгіленген көшелер де көп. Оның себебі, қала өсіп жатыр. Қазір мәселен, атау берілген 950 көше бар. Ал 200-300 көше цифрмен белгіленген. Бұл мәселені саясиландырмау керек. Оның бәрі бірте-бірте реттеледі. Осыған қатысты жаңа жоспарларымыз, жаңа жобаларымыз бар. Жақында Елбасы да көшелерге қатысты міндеттерді жүктеп кетті. «Ақылдасып пішкен тон келте болмайды» дегендей, бәрін ақылдасып шешуіміз қажет.

– Астанаға бүгінде бұл өмірде жоқ талай тұлға еңбек сі­ңірді. Солардың аттарын ел жа­дын­­да мәңгі қалдыру мақса­тын­­да белгілі бір жұмыстар жа­­са­лып жатыр. Бірақ, баяу. Мә­се­лен, бірнеше жыл бұрын №54 мектеп-лицейге Ақселеу Сейдім­бектің атын беру туралы қалалық ономастикалық комис­сияның шешімі шық­ты. Қалалық мәслихат та оны қолдаған. Осы сияқты тағы бір­неше ұсыныс қолдау тапты. Алайда бұл шешімдер неге орын­далмай келеді?
– Қазір жиырмаға жуық Алаш қайраткерінің, дүниеден озған көрнекті ақын-жазушылар, мем­лекет және қоғам қайраткерлерінің аттары берілетін мектептерге қатысты ұсыныстар ономастикалық комиссиядан өткен. Енді тиісті жұмыс жүріп жатыр. Айта кететін нәрсе, бұл бір күндік жұмыс емес. Мектептерге тұлғалардың аты беріледі.
Көшеге атау беру немесе атауын өзгерту бізге оңай тимейді. Оның алдында халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Қоғамдық кеңес мүшелері мен қалалық мәслихат депутаттарының алдына барамыз.

– Кейбір тұлғаларымызға көше берілгенмен, ұзындығы немесе орналасқан жері үлкен атына лайық келмейтін көшелер бар. Мәселен, жақында га­зетіміз «Промышленный» тұр­ғын алабында орналасқан Мұс­тафа Шоқай көшесінің мәсе­лесін көтерді. Бұл жағын да реттеу керек деп ойлаймыз.
– Бұл жағы да бірте-бірте рет­теледі. Мысалы, бұрын оң жаға­лауда Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның кішкентай ғана көшесі болды. Академиктер, жазушылар, ғалымдар, жалпы зиялы қауым Әлиханға үлкен көше беру керек деп жазды. Нәтижесінде сол жағалауда атына үлкен көше берілді.

– Қалада «Промышленный», «Силикатный», «Кирпичный», тағы осы сияқты ескірген атаулар өзгермей келе жатқанын да жазғанымыз бар. Өз басым бұл үлкен олқылық деп есептеймін.
– Негізі мұндай атаулар да қаланың бас жоспарында жоқ. Бұлардың барлығы бұрындары Ақмола облысының шеткері аймағында орналасқан елді мекендер ғой. Астана елорда мәртебесіне ие болып шекарасы ұлғайған соң олар қалаға қосылып кетті. Қазір халық та қалыптасып қалған ескі әдетпен әлі де солай атап жүр. Жалпы Астанада төрт аудан бар. Бұл аудандар кенттерге бөлінбейді. Тек қана көшелерге, орамдарға атаулар берілген. Ескі атауларды халықтың санасынан арылту керек. Мәселе сонда болып отыр.
– Кәсіпкерлік нысандар атау­ларын кім реттейді? Мәселен, қала әкімдігінің түбінде бір мейрамхана бар. Бұрын ол «Европа Палас» болып аталған. Кейін «Ақсұңқар» болып өзгертілген. Бұл – тамаша атау ғой. Енді қарасақ, қайтадан «Европа Палас» болыпты…
– Біз кәсіпкерлік нысандардың атауларын өзгерте алмаймыз. Бұл жұмыспен әділет органдары айналасады. Атауды да солар бекітеді. Жалпы, дүние жүзінде бренд атаулар болады. Кейбіреулер атауларына осы брендті алады. Сосын қалай өзгертсін? Егер Әділет департаментінен атауға қатысты куәліктері жоқ болса, біз кәсіпкерлермен әңгімелесеміз. Қаны барлар атауларын жөндеп жатады.

– «Астанада қазақ көбейгенмен, қала қазақша сөйлемей отыр» деген пікір жиі айтылады. Елордадағы тілдік жағдайды қалай бағалайсыз?
– Адамның сана-сезімі биікке көтерілмей, кез келген мәселе шешілмейді деп ойлаймын. Бұл тілге де қатысты. Әрбір адам өзінің кім екенін білуі керек. Қазақ болғаннан кейін, оның мемлекеті бар, тілі бар. Сондықтан өз ана тілін білуі міндетті. Әрі қарай қосымша қанша тіл білгісі келеді, өзіне байланысты. Меніңше, «тәрбие отбасынан басталады» демекші, әрбір адам өзінің шаңырағында, жанұясында ана тілінде сөйлеуі керек. Ол – өте маңызды тәрбие құралы. Осы орайдағы енді бір өзекті мәселе – көгілдір экраннан көрсетілетін мөлтек және көркем фильмдерді, бағдарламаларды, ғаламтор желілерін толықтай қазақшалау керек.

– Астананың мәдениетіне қазіргі кезең биігінен қарағанда, нені байқайсыз?
– Жиырма жыл бұрын қала халқының саны 250 мың болса, қазір бір миллионнан асты. Бұрын өзге ұлттар саны басым болса, бүгіндері өзіміздің қара көздеріміздің үлесі 85 пайызға жетті. Бұл – көңіл сүйсінтерлік жәйт. Қазір Астана мәдениеттің орталығына айналды. «Астана Опера» театры, Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясы, театрлар, заманауи кітапханалар сөзімізге дәлел. Осының бәрі оңайлықпен бола салған жоқ, Елбасының, халықтың үлкен еңбегінің, тынымсыз жұмысының арқасында жүзеге асты.

– Өзіңіз композиторсыз. «Астана жыры» атты әніңізді сәтті шыққан туынды деп бағалаймын. Астананың 20 жылдығына тартуыңыз жоқ па?
– Ән емес, симфония жаздым. Тәуелсіздікке, Астанаға арналған. «Шаттық елі» деп аталады. Туындыны симфониялық оркестр орындайды.

Әңгімелескен
Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button