Қоғам

Елордамен бірге өрілген өмір

Астанаға қоныс аудар­ғандарды Алматыда қал­ған жұрт біраз уақыт «Жел ұшырып әкеткендер» деп қалжыңдап жүрді. Ал кейбіреулер қоныс аударған айы­мызға (желтоқсан) қарап, «декабристер» дейтін.
Оған өкпелеген ешкімді көрмедім. Сол кездері дене тұрқы шағын адамды дедектетіп әкететін жел екпінін, бетіңді шым-шым еткізіп «сүйіп» алатын аязды бастан кешкендер бұл теңеуге бас шайқап күлетін де қоятын.
Ал маған, қақаған қыс ортасында, азынаған желі мен сақылдаған сары аязды Сарыарқа төсіне аттанғандарды сипаттау үшін америкалық жазушы Маргарет Митчелдің қаламынан туып, 1936 жылдың ішінде миллионнан астам данасы сатылған, келесі жылы Пулитцер сыйлығын алған «Унесенные ветром» бест­­селлерінің атауы алынуында романтиканы, өмірді өзгертер ерлікті, идеяға, сезімге адалдықты аңсау бар сияқтыдай көрінетін…


Ел астанасын көшіру туралы сөз қозғалып, Президенттің жар­лығы шыққан кезде мен Парламент Сенатында қызмет етіп жүрдім. 1997 жылғы қараша айының соңында жоғары палата Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі мен Қылмыстық іс жүргізу кодекстерін талқылап, күн сайын жиын өткізетін. Мен ілеспе аудармашы болғандықтан, солардың бәрінде аударма жасап, одан кейін депутаттар енгізген түзетулерді мәтінге қосып, қателерді түзетіп, кейде жұмыста түнеп қалып жүрдік.
Желтоқсанның сегізі күні жаңа астанаға аттанатын эшелонды қалың жұртшылық, қала басшылығы, мешіттен келген имам ақ батамен ІІ Алматы вокзалынан шығарып салды. Оркестр ойнап, әр тұста шампан тығынының тарс етіп атылғаны естіледі. У-ду болған перронда жасып, жылап тұрған ешкімді байқамадым. Құшақтасып, қимастықпен көз жастарын сығып алып жатқандар болмаса. Бәрінің жүздері жайдары, күлкілері жар­қын. Көпшіліктің көтеріңкі көңіл-күйі мені де баурап, кеудемді алабұртқан сезім жайлады: біресе қалып бара жатқан ортамды қимаймын, біресе Арқа төсіне қашан жетем деп алып-ұшам…
Міне, жадырай күліп, осында қалып бара жатқан әріптестерім Ғайни мен Василий, іле-шала дос­тарым Күләй мен Жайлаубай келді. Желтоқсанның суығында құшақ-құшақ гүл әкепті.
Адамдарды кие-жара ұлым келе жатты. Үлгермей қалам ба деді ме екен, жүзінде әлдебір абыржу, толқу бар. Қарсы ұм­ты­­лып құшақтай алғанда байқадым – еліктің лағындай бір сүйкімді қызды жетектеп келе жатыр екен. Көзім түсіп кеткенде қыз баланың жүзі лып етіп қызарып, адамға сәуле төгіп қарайтын нұрлы жанарын тайдырып әкетті… Жүрегім бұған дейін бастан кешпеген әлдебір сезімнен аунап түскендей болды. Мұндайда не деу керек? Өзімді қалай ұстауым керек? Білмейді екем ғой. Әйтеуір «Жасаған Алла, өзің жар бола гөр» деп іштей қайталай бердім, қайталай бердім.
Көңілімнің босағанын білдірмеу үшін баламның бетінен сүйіп, басқалармен тез-тез қоштасып, вагонға кіріп кеттім…
Орнынан сырғи қозғалған по­йыздың артында қол бұлғаған қарақұрым халық қалды. Мұнар басқан асқар Алатау қалды. Жас­­тығымның, бақытты күнде­рімнің куәсі, пейіштей нұрлы, иран-бақтай гүлді қала Алматы қалды. Қазақтың маң даласымен жүрдек пойыз бір сөтке тоқтамай жүріп, келесі күні Ақмолаға келіп тоқтады.
Арқа төрі бізді бетімізден шымшып сүйгендей аязымен қарсы алды. Аяқ басқан сайын сықыр-сықыр ететін аппақ қар, суық жел бір күн бойы жылы купелерде маужырап келген біздерді бірден ширықтырып жіберді. Басқаларды қайдам, ал маған бұл жаңа ортаның, жас астананың «бойыңды жи, босаңсыма» деген белгісіндей көрінді.
Вокзалда музыка ойнап, шашу шашылып жатты. Вокзал алдында тізіліп тұрған автобустардың қасында суретке түсіп, тұратын жерімізге қарай беттедік.
Біздің жаңа астанадағы өмірі­міз осылай басталды.
Сол күннен бастап жаңа астана екеуміздің тағдырымыз бірге өріліп келеді деуге болады. Біз көшіп келгенде тың игерген жылдардан бері тұрған көзге қораш үйлері, қала көлігіне мінгенде қара көзді қандасың анда-санда ғана төбе көрсететін облыс орталығынан бір мемлекеттің айбынды астанасына айналуы көз алдымда өтуде. Жай ғана көз алдымнан өткізіп қоймай, қал-­қадерімше өз үлесімді қосқанымды да мақтан етемін.
Біз көшіп келген күннің ертеңінде Парламент пен Үкіметтің бірлескен отырысы өткізіліп, онда Президент Қазақстан халқына үндеуін жария етті. «Бүгін біз, Қазақстан Республикасының жоғары билік органдары, 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Ақмоланың мемлекет астанасы екендігін салтанатты түрде жария етеміз. Бүгіннен бастап осында, ұлан-ғайыр елдің орталығында, халық тағдырына қатысты барлық шешімдер қабылданатын болады…».
Мен Елбасының әр сөзіне терең мән беріп айтқан салтанатты, толқулы сөзін орыс тіліне ілеспе аударма жасадым. Ол үндеудің мәтіні тасқа басылып, Мемлекеттік туымыз сияқты көк түсті папкаға салынып, сол жиынға қатысқандармен бірге маған да ескерткішке берілді. Папканың сыртында «Воззвание к народу Казахстана» деген жазу бар бұл папка – мен үшін құнды естеліктердің бірі.
Ол кезде қала құрылысы күні-­түні бір тынбайтын. Қала көше­лерін электрмен дәнекерлеу аппараттарының жарқылы жарқ етіп, қазық қаққан, тас кескен құралдардың шуылы тербеп тұратын еді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген құры­лысшылардың күшімен қаншама мәдени, әкімшілік ғимараттар, тұрғын үйлер салынып жатты.
Астанамыз бүлдіршін қыз­дың бойжеткенге айнал­ғанындай, көз алдымызда сыланып, күн сайын бойы да биіктеп, толысып өсіп келе жатты. Келесі жылғы 6 мамырда Президенттің Жарлығымен елордамыз «Астана» деген атауға ие болды. Қанатын кеңге жайып, шекарасы ұлғайды, сөйтіп, иісі қазақтың құлағына майдай жағар «Алматы» және «Сарыарқа» деген атауы бар екі қанаты – екі әкімшілік-аумақтық бірлік пайда болды.
Маған жұмысымнан хан сара­йындай үй беріліп, балаларымды қолыма алып, көңілім бір жайланды. Қызыл кірпіштен тұрғызылған үйлердің ауасы да кең, тұрмысқа да қолайлы. Әрі Алматыдан көшіп келгендердің іргелес үйлерден пәтер алғандары жаңа ортаға тез бейімделуімізге ықпал етті.
Есілдің сол жақ жағалауы «Еркін экономикалық аймақ» болып жарияланып, қарқынды құрылыс алаңына айналды. Түнемелікке жарқ-жұрқ етіп жатқан оттарға, күн сайын саны көбейген биік мұнаралы крандарға қарап тұ­рып, ол жақта бұрын-соңды бол­маған бір жобаның жүзеге асы­рылып, қазақ жерінде бұрын құлақ естіп, көз көрмеген сұлу қала салынып жатқанын іштей түйсінетінмін.
Ел-елден өнер жұлдыздары ағылып келіп, рухани мол азыққа кенелдік. Жас ұрпақтың да­муы­на жоғары дәрежеде көңіл бөлінгенінің бір-ақ мысалын келтірейін. Қаншама жасөспірім дарын иесіне қатысу арман болған «Утренняя звезда» бағдарламасы бір хабарын түгелдей қазақ елінің жас өнерпаздарына арнап түсіріп, оны Юрий Николаевпен бірге менің қызым Ақерке жүргізді!

Адамдардың психологиясында да өзгеріс пайда болды, «астаналық» ұғымы орнықты. Қоныс аударушылар бұрын өздерін мұнда уақытша келгендей сезінетін. Енді кезекті еңбек демалысына кеткендер асыға оралатын болды. Тіпті Алматыдан да! «Түу, шіркін, ауасын-ай! Тұншығып әзер жеттім ғой!» дейтін болды менің әріптестерім.

Жиырмасыншы ғасырды қо­ры­тындылайтын 2000-шы жылда қаланың көркіңе көрік қосатын тағы бірнеше ғимарат пайдалануға берілді. Әсіресе, жұртшылық Жаңа алаңға қатты қуанды. Балаларымды ертіп апарып, су­бұр­­қақтан шашыраған мың-сан тамшы жанымды жадыратып, қыдырғаным есімде.
Мен үшін де бұл жаңа мәртебе әперген жыл болды. Алматыдан аттанарда ұлым вокзалға жетек­теп келген ару ақ желек жамы­лып, босағама келін боп түсті. Көңіліме нұр толды, жүрегімнен жыр төгілді:
Жалтақтама, қатал мінез
жат маған,
Еркелей кел, аппақ келін,
ақ балам.
Мен де сендей бақытыма бал ашып,
Басқа үйдің босағасын аттағам.
Еске салған сол күнімді қайтадан
Сені қалай «бөтенсің» деп
айта алам?
Босағама бақыт құсы келді деп
Құшағымды жайып тұрмын айқара! – деп жаздым мен күнделігіме «ене» деген мәртебеге ие болған сол күндері.
Қала халқы астана болғалы күрт өсіп, 2002 жылы оның жарты миллионыншы тұрғыны дүниеге келгені елең етерлік оқиға болды. Бір қарағанда бұл сәби сүйген Әбжановтар отбасының қуанышы болғанымен, оны жұртшылық өз қуанышындай қабылдаған. Астаналық рух, астаналық бірлік, ынтымақ осын­дай жайлардан туындайтын шығар, бәлкім?
Менің де өмірімдегі елеулі жа­ңалық Астананың бес жүзінші тұрғыны өмірге келген жылы болды. «Іңгәлап» менің тұңғыш немерем жарық дүние есігін ашты. Бар қиындықты жеңгенім­нің, салтанат құрғанымның белгісі деп, мен оның атын Салтанат қойдым! Биыл Салтанатым 16-ға толып, Қазақстан Республикасы азаматының паспортын алды.
Ал осыдан екі жыл бұрын астаналық Мұхамедияровтардың отбасында миллионыншы тұрғын дүниеге келіп, бұл оқиға елорданың ғана емес, еліміздің басты жаңалықтарының бірі болғанда, біздің әулетіміздің әзірше кенжесі – немерем Әли дүниеге келді.
Мен өзімді Астананың төл тұр­ғынмын, «астаналықпын» деп сеніммен айта аламын. Елдің өміріне қатысты болып жатқан қоғамдық-саяси оқиғалардың бел ортасында жүруім, үлкен жиындарда айтылған озық идеялар мен құнды пікірлерді көпшілікке жеткізетін ілеспе аудармашы болуым бір төбе болса, тікелей Астананың өзіне қатысты тарихи шешімдердің қалай туғанына куә болуым, қазақ елордасының өркендеуіне арналған жиындарда ілеспе аударма жасауым – бір төбе. Республикалық «Үздік аудармашы» байқауына қатысып, бас жүлдесін жеңіп алдым. Көптен жазып жүрген кітабым жарыққа шықты.
Ел ішінде Астананы Президенттің төл жобасы дейді. Бірнеше жыл қатарынан Елбасының Астананың құрылысына, Астананы абаттандыруға, Астананы мәдени ортаға айналдыруға, Астананы таза сумен қамтамасыз етуге, т.б. тақырыптарға арналған жоғары дәрежелі жиындарында ілеспе аударма жасай отырып, қаламен бірге тыныстадым, қаламен бірге көктедім!
Біз, қазақ елінің жаңа астанасын салып, көркейтуге келгендердің алғашқы қарлығаштары, сол игі істердің куәгерлеріміз.
Бүгін мен көк күмбезді Ақорданың алдында, гүлден ою салынған алаңда тұрып, өзім көрген кешегі Ақмола мен бүгінгі Астананы көз алдыма қатар елестеткім келді. Гүлді алаң ертегілер елінде тұрғанымдай әсер етіп, бұрынғы көріністерді көзге елес­тету де қиынға соқты. Оған тіпті де ренжіген жоқпын, керісінше, кеудемді қуаныш, мақтаныш кернеді. Бұл – елімнің, елордамның сенімді бүгініне, көз арбаған көркіне, салтанатты сәулетіне, талай қиындықты тізе бүктірген әлеуетіне деген мақтаныш! Ал ертеңі бұдан да нұрлы болатынына еш күмән жоқ.
Өркендей бер, қазақ елінің астанасы!

Камал ӘЛПЕЙІСОВА, жазушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button