Саясат

Елді елең еткізген [14 маусым]

АҚШ ПЕН КХДР КЕЛІСІМГЕ КЕЛДІ

Маусымның 12-сінде АҚШ пен КХДР лидерлерінің көпшілік күткен кездесуі болып өтті.

Кездесудің қорытындысы бойынша Дональд Трамп пен Ким Чен Ын Вашингтонның Солтүстік Корея қауіпсіздігіне кепіл беретіні, ал корейлер өз кезегінде өзінің ядролық қаруын жойып жіберетіні туралы құжатқа қол қойды.
Бірақ соған қарамас­тан, КХДР жағының қазір қаруларын бірден құртып жібере салмайтыны белгілі. Мұның саммиттен кейін Ақ үйдің қожайыны да айтты. Ол, сонымен қатар, Солтүстік Кореяға таңылып отырған санкцияның әзір алынбайтынын мәлімдеді. «Мұның бәрі алғашқы қадам ғана. Корей түбегіндегі екі елді жарқын болашаққа бастайтын күндер әлі алда» деді Трамп.
Бұған қоса, кездесу барысында екі лидердің бір-бірлерін өз елдеріне қонаққа шақырғаны да белгілі болды.

«ТАЛИБАНДАР» ТАЛАБЫ – ТІКЕЛЕЙ ТІЛДЕСУ

Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысының көсемі Хайбатулла Ахундзада АҚШ-ты бейбіт келісімді бастауға шақырды.

Ол осы арқылы Ауғанстанда көп жылдан бері жалғасып келе жатқан мемлекет пен қозғалыс арасындағы текетіреске нүкте қоюға болатынын мәлімдеді.
«Егер Американың ресми тұлғалары жанжалды бейбіт жолмен бітіруге сенетіні рас болса, дереу бізбен тікелей тілдесу жүргізілетін келіссөз үстеліне отыруға тиіс, – деді «Талибан» басшысы. – Бұл тарапта америкалық жоғары лауазымды шенеуніктер тарапынан жіберіліп келе жатқан ең үлкен қателік олардың барлық уақытта күш көрсетіп, қысым жасаудың әрдайым оң нәтиже әкеле бермейтінін ескермей келеді».
Талибтер көсемі сондай-ақ «Ауғанстанды құтқарып қалудың жалғыз жолы – АҚШ пен НАТО-ның операциясына қатысушы елдер әскерлерін бұл жерден жедел алып кету» екенін ашып айтты. «Бізге жасалған шешімді қолдау сол болады» деді Ахунзада. Ол ауған халқына залал әкеліп отырған қирату тірліктерін тоқтатудың бірден-бір жолы бейбіт келісім екенін атап өтті.
Ауғанстан президенті 7 маусымда Рамазан айы аяқталғаннан ке­йін «Талибан» қозғалысымен біржақты бітімге келу енгізілетінін жа­рия­лаған еді.

МАКЕДОНИЯНЫҢ ЖАҢА АТАУЫ АНЫҚТАЛДЫ

Бұрнағы күні Скопье мен Афина Македония республикасының ресми атауы қалай болуы керектігі жөнінде келісімге келді.

Бұл туралы Македо­ния­ның премьер-министрі Зоран Заев баспасөз мәслихатында мәлімдеді. «Біз тарихи келісімге қол жеткіздік… Енді «Солтүстік Македония Республикасы» деген атау барлық тілдерге аударылады» деп атап өтті ол. Заев сонымен бірге осындай біржақты келісімге келудің елдің келешектегі дамуына да кепілдік беретінін айтты.
«Осы талас мәселесін шеше отырып, біз екі дос­тас елдің арасындағы қарым-қатынасты жақсарта түсудің жолдарын да қарастырдық. Біздің азаматтарымыз үшін экономикалық жаңалықтар ашып беру – енді өз қолымызда. Біз елді оқшауландырудан алып шығу үшін көп жылдар бойғы таластың жайын екі жақ үшін оң­тайлы шеше алдық».
Мәселе мынада, Македония атты тарихи жер Грекияда да бар. Ондағы тұрғындар атақты Александр Македонскийдің дүниеге келген отанын жұрттың шатастырып алмауы үшін бұрынғы Югославия құрамынан бөлініп шыққан елдің бұлайша аталмауын талап етіп келген болатын.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button