Басты ақпаратТағзым

ҚАРА СӨЗДІҢ ҚАБЫРҒАСЫ ҚАЙЫСТЫ

5

ҰЛТТЫҢ РУХАНИ ҰСТАЗЫ

Ұлттың ұлы тұлғасы, қазақтың Әбіші дүниеден өтті деген суық хабарды естігенде, үстіме біреу мұздай су құйып жібергендей күй кештім. Өте ауыр қаза. Қазақ әдебиеті ғана емес, қазақ қоғамының бір алып бәйтерегі құлады. Алашқа бір кісідей еңбегі сіңген, қазақты бір белеске көтерген абыз, ғұлама адам арамыздан бақиға аттанып барады.
Әбіш Кекілбаев қазақ мәдениетіндегі орны айырықша, білімі телегей дариядай асқар шыңдарының бірі әрі бірегейі еді! Мен мектепте оқып жүрген кезімнен-ақ Әбіш ағаның өлеңдерін оқып, оны ақын деп танып, кейін студенттік шағымда тамаша публицистикалық шығармаларына қаныққан жандардың бірімін. Сол балаң мұрты жаңа-жаңа тебіндеп келе жатқан жігіт шағында-ақ Әбіш бізге рухани ұстаз бола білді. Оның «Шыңырау», «Бәйгеторы», «Ханша дария хикаясы», «Аңыздың ақыры», «Құсқанаты», тағы да басқа туындылары – әдебиетімізді биік белеске көтерген көркем прозамызға жаңа жол салған қайталанбас туындылар. Асыл ағаның кең пейіліне, шалқар ақыл-парасатына, ғаламат білімдарлығына қатты қызығатын едім. Мен әлемдік деңгейдегі жазушылардың көбінің шығармаларымен етене таныс адаммын. Осы тұрғыдан келгенде Әбіш Кекілбаев – қаламгер ретінде көш басында тұрған әлем әдебиеті мықтыларымен терезесі тең ғұлама жазушы.
Бұл кісінің қазасы ауыр болғанымен, бізді өзінен кейінгі інілерін, қалам ұстаған жұртшылықты есейтіп жіберді деп ойлаймын. Себебі, ортамызда маңдайы жарқырап, қасқайып отыратын кемеңгер ағамыз жоқ. Ендігі жерде кемеңгерлікті іздейміз, яғни, соған сай Әбіштің інілеріне үміт артамыз. Өмір жалғасуда, Әбіш Кекілбаев – үлгілі, өнегелі іс тындырып, мазмұнды, мағыналы ғұмыр кешкен жан. Соңында мол мұрасын қадірлейтін, қастерлейтін, пір тұтатын бір қауым ұрпақ қалды.
Алдыңнан жарылқасын абзал аға, ел ағасы! Біз сізбен мақтанып, бір ауыз сөзіңе бас ұратын едік. Жанды қарыған ызғарлы суық жел азынап, қазақ қара сөзінің қабырғасы қайысып, қайғының қара тасы желкеден батпандай басқан ауыр жағдайда қалып отырмыз.
Жаратушымыздың қазақ еліне берер ырыс-несібесі сарқылмасын! Әбіш өлмейді. Енді оның мәңгілік екінші өмірі басталады. Кемеңгер жазушының соңында қалған өшпес мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, ұлықтай берейік!

Ғарифолла ЕСІМ,
қоғам қайраткері, академик

ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ ЗАҢҒАР ТҰЛҒАСЫ

Біз енді жас кезімізден Әбішпен құлын-тайдай тебісіп бірге өстік. Әдебиетке қатар келген бір буын болдық. Жақсы жазылған шығармаларымыз жарық көрсе бірге талқыладық. Ол әдебиетке үлкен дайындықпен келді. Әбіштің алғашқы романы «Үркерді» үш күн бойы талқылағанымыз есімде. Осы айтулы туынды бүгінгі күні менің кітапханамның төрінде тұр. Біз отбасымызбен араластық. Жас кезімізде Алматыда жүргенде бізді «батыс, шығыс, оңтүстік» деп жерге бөлген ағаларымыз болды. Бірақ біз оған бөлінбедік. Астанаға көшіп келгеннен кейін тіпті жақын болып кеттік. Әбіштің анасы Айсәуле апамыз ғажайып кісі еді. Қолынан талай дәм таттық. Қазақы дәстүрмен ерекше киінетін. Анасы дүниеден озғанда, Маңғыстауға бірге бардым.
Бүгін енді Әбіш жайында сөз айтуға қиналып тұрмын. Естіген қаралы хабарға алғашқыда сенбедім. Үмітімді үзбей, бір жақын кісіге хабарластым. Сосын барып сендім. Өмірдің баянсыздығы деген – осы. Ол – жазушылығымен қатар қайраткерлік болмысымен үлкен тұғырға көтерілді.
Әбіш – өз шығармаларымен болашаққа жол салған ерен тұлға. Көптеген адамдар ұрпағымен мың жасаса, Әбіш өз іс-әрекетімен тарихта мәңгілік қалады. Әбіштің озық ойлы, көркемдігі биік шығармалары қазақ деген оқырманның сөресінде мыңдаған жылдар тұрады деп ойлаймын.

Әкім ТАРАЗИ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері

ӘЛЕМ  ТАНЫҒАН  ӘБІШ

Әбіш Кекілбайұлының дүние салғанын естігенде қаламгерлердің талайының жүрегі қайғы қауып, тебіренген де болар. Әбішті өткен ғасырдан біліп, шығармаларын оқып үйрендік. Менің «Қан жоса ғасыр» кітабына алғысөз жаза отырып, аштық нәубеті, қуғын-сүргін жылдарын нақты дерекпен жазғаның құнды, былайша саяси памфлет деуге болады екен деп еді.
Әбіш шығармалары қазақ әдебиеті ғана емес, әлем әдебиетіне үлес қосқанын Финляндияның Хельсинки қаласындағы әлемдік кітапханада Шыңғыстың «Жәмиласы», Әбіштің «Құс қанаты» кітаптарының фин тіліндегі оқушыларына жеткеніне қуанғаным есімде. Бүгінде қатыгез ажал әдебиетіміздің бір бәйтерегін құлатқаны қабырға қайыстырар қайғы.

Табыл ҚҰЛЫЯС,
жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері

ӘЛЕМНІҢ СЕҢГІРІНЕ САМҒАП КЕТТІ

Қазақ әдебиеті әлемін қара бұлт басты. Астанадан тараған қаралы хабар қалың елдің қабырғасын қайыстырды. Жарты ғасырдан астам уақыт қазақ әдебиетінің қазыналы жүгін қара нардай көтеріп келген Әбіш Кекілбайұлы дүниеден өтті. Осы жылдар ішінде қазақ әдебиетінде «Әбіш әлемі», «Кекілбаев кеңістігі» деген бір кезең қалыптасқан еді. Енді сол дәуір мәңгілікке айналды. Кекілбаевтың өлмейтін екінші өмірі басталды.
Кекілбаев ғажайып жазушы ғана емес, өзінен кейінгілерге ұлағатты ұстаз болды. Ұрпаққа азық болар мәңгілік мұра қалдырды. Қалған жерлердегі қанағат – сол.
Қайырымы мол, қадірі ерек қайран аға, жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын!

Халықтың кемсеңдеген иегінен,
Қаралы үн естілді күй елінен.
Қанаты қайырылғандай қара сөздің,
Домбыра айырылғандай тиегінен.

Қалың ел әр сөзіне елеңдеді,
Ескерткіш қалды артында –
Ер еңбегі.
… Әлемнің сеңгіріне самғап кетті,
Қазақтың қайран Әбіш –
Кемеңгері!

Серік Тұрғынбекұлы,
ақын

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button