Басты ақпаратЖаңалықтар

АСТАНА ӨҢІРЛІК ХАБҚА АЙНАЛАДЫ

14

Кеше өткен қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы дүниеден озған аса көрнекті қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевты бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Сессияның күн тәртібінде он сегіз мәселе қаралды. Соның ең ауқымдысы – 2016-2020 жылдарға арналған Астана қаласын дамыту бағдарламасының жобасымен қала әкімінің орынбасары Андрей Лукин таныстырды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Астананы зерттеушілерді, студенттерді, кәсіпкерлерді, барлық өңірлерден туристерді тартатын Еуразияның іскерлік, мәдени, ғылыми орталығына, сондай-ақ өнірлік хабқа айналдыру және өмір сүру сапасы жағынан әлемдегі үздік жүз қаланың қатарына енгізу мақсаттарын қойғанын атап өткен А. Лукин бұл бағытта әкімдік халықаралық рейтингтік компанияларымен бірлесіп, жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.
«Moody’s» агенттігінің зерттеуінше, ағымдағы жылы Астанаға «Baa 3» рейтингі беріліп, бас шаһарымыз «тұрақты» деген болжамға ие болды. Бұл – елордада тартымды инвестициялық ахуал қалыптасқанын білдіреді.
«Қазіргі таңда Астана Барселона, Стамбул, Мадрид, Рига қалаларымен бір сатыда тұрса, Миланнан бір деңгей төмен орналасқан. «Smart сity» яғни «Ақылды қала» рейтингі бойынша Астана әлемде 21-ші орынды иеленіп отыр. «Mercer» және «Экономист» агенттіктерінің зерттеу қорытындылары Астана 2012-2014 жылдары денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік-мәдени қызмет көрсету, көлік инфрақұрылымының дамуы салалары бойынша дамыған қалалардың арасында орташа деңгейде тұрғанын анықтады. Сондықтан әкімдік ел Үкіметімен бірлесіп, 2050 жылға қарай Астананы әлемдегі үздік 10 қаланың қатарына енгізу мақсатында тұжырымдама әзірлеп, бекітті. Бұл тұжырымдаманы іске асырудың алғашқы кезеңінде, яғни 2020 жылға дейін Астананы замануи және өмір сүруге жайлы мегаполиске айналдырудың негізі қаланады» деді әкім орынбасары.
Оның айтуынша, қаладағы бизнес және қаржы секторындағы қызмет көрсету ісінде ілгерілеу бар. Жоғары технологиялық және ғылымға негізділген өндіріс ошақтары кешенінің өрісі де кеңейіп жатыр. Сонымен қатар «ақылды қала» технологиясын енгізетін инфрақұрылым да жасалған. Медициналық және ғылыми-білім беру бағыттарындағы кластердің дамуы да байқалады. Осының бәрі бәсекелестікке төтеп беруге мүмкіндік береді.
Алайда, олқылықтар да жоқ емес. «Көліктік-логистикалық жүйенің даму көрсеткіші мардымсыз. Тұрғын үй-коммуналдық желілер тозуының көрсеткіші де жоғары. Қалада баламалы энергия көздері жоқ. Туризм саласындағы жұмыс та көңіл көншітпейді. Мәдениет саласындағы қызмет көрсету жайы халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді. Қаланың шеткері аумағы мен оған жалғасатын Ақмола облысының агломерациясы экономикалық және инфрақұрылымдық жағынан олқы соғып тұр» деген баяндамашы олқылықтарды жоятын және қаланы дамытуға негізделген алты негізгі бағытты атап өтті. Олардың қатарына экономика, әлеуметтік сала, қоғамдық қауіпсіздік, инфрақұрылым, экология және мемлекеттік қызмет көрсету салалары кіреді. А. Лукин осылардың барлығы қалай іске асатынын егжей-тегжейлі баяндады. Қорытындысында мәслихат депутаттары ұсынылған қаланы дамыту бағдарламасының жобасын қолдады.
Одан кейін Астана қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жанат Нұрпейісов қаланың 2016-2018 жылдарға арналған бюджетімен таныстырды. Мәслихаттың тұрақты комиссияларының есебі тыңдалды. Бірқатар шешімдерге толықтырулар мен өзгерістер енгізілді.
Соңында мәслихаттың келесі жылға арналған жұмыс жоспары талқыланып, әр сессияда айтылған сын пікірлер мен ұсыныстардың орындалу барысы қаралды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button