Қоғам

Қаржының түсуі мен жұмсалуы ашық болуы тиіс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайырымдылық, волонтерлік ұйымдардың және бизнес-сектордың өкілдерімен онлайн форматта кездесу өткізді. Президент өз сөзінде қайырымдылық пен волонтерліктің пандемия кезінде жалпыұлттық сипат алғанын атап өтіп, оның әлеуметтік нормаға айналғанын және халықтың дұрыс қабылдағанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев осындай қиын-қыстау кезде сырт қалмай, отандастарына көмек қолын созған, мейірімділік, ізгілік танытқан әр азаматқа ризашылық білдірді.

«Асар деген ата дәстүрімізді сақтап келе жатқанымыз қуантады. Пандемия кезінде де еріктілер аянбай еңбек етіп, ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Олар күндіз-түні дәрігерлермен және тәртіп сақшыларымен бірлесіп, індетпен күресті. Қайырымды жандар ортақ іске жан-жақты қолдау білдірді. Елбасының бастамасымен құрылған «Біз біргеміз» қорының жұмысын ерекше атап өткім келеді. Бұл игі бастамаға мыңнан астам азамат қаржылай үлес қосты. Біз осындай ұйымшылдықтың және жауапкершіліктің арқасында ахуалды тұрақтандыра алдық. Мұның бәрі – елдіктің және береке-бірліктің жарқын көрінісі» деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлік қызметті дамыту, қайырымдылық пен меценаттыққа қолдау көрсету мемлекетіміздің ұзақ мерзімді басымдығы деп санайды. Волонтерлік іспен айналысу – патриотизмнің жарқын көріністерінің бірі. Мемлекет басшысы жариялаған Волонтер жылы азаматтарымыздың көпшілігін қайырымды іс төңірегіне топтастырды. Қазақстандықтардың ұсынысы бойынша жасалған көптеген қайырымдылық және волонтерлік жобалар – соның дәлелі.
Президенттің тапсырмасы бойын­ша түсінікті әрі тиімді құқықтық механизмдерді қамтитын Қайырымдылық туралы заң әзірленуде. Бүгінде қайырымдылық жобаларға бағытталған ірі бизнес табысын 3 пайыз, шағын және орта бизнес табысын 4 пайыз көлемде салықтан босату заңнамалық тұрғыда қарастырылған. Бірақ шағын және орта бизнес бұл жеңілдіктерді пайдаланбай отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған жағдайға талдау жасап, осы бағытта тиісті жұмыс жүргізуге тапсырма берді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button