Сұхбат

ҚАЗАҚ КҮЙЛЕРІ ҚОҒАМЫН ҚҰРАМЫЗ

Айтқали ЖАЙЫМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ҚАЗАҚ КҮЙЛЕРІ ҚОҒАМЫН ҚҰРАМЫЗ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айт­қали Жайымов – музыка әлеміндегі белгілі есім. Өзі туған Атыраудан Алтайға дейінгі аралықтағы ұлан-ғайыр даламызды жайлаған жұртқа таныс тұлға. Іздейтін болсақ, тіпті елімізден тыс жерлерде оның өнерін мойындайтын біраз адам табылады. Он жылға жуық уақыт Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі-бас дирижері болып отырған дәулескер күйші, көрнекті композитор ұлттық музыканың дамуына өлшеусіз үлес қосты. Өнеріміздің өрістеуіне әлі де еңбегін сіңіруде. Шығармашылық кешінің қарсаңында музыка майталманымен сұхбаттасудың сәті түсті.

ҰСТАЗДАРДАН ЖОЛЫМ БОЛДЫ
– Айтқали аға, биыл жетпістің жотасына көтерілдіңіз. Мерейтойыңызды сізді сыйлайтын ел-жұртпен бірге сахнада атап өткелі жатырсыз. Өнеріңізді өміріңізге айналдырған жансыз. Сізді осы жолға жетелеп әкелген музыкаға деген құштарлық па, әлде оның басқа себептері бар ма?
– Рақмет! Әкем Тілепқали мен анам Күмісай екеуі де ән салатын. Әкемнің оның үстіне домбыра тартатын өнері бар еді. Мен де ес білгелі қолыма домбыра ұстадым. Әкемнің Қуаныш дейтін ағасы болды. Сол кісі кешегі сал-серілердің сарқытындай домбыраны шебер шертіп, қазағымның бұл аспабын өзі шабатын. Өкінішке қарай, бұл ағамды көре алмадым. Ол 1939 жылы әскерге шақырылды. Артынша Ұлы Отан соғысы басталып, 1943 жылы Минск қаласын азат ету кезінде қаза тапты. Әкем де соғысқа қатысып, екінші топтағы мүгедек болып оралды. Анам он үш құрсақ көтерді, мен соның үшіншісімін.
Ата-анамыз күні бойы жұмыста болғаннан кейін бізді, негізінен, әжеміз Қырмызы қарап, тәрбиеледі. Сосын аймаққа белгілі ұстаз, аудандық мектептің директоры, ауданда домбыра оркестрін құрған Елгелді Меңдияров дейтін туысымыз болды. Сол кісі маған алғашқы домбырамды әкеп берді. Мені ауданға алып кетіп, орталықтың мектебінде оқытты, күй үйретті. Жазда каникулға ауылға келгенде, әжем музыкаға құштарлығымды көріп, сырнай сатып әперді. Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенімде мектепте домбыра ансамблін құрдым.
Әртүрлі шараларда өнер көрсетіп, көзге көрінген болуым керек, оныншы сыныпта аяқ астынан жанымыздағы А.Островский атындағы сегіз жылдық мектептің ән-күй пәнінің мұғалімі болып шыға келдім. Ол уақытта музыкадан сабақ беретін адам жоқ, сол мектептің директоры мен оқу ісінің меңгерушісі мені аттай қалап, шақырып алды.
Өзім мектеп бітіргеннен кейін туған ауылымда мұғалім болдым. Облыс орталығына түрлі концерттерге барып жүргенде, Атырау музыкалық училищесінің директоры Сейілхан Құсайыновтың көзіне түстім. Бір күні Атырауға мұғалімдер курсына келгенімде «Не істеп жүрсің?» деп сұрады. Училищеге қабылдау емтихандары аяқталса да, мен үшін комиссия шақырып, оқу орнына өзінің сыныбына қабылдады. Ол уақытта мен домбыраны да, баянды да, мандолинаны да тартатынмын. Бірақ Сейілхан аға домбыраға ден қоюымды қалады. Содан осы жолмен кеттім ғой.
Ұстазым Мәдениет министрлігіне қызметке шақырылғаннан ке­йін Боздақ Рзаханов есімді тамаша музыка маманынан оқыдым. 1969 жылдың көктемінде училищеге Латиф Хамиди келді. Оның алдында күйлерімді тартып, әйгілі композитордың батасын алдым.
Училищені бітіріп жатқан кезде мемлекеттік емтихандарды қабылдау комиссиясының төрағасы болып Болат Сарыбаев келді. Сол кісі маған консерваторияға жолдама жазып берді.
– Білуімше, консерваторияға сәл кейіндеу түсіпсіз. Оның сырын ашсаңыз.
– Училищеден кейін аудан басшылығы маған қолқа салып, музыка мектебіне директор болуымды қалады. Олардың өтініштерін жерге тастай алмадым. Содан консерваторияда оқудың орнына мектепте жұмыс істеуге тура келді. Одан бір жыл өткенде барып консерваторияға түстім.
– Моңғолияда жұмыс істегеніңіз бар екен. Ол жаққа қалай барып жүрсіз?
– КСРО Мәдениет министрлігінен біздің тиісті министрлігімізге хат келді. Онда Ұлан-Батырға шығыстың аспабында ойнайтын дирижер маман керектігі туралы айтылған. Ол уақытта консерватория ректоры Ғазиза Жұбанова еді. Бастығым мені жіберуді жөн деп тапты. Моңғолияда екі жыл сабақ бердім, кеңесші болдым. Оркестрді, хорды, би өнерін бір арнаға тоғыстырған ұжымды басқардым. Сол елде елуге тарта шығарманы – шетел, орыс және қазақ композиторларының туындыларын оркестрге түсіріп кеттім.

ҰЛТТЫҚ АСПАПТАРЫМЫЗДЫ ЗЕРТТЕУДІ ЖАЛҒАСТЫРУ КЕРЕК
– Өнеріңіздің өрістеуіне Болат Сарыбаевтың ықпалы болғандығын айттыңыз. Ол кісіні музыкатанушы, қазақтың сандаған аспаптарын тірілткен адам ретінде де білеміз. Сіз де Құрманғазы оркестрін басқарған жылдары бірнеше аспаптан топтарды қосыпсыз. Осы жағын тарқатып айтып берсеңіз.
– Алдымен мынаны айтайын: моңғолдарда біздің қылқобызға ұқсайтын моринхур дейтін ұлттық аспап бар. Бұл аспапты шебер Денис Яровой жетілдіргеннен кейін одан мақпалдай дыбыс шыға бастады. Сол елде жүргенде осыны байқап, домбыра мен қылқобыздың құрылымы туралы ойландым. Содан эксперимент ретінде «Әсем қоңыр» атты оркестр құрдым. Сыныбымда ассистент болған марқұм Жұмагелді Нәжімеденов домбыраны жетілдіру үшін ғылыми-зерттеу жұмысын жаза бастады. Ұлттық аспаптарымыз­дың үнін жақсарту үшін әлі де зерттеуді жалғастыру керек. Соны қолға алатын адамдар табылса деп ойлаймын.
Ал Құрманғазы оркестріне еліміз үшін қиын-қыстау тоқсаныншы жылдары келдім. Ол уақытта Шамғон Қажығалиев Қарағандыға ауысып кетіп, орнына мен шақырылдым. 1991 жылдың сәуір айының басында оркестрде 28 музыкант қана қалды. Мамыр айына қарай әріптестерім мен шәкірттерімді шақырып, олардың санын 61 адамға жеткіздім. Алғашқы мәрте оркестрге қылқобыз және шертер топтарын қостым.
Консерваториядағы халық аспаптары факультетінде «Шертер» арнайы сыныбы мен «Сыбызғы», «Сазсырнай», «Жетіген» факультатив сыныптарының ашылуына мұрындық болдым. Домбыра кафедрасы жанынан «Дәстүрлі ән» сыныбының жұмысын бастауына бастама көтерген адамдардың бірі де өзіммін.
– Ұлыңыз Арман да композитор. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді. Оған отбасында алған тәрбиенің әсері болды деп ойлайсыз ба?
– Иә, кішкентайынан музыкаға құштар болды. Айтыс теледидардан алғаш шығып жатқан кезде қолына домбыра алып, үйге келген кісілерді айтысқа шақыратын. Кейін А.Жұбанов мектебінің фортепиано сыныбын бітірді. Консерваторияға фортепианоға түсіп, қосымша композиторлықты оқыды. Құдайға шүкір, қазір музыкасы елімізге, шетелге де танылып жатыр, дискіге де жазылуда. Ұлымның маған еліктейтіні де бар шығар.
– Шатаспасам, Арманмен «Бейбарыс сұлтан» операсын бірігіп жаздыңыз ғой. Осыған кеңірек тоқталып өтсеңіз.
– Белгілі тұлғаларға қатысты Қазақстанда қызықты деректер шыға бастаған кезеңде досым, танымал опера әншісі Ғафиз Есімов маған «Бейбарыс сұлтан» толғауын жазуды ұсынды. Музыкасын жазып, бір концертте орындадым. Жұрт жылы қабылдады, ал Ғафиз тіптен арқаланып: «Бұл Бейбарыстың дайын ариясы ғой! Сенде оркестрге, хорға арналған шығармалар, романстар да бар. Енді опера жазатын кезің келді» деген ұсыныс айтты. Басында біраз күмәнданып, ақыры Арманмен бірге жазуға бел байладым. Содан екеуміз бірнеше жыл «Бейбарыс сұлтан» операсын жаздық. Либреттосын жазуға белгілі ақын Ұлықбек Есдәулетті көмекке шақырдым. Операның тұсауы осыдан төрт жыл бұрын Астана филармониясында кесілді. Басты партияларды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов, Бибігүл Жанұзақ және Бейімбет Таңарықов орындап, жақсы алып шықты.
– Аға, қуанышты да, қайғыны да көрдіңіз. Көрнекті композитор Сейдолла Бәйтереков әке атанғанда қатты қуанып, «Кішкентай» композициясын жазған деген әңгімені естіген едім. Сіздің «Шаттанамын» деген күйіңіз бар. Осы күй тарихын білгіміз кеп отыр.
– «Шаттанамын», «Еркін елім» сияқты күйлерім еліміз тәуелсіздік алғанда жазылды. Бодандықтың бұғауынан босап, азаттық алғанымызда ел қалай қуанса, шығармашылық адамдары солай шаттанды. Сол қуаныштан жүрегімнен бұл туындылар шықты.

ТҰҢҒЫШ КҮЙІМДІ ӘЖЕМЕ АРНАДЫМ
– Жалпы, композиторлыққа қалай келдіңіз?
– 1965-1966 жылдары ауылда жүргенде ән шығара бастадым. Бозбалалық шақтағы алғашқы махаббат сезімінің әсері ғой. Ал тұңғыш күйімді әжеме арнап 1967 жылы жаздым. Содан училище, консерваторияда оқығанда жалғас­тырдым.
– Астанаға келгеніңізге он жылға жуықтап қалыпты. Бас қалаға арнайы шақыртумен келдіңіз бе?
– Иә. Оның алдында бас қалаға түрлі конкурстарға, фестивальдерге қазылар алқасының мүшесі болып келіп жүрдім. Негізінен, Астанаға 1997 жылдан шақыра бастады. Әуелі «оркестр ұйымдас­тырыңызшы» деген ұсыныс түсті. Одан соң елордаға кеп жатқан оркестрдің соңынан келу туралы өтініш айтылды. Ақыры 2008 жылы келдім ғой. Қазақ оркестрі менің сүйікті перзентіме айналды. Оркестрде қолданылатын музыкалық аспаптар саны жағынан республикамызда бізден асатын ұжым жоқ. Репертуарымыз да бай.
Құрманғазы оркестріне жетекшілік еткенімде, менің ұсынысыммен домбыраларды бір шебер бір ағаштан жасады. Мұның ұтатын тұсы – ұжым шығарманы орындағанда тыңдармандар көрмесе де, қай оркестр екенін бірден таниды. Астана филармониясының қазақ оркестріне де болашаққа сондай домбыраларды алдырамыз.
Қазір домбыра жасау әдісі де өзгерді. Бұрын оны жасау үшін ағашты табиғи тұрғыдан ұзақ кептіретін. Бүгін ағашты әкеледі де, электрдің күшімен тез кептіріп, домбыра жасай салады. Бір-екі айдан кейін, әрі кетсе бір жылдан соң сондай домбыраның ағаштары қисайып, үні де дұрыс шықпайды. Әр нәрсенің өзінің заңдылығы, реті бар.
– Баяғыда Эммануил Романенко деген домбыра жасайтын шебер болғанын білем. Қазір соның жасаған домбыраларын ұстап жүрген таныс күйшілерім де бар. Олар сол домбыраларын мақтайды. Сіз қай шеберге жүгінесіз?
– Өзім көбінесе Жолаушы Тұрдығұлов дейтін шебердің домбыраларына ден қоям. Сосын ағаштың сапасына көп нәрсе байланысты. Қазір шеберлер жеке-жеке жұмыс істейді. Ал үлкен бір орталық болса, жұмыстың ауқымы да кеңейер еді деп ойлаймын.
– Атақты «Қоңыр» күйінің авторы Әбікен Хасеновтің осы күйін кез келген домбырамен тарта алмайсың деген әңгімені таяуда ғана естіп едім. Сіз бұған не дейсіз?
– Бұл – рас. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары көптеген домбыраның шанағы үлкен болып жасалды. Ондай домбыраға көбінесе ішектің күші жетпей, аспаптың үні дұрыс шықпады. Шағындау домбыра керісінше. Ішек шертілгенде шанақтың бүкіл ауданын қамтып, тербетіп, дыбысы жақсы тарайды. Сосын шертпе күйге қалақ домбыра, төкпе күйге батыстың қозықұйрық домбырасы келеді.

ДАРЫНДЫ ЖАС ДИРИЖЕРЛЕР ӨСІП КЕЛЕДІ
– Елімізде түрлі музыкалық конкурстар, фестивальдер өтіп тұрады. Солардың ішінде өнерге берері көп, музыка мамандары мен көрермендерді қызықтыратын байқауларды атап бере аласыз ба?
– Биыл Астанада кезекті мәрте Нұрғиса Тілендиев атындағы халықаралық байқау өтті. Оған алғаш рет «Симфониялық оркестр дирижері» аталымы қосылды. Конкурсанттар мен қазылар алқасының мүшелері әр елден жиналды. Конкурс өте қызықты өтті. Өзім қазылар алқасының төрағасы едім, қатысушылардың кәсіби деңгейі жоғары болғандықтан баға бергенде біраз қиналдым. Көпшілік біздің филармонияның симфониялық оркестрінің бас дирижері Ернар Нұртазинді бірінші орынға лайық деп тапты. Осы жағдай мені қатты қуантты.
Сондай-ақ, осы жылы дирижерлердің Шамғон Қажығалиев атындағы ІІІ республикалық байқауы өте биік дәрежеде ұйымдастырылды. Осы екі байқау Қазақстанда талантты жас дирижерлер өсіп келе жатқанына менің көзімді жеткізді.
– Жалпы, елімізде дирижерлікті де ән мен күй өнері сияқты мектептерге бөліп қарастыруға бола ма?
– Әр өнердің классикалық бағыты болады. Біздің негізіміз – кеңестік мектеп. Сосын ұстазға көп нәрсе байланысты. Яғни, кімнен оқысаң, соның мәнерін бәрібір аласың. Өнерпаздың дүниетанымы, табиғаты да үлкен мәнге ие. Ал ән мен күйге келсек, мектебіміздің көптігін зор байлық, халықтың ұлылығы деп білем. Себебі домбырамыз – бір, қобызымыз – бір, тіліміз – бір, діліміз – бір. Яғни, мәдениетіміз ортақ.
– Ақмола облыстық филармониясына таяуда Үкілі Ыбырайдың аты берілді. Астана филармониясының да, өзіңіз жетекшілік ететін қазақ оркестрінің де аты жоқ. Өзіңізге тікелей қатысы бар бұл ұжымдарға белгілі музыка майталманының аты берілуі керек сияқты, қалай ойлайсыз?
– Әрине, өнерімізге еңбек сіңірген, халық танитын тұлғалардың атымен мәдени ошақтарды, өнер ұжымдарын атау керек. Біздің ұжымдарға келсек, оған уақыт керек деп ойлаймын. Әр нәрсенің реті болады. Оған ойланып барып келу қажет. Қазақ кез келген дүниенің аты болғанын дұрыс көреді. Негізі, өмірден өткен айтулы тұлғаны есте сақтау үшін бұл – құптарлық іс. Белгілі бір өнер ұжымына аты берілсе, сол ұжым сахнаға шыққан сайын кейінгі жастар тұлғаны тани түседі.
Шетелде олай емес екенін айта кетейін. Мәселен, Берлин филармониясы немесе Берлин филармониясының оркестрі болып атала береді.
– Жазушылар одағы, Жыршылар мен термешілер және айтыс ақындары одағы сынды қоғамдық ұйымдар қазір жұмыс істеп отыр. Сіз Күйшілер одағын құру туралы бастама көтердіңіз деп естіп едім.
– Біз «Қазақ күйлері қоғамы» деген ұйым құрмақпыз. Бірақ қазір онымен айналысуға уақытым болмай отыр. Ол ұйымды құрудағы мақсатымыз – белгілі бір мезгілдерде жиналып, музыка өнеріндегі өзекті мәселелерді талқылау, кейінгі жастарды тәрбиелеу, өмірден өткен музыканттарға арнап кештерді өткізу. Бұл жоспарымыз­да әлі бар. Амандық болса, қолға алармыз деп ойлаймын.
– Қазір қазақ күйі мен күйшілердің зерттелуіне көңіліңіз тола ма?
– Бұл жағы әлі дұрыс болмай жатыр. Оны зерттеу үшін күйлердің өзін ғана емес, тарихын жақсы білу керек. Күйді кім жеткізді, шығарма қалай дамыған, өсіп жатыр ма, өшіп жатыр ма деген сұрақтарға жауап бере білу қажет. Оны білетін адам жазуы тиіс. Бірақ теориялық тұрғыдан, ғылыми жағынан талдайтын зерттеушілер тапшы боп тұр. Көбісінің күйді зерттеуге тісі батпай жатыр.
– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттық код туралы айтылады. Осыған пікіріңізді білдірсеңіз.
– Бұл адамға ой салатын, бағыт-бағдар сілтейтін мақала ғой. Соның аясында қазір көп нәрсе атқарылуда. «Туған жер» бағдарламасын алайық. Кәсіпкерлер немесе зиялы қауым туған жеріне барып, көмек жасап жатыр. Осыған Елбасы мақаласының белгілі бір әсері болып, түрткі болды деп ойлаймын.
– Ақындардың ауылға барып немесе табиғат аясына шығып, шабыттанатыны бар. Өз басым олармен араласқанда «қала шаршатып жіберді» деген әңгімені көп естимін. Композиторға қалай екен? Қаладан жалықпайсыз ба? Жалпы, шабытты қайдан аласыз?
– Үйреншікті жерден басқа жерге барғанда адамда бір сезім пайда болады. Әсем қалаға келгенде де әсерленесің. Әрине, кабинетте отырып түк бітіре алмайсың. Жүру керек, көру керек. Жалпы, әр нәрседен жақсы әсер ала білу керек.
– Сұрақты басқаша қойсам, өзіңіз Астанада қай жерге барып демалғанды ұнатасыз?
– Астанада қазір саябақтар көбейіп келе жатқаны қуантады. Әсіресе, «Пирамиданың» артындағы саябақты ұнатып, сол жерде серуендегенді қалаймын. Ол маңайда өзен де, ағаш та кездеседі. Сосын филармония ғимараты жанында кішкентай гүлзар бар. Бұл жерде жүргенде де көңілің жайланады.
– Тұлғаңызға қарағанда, спортпен де айналысатын сияқтысыз.
– Жасымда спортпен айналыс­тым. Қазір таңертең оянғанда міндетті түрде дене жаттығуын жасаймын. Сосын дирижерлік мамандық та спорттың бір түрі сияқты. Күндізгі сағат 10-нан 12-ге дейін оркестрмен тік тұрып дайындық жасаған да бір жағынан денсаулыққа пайдалы. Ол да адамнан ширақтықты қажет етеді.
– Кезінде музыка мэтрі Фуат Мансуров сізді «Домбыра ұстаған Паганини» деп бекерден-бекер атамады деп ойлаймын. Шығармашылық кешіңіздің сәтті өтуін тілеймін! Уақыт тауып, әңгімелескеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button