Қоғам

Қазақстандағы волонтерлік жастар үшін әлеуметтік лифт рөлін атқара ала ма?

Халықаралық тәжірибе бірқатар елдерде волонтерлік қозғалыс жастар үшін нақты әлеуметтік лифт болғанын көрсетті. Біздің де өз елімізде осындай жағдай жасауға тиіс екеніміз – уақыт талабы. Ол үшін Қазақстанда әлі де жүйелік негізде бағдарламалық құжаттар мен жобалар іске асырылып жатыр, деп жазды Елорда Инфо.

Сонымен, қазір қазақстандық волонтерлерге заң шеңберінде нақты құқықтық мәртебе беріліп, олар әлеуметтік кепілдіктермен қорғалып отыр. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Ресей жастарының «Волонтерлік – жастардың әлеуметтік лифті» атты ынтымақтастық форумында елімізде еріктілердің қозғалысына айрықша көңіл бөлінетінін алға тартып, олардың қозғалысының көшбасшыларын еліміздегі ауқымды әлеуметтік міндеттерді шешуге белсене атсалысуға шақырған болатын.

Жалпы, көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық қолын созу қасиеті қазақ қоғамында бұрыннан бар. Ал бұл жолы еріктілер «Волонтер жылы» аясында үлкен тәжірибе жинады десек, артық айтқандық емес. Әсіресе еліміздегі ең ірі жастар ұйымы ретінде «Jas Otan» жастар қанатының волонтерлік қозғалысты өрлету барысында алдыңғы қатарда тұрғанын ескерген ләзім.

Қазақстандағы волонтерлік қозғалысқа жан-жақты қолдау көрсеткен аталмыш ұйымның негізгі мақсаты – әлеуметтік белсенді адамды қоғамдық тұрғыдан тану, жастардың оң азаматтық бастамаларына қолдау көрсету. Сондай-ақ «Jas Otan» волонтерлік мектептен өткен жастардың әлеуетін олардың одан арғы кәсіби өсуі үшін әлеуметтік лифт ретінде белсенді түрде пайдаланады.

Мысалы, Қазақстандағы волонтерлік қозғалысы жастар үшін әлеуметтік лифт рөлін атқара ала ма дегенге тоқталсақ, өз еңбегіне сыйақы алуды көздемейтін ерікті жастар шын мәнінде қоғам тарапынан жоғары деңгейде мойындалуға лайықты. Сол үшін де «Nur Otan» партиясы қоғам назарын осы бір өмірлік ұстанымымен ерекшеленген белсенді жастарға бұруға ниет танытып отыр.

Атап айтқанда, «Волонтер жылы» аясында «Birgemiz» қорының қолдауымен 470 мыңнан астам отбасы 50 мың теңгеден біржолғы қаражат алды. Сонымен қатар 250 мыңнан астам отбасыға материалдық көмек үлестірілгенін де ескерген жөн. Әсіресе карантин кезінде игі бастамаға жұмыла кіріскен жастар баршылық. Олар пандемия салдарынан қиын жағдайда қалған 1,5 млн азаматқа көмек көрсетті. Сондықтан «Nur Otan» партиясының басшылығы белсенді жастарды партрияішілік таңдау – праймеризге қатысуға да шақырды. Міне, сол іріктеу арқылы бастамашыл жастар үшін әлеуметтік лифт қалыптастыру көзделген еді.

Әлеуметтің әлеуетін арттыру барысында ерекше көзге түскен Ұлттық волонтерлік желі басшысы Вера Ким қазір Мәжіліс депутаты болып отыр. Одан өзге де біраз ерікті жастар жергілікті мәслихаттардың орынтағына жайғасты. Сонымен қатар, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қоғам өкілдерімен бірлесіп, волонтерлік және қайырымдылық қызметті одан әрі дамыту үшін қолданыстағы заңнамаға бірқатар түзетулер әзірледі. Осылайша, түзетулер жобасы волонтерлердің, қайырымдылық жасаушылардың жоғары, арнаулы орта оқу орындарына, сондай-ақ азаматтық және мемлекеттік қызметке оқуға түсу кезінде артықшылық алу бөлігінде құқықтарын кеңейту; волонтерлер мен қайырымдылық ұйымдарына мемлекеттік мүлікті жеңілдік шарттарымен ұсыну мүмкіндігін қамтыды.

Тағы бір айта кетерлігі, Ұлттық волонтерлік желінің бұрынғы басшысы, қазіргі Мәжіліс депутаты Вера Кимнің мәлімдеуінше, биыл алғаш рет Қазақстанның 7 еріктісі БҰҰ құрылымына мүше болып, қызметіне кіріскен. Әлеуметтік лифтпен өрлеген басқа да еріктілеріміз Иордания, Тайланд, Түркия және Кения елдерінде жұмыс істеп жатыр. Бұл ретте Ұлттық волонтерлік желіні жастардың жолын ашқан жоба деуге болады.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button