Басты ақпарат

Қазір шеткі аймақтар деген ұғым жоқ

«Astana» телеарнасы мен «Elorda aqparat» ЖШС-тің бірлескен жобасы – «Elorda Live» бағдарламасының кезекті қонағы Алматы ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Саматұлы ауданды абаттандыру, қардан тазарту, көгалдандыру, жарықтандыру мәселелеріне қатысты сұрақтарға жауап берді.

АУЛАЛАРДЫҢ 92 ПАЙЫЗЫ АБАТТАНДЫРЫЛДЫ

– Осы күндерге дейін Алматы ауданында қанша аула абаттандырылды?
– Алматы ауданы аумағында 755 көппәтерлі тұрғын үй кешені мен 420 аула орналасқан. Соңғы үш жылда атқарылған жұмыстың нәтижесінде аулалардың 92 пайызы абаттандырылды. Соның ішінде биыл 87 ауланы абаттандырдық. Келесі 2020 жылы 33 ауланы абаттандыруды жоспарлап отырмыз. Яғни жыл сайын жоспарлы түрде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аулаларда шағын сәулеттік пішіндер, балалардың ойын алаңдары, футбол алаңдары орнатылып, асфальт төселіп, брусчатка салынып жатыр. Бұған қоса, келесі жылы 7 гектардан аса аумақты алатын 15 қоғамдық аймақ абаттандырылады. Біз барлық бағыттар бойынша жұмыстарды жоспарлағанда аудан тұрғындарының әлеуметтік желілер, «Ikomek-109» қызметі арқылы келіп түскен пікірлерін және олармен жеке кездесу барысында, аудан әкімінің есептік кездесуі кезінде айтылған ұсыныс­тарды есепке аламыз.
– aktaev9413: Мен «Интернациональный» тұрғын алабының тұрғынымын. Бізде абаттандыру қашан басталады?
– Бұл, сірә, Сүткент көшесінен келіп түскен сұрақ болуы керек. Онда №30 үй бар. Бұл – Алтай Сейдірұлы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып тағайындалып, қаланы аралауды бастағанда шаһардағы өзі алғашқы барған мекенжайлардың бірі. Осы аула орташа абаттандырылған деп айтуға болады. Мұнда әткеншек пен балалардың ойын алаңы орнатылған. Бірақ тұрғындар ауланы қазіргі заманға сай етіп абаттандыруды сұрап отыр. Бізде қазір шеткі аймақтар деген ұғым жоқ, Нұр-Сұлтан қаласы ұғымы ғана бар. Осыған байланысты қала әкімі бұл ауланы абаттандыруға тапсырма берді. Бұл жұмыс келесі жылға жоспарланды. Аула абаттандырылады. Балалардың ойын алаңы, әткеншек жаңартылып, воркаут тренажерлерін, футбол алаңын орнатуды тырысамыз. Қазіргі кезде эскиз жобаны әзірлеп жатырмыз. Тиісті жұмыстар істеледі. Тұрғындарға уайымдаудың қажеті жоқ.

30 СПОРТ АЛАҢЫ ОРНАТЫЛДЫ

– Абаттандыру бағыттарының бірі – аулаларда спорт алаңдарын орнату. Бұл бағытта жұмыс қалай жүріп жатыр? Жаңа технология­ларды қолданып жатырсыздар ма?
– Алматы ауданында 200-ден астам спорт алаңы орналасқан. Бұл алаңдар жыл сайын жаңартылып, жаңа алаңдар орнатылып жатыр. Осы жылдың өзінде 30 осындай алаң орнатылды. Бұл – футбол, бас­кетбол, волейбол алаңдары. Жаңа технологиялар жайлы айтатын болсам, қазіргі барлық алаңдардың төсемдері резеңкеден жасалған. Ол жаңбырға да, аязға да төзімді келеді. Трактормен қардан тазартқанда резеңке төсемге ешқандай зиян келмейді. Келесі жылы аудан бо­йынша, атап айтқанда, тұрғын алаптарда 40 спорт алаңын орнатуды жоспарлап қойдық. Бізде, жалпы, 6 тұрғын алап бар.
– Жалпы, Алматы ауданына қанша спорт алаңы керек?
– Қазіргі кезде ауданда жөндеуді қажет ететін спорт алаңдары бар. Біз сондай 30 алаңды жөндеуді жоспарлап отырмыз. Қала, оның ішінде аудан күннен-күнге өсіп жатыр деп айтуға болады. Сол себептен ауданға әлі 40 спорт алаңы керек. Барлық аулаға қаржымыз жетпейді. Сондықтан алдымен тозығы жеткен аулаларды жөндеуге тырысамыз. Тұрғындар да өз ауласына махаббатпен қараса екен деген тілегіміз бар.
– «Қазақстан» спорт кешені жанында тамаша балалар саябағы бар. Бірақ балалар алаңының тозығы әбден жеткен. Оны жөндеу, қалпына келтіру керек сияқты. Осы жұмыстарды істеу қашан мүмкін болады?
– Мұндай мәселе бар екенін білеміз. «Қазақстан» спорт кешені жанындағы саябақты осы жылы жөндедік. Бұрын ол «Студенттік» сая­бақ болып аталатын. Жастар жылы аясында оның келбетін өзгерттік. Жаңа заманға сай тренажерлерді орнаттық. Скейтдром салдық. Қайтадан көгалдандырдық. Саябақтың аумағы – 750 шаршы метр. Балалар алаңын келесі жылы міндетті түрде жөндейміз. Қаржымыз бар, нақты жоспар жасадық, күн жылынғанда жұмысқа кірісеміз. Бұған қатысты қала әкімінің тап­сыр­масы бар. Бір айта кетерлігі, биыл мұнда инклюзивті алаң ашылды. Бұл – ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған Нұр-Сұлтан қаласындағы жалғыз алаң.

ШАҒЫН БАҚТАР КӨБЕЙЕДІ

– Қазір қалада шағын бақтар көбейіп жатыр. Ескі екі қабатты үйлер сүріліп, босап қалған аумақ гүлдендірілуде. Бұл бағыт бойынша қандай жоспарларыңыз бар?
– Алматы ауданының өзінде 6 сая­бақ пен 21 шағын бақ орналасқан. Көгалдандыру жұмысына біз қатты көңіл бөліп жатырмыз. 2018 жылы Ш.Құдайбердіұлы-Қ.Рысқұлбеков көшелері қиылысында «Алма» шағын бағы ашылды. Сондай жұмыстар әлі де жалғасады. «Алма» шағын бағының маңайында әлі де бос орындар бар. Келесі жылы осы баққа ұқсас тағы бір нысанды ашуды жоспарлап отырмыз. Ол «Алмадан» кем түспейді. Нақты жобаны жасадық.
– Сәния: Мен Қ.Рысқұлбеков көшесінің соңғы аялдамасы тұсындағы «Солнечный город» тұрғын үй кешенінде тұрамын. Оның жанында «Достар» тұрғын үй кешені орналасқан. «Алма» шағын бағының салынғанына қуанып жүрміз. Бірақ тұрғындар бос уақыттарын өткізетін, демалатын орындар әлі де жеткіліксіз. Маңайымызда халық көп тұрады. Бұл мәселе шешіле ме? Соны білгім келеді.
– Осының алдындағы сұрақта оның жауабын айттым. «Достар» ТК жанында Манас көшесі, 14/2 мекенжайындағы «Жасмин» тұр­ғын үй кешені аумағында игеріл­меген жер телімі бар. Келесі жылы мұны игеруді бастаймыз.
– Жаяу жүргіншілер жолын салу жұмысы қалай жүргізіліп жатыр?
– Жыл сайын тиісті жұмыстарды істеп жатырмыз. Биылдың өзінде ауданда 16 мыңға жуық шаршы метр жаяу жүргіншілер жолы салынды. Келесі жылы жұмыс жалғасады. Аудан аумағын күнде аралаймыз. Сол себептен барлық проблеманы білеміз.

ҚАР ТАЗАЛАУ ТЕХНИКАСЫ ЖЕТКІЛІКТІ

– Биыл қыс ерте түсіп, қар көп жауды. Қар тазарту, санитарлық тазалау жұмыстары қалай жүріп жатыр? Бұл жұмыстарды атқарғанда алдарыңыздан қандай проблемалар шығып жатыр?
– Иә, белгілі бір қиындықтар болды. Бірақ біз қыс мезгіліне да­йын едік. Техника саны жеткілікті. Алматы ауданының өзінде бір ауысымда 300 арнаулы техника жолға шығады. 500-ден астам жол жұмыс­кері қар тазалайды. Қыс басталғалы 150 мың текше метр қар шығардық. Бұл жұмыста проблемалар жоқ емес. Негізгі көшелерден қар шығарылды. Бірақ қаңтарылған көліктер мәселесі бар. Көбіміз көппәтерлі үйлерде тұрамыз. Аулалардың қарын тазалауға сонда тұрған көліктер кедергі келтіреді. Қар тазалау жұмыс­тарын жасардан бұрын бұл туралы тұрғындарға хабарлап, көліктерін алуды, осы жұмыстарға кедергі келтірмеуді сұраймыз. Бірақ мәселе сол күйінше қалып отыр.
– Аулаларды тазалау жұмыстарын ПИК жасамай ма?
– Абаттандыру ережелеріне сәйкес үйдің қасбетінен 5 метр қашықтыққа дейінгі аумақты сол үйге қызмет көрсететін ұйым тазалайды. Әрі қарай тиісті жұмыстарды қаланың қызметтері атқарады. Көліктерін алғысы келмейтін, өтініштерімізге құлақ аспайтын тұрғындар бар. Сол себептен түсіністікпен қарауларын сұраймыз. Бір ауланың өзінен көліктерді алып тастау үшін қаншама эвакуатор керек. Осындай техника жетіспейді.
– Ал бизнес өкілдері қар тазалау жұмыстарына қалай қарайды?
– Қазір шағын және орта бизнесті қолдап отырмыз ғой. Бірақ кімде болса да жауапкершілік болуы керек. Кәсіпкерде кішкентай бутик немесе үлкен сауда үйі болсын, оның тұрған жеріне жауап береді. Яғни кәсіпкер – сол жердің иесі. Өзінің иелігіндегі жерді қардан тазартатын кәсіпкерлер көп. Бірақ жауапкершілігі жоқ бизнесмендер де кездеседі. Жергілікті полиция қызметін тартып, біз оларға айып­пұл саламыз, жауапкершілікке шақырамыз. Яғни тиісті шараларды атқарамыз.

ЖЫЛ САЙЫН 15 МЫҢ АҒАШ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ

– Тұрғындар қаланы көгалдандыру жұмыстары аз жасалатынына жиі шағымданады. Бұл бағытта жұмыс қалай жүріп жатыр? Жалпы, қалада бұл мәселе қалай шешілуде? Сіздің пікіріңізше, Нұр-Сұлтан қаласында ағаш көп пе, аз ба?
– Алматы ауданында 180 мың­нан аса ағаш жайқалып тұр. Бұл – соңғы 10 жылда отырғызылған ағаштар. Біздегі климаттық жағ­дайдың ауыр екенін білесіздер. Бір ағашты отыр­ғызып, күтіп ұстау үшін қаншама еңбек керек. Біз жыл сайын 15 мың ағаш отырғызамыз. Көктемгі және күзгі сенбіліктер кезінде көбірек ағаш отырғызуды ойлаймыз. Соңғы жылдары бұл жұмысқа тұрғындарды тарта бастадық. Шартты түрде алғанда, бір үйге 50 көшеттен береміз. Қазір жақсы нәтижелер бар. Соңғы 5-6 жылда отырғызылған ағаштар жерсініп, қалыптасты.
– Алматы ауданында энергия­үнемдегіш шамдарға өту деңгейі қандай? Қанша пайызды құрайды? Бұл шамдар қандай нәтиже берді?
– Ауданымызда 16 мыңнан аса жарық беру нүктелері бар. Бұған саябақтарды, көшелерді, ішкі орамдарды жарықтандыру кіреді. Жыл сайын біз кәдімгі шамдардың 15-17 пайызын жарықдиодті шамдарға ауыстырамыз. Биылдың өзінде 700 жарық беру нүктесінде ауыстыру жұмыстарын өткіздік. Осындай жұмыс орталық көшелерде, атап айтқанда, ­Б.Момышұлы, Р.Қошқарбаев даңғылдары, ­А.Байтұрсынұлы көшесінде жүрді. Энергияның нәтижелігі 40 пайызды құрайды. Яғни электрэнергияны үнемдеп, бюджет қаржысын үнемдеп жатырмыз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button