Денсаулық

Қазақы ем мен қазіргі медицина мәмілеге келе ме?

Қазақ емшілігі туралы айтқанда күмілжіңкіреп қаламыз. Бұлар кімдер, қалай емдейді? Бақсы, балгер, құмалақшы, жауырыншылар, дуахандар осы қауымнан ба? Қара суды теріс ағызатындар да өтіп еді ғой. Олар кімдер? Тамыршы, сынықшы, тәуіптердің ұрпағы қалды ма?Бүгінде парқына жетпеген бір дүниеміз болса, меніңше, осы құбылыс сияқты. Алайда қолжетімді, озық технологиялы қазіргі заманғы медицина тұрғанда да оларды да іздеп, елеңдеп қалатынымыздың себебі неде? Қазақы емшілік сөз болғанда кірпідей жиырылатын дәрігерлер не дейді? Осы сұрақтың жауабын қарастырғанда екі емшіліктің де әлеуетін анықтап, бір-біріне қарсы қоймай дамыта білгенде көп ұтады екенбіз. Әзірге емшілерге толық сенім жоқ, медицинаның қауқары жетпейтін жайттарда алдымен науқас зардап шегеді. Өйткені үкілеп отырған емшілік дәстүріміз жоқ, дәрігерлер де құдірет емес.
Егер әділін айтсақ, осы күнгі медицина пайда болғанға дейін қазақтар ауырмады деуге болмас. Арнайы статистика жүргізілмесе де, адамды қынадай қырған кеселдерді естіп-білгеніміз бар. Бұл – балалардың арасында кездесетін қызылша, қорасан, безгек, оба, құрт, қылтамақ дегендей беті қатты аурулар. Жақсысы, бүгінгі медицина бұл дерттерді жеңді. Бірақ барша озық технологиясы мен түрлі препараттарымен дәруін таппаған немесе үздік емдеу әдісіне қол жеткізбеген түрі жоқ емес. Оны қазақтың емшілік дәстүрінің тамаша үлгісі ретінде тамсана айтуға дайынбыз. Оның бірі – сынықшы. Атадан балаға қонатын бұл қасиетті ұстағандардың аты қазір де естіліп қалады. Дәрігерлердің гипсінен қалпына келмеген адамның қол-аяғын сынықшылар қайта сындырып тартып, аяғынан тік тұрғызып жіберіп жатқандар жоқ емес. Емшіліктің бұл түрі қазіргі ортопедтерге бедел емес. Өздеріне бәсекелес көрмей, қазіргі медицинамен қоса дамытса кім қарсы келеді? Осындай қасиетті емшілердің қызметін әрі қарай дамыта алға озса болмай ма? Білетіндер айтады, сынықшылар шәкірттерін дайындағанда көн қапшықтың ішіне бөзені сындырып оны топыраққа толтырып, сыртынан сипап, сынған ыдысты қайта жинайды екен. Қазіргі ортопедияның арғы атасы саналатын сынықшылық қазаққа қайдан бітті десеңіз, үнемі ат үстінде жау­гершілікте өткен бабаларымыздың қажеттілігінен туындаса керек. Осы ретте олардан балдақ жасаудың дәстүрі жетпеген. Демек, сынық­шының шипалы қолынан шыққан науқастар аяғына тік тұрып кетіп, ағашқа сүйену қажеттілігі болма­ған деуге болады.
Қазіргі медицинаның бағындыра алмаған тағы бір дерті – психикалық аурулар. Атын атап, түсін түс­теп бере аламын. Ілгеріде өткен аса ілімді ишан, молдалардың, әсіресе, есінен ауысқандарды жақсы емдейтіні жайында көп іздендім. Кеңестің атеизм кезеңінде мұндай қа­сиет иелері де қуғындалып, құпияларын өзімен бірге алып кетті. Емдеудің бас­ты сыры дұға оқу арқылы болса керек.
Бұрындары бала көтермеген әйелдерді де емдейтін осы аузы дуалы қасиеттілер болатын. Қазір ЭКО шығып көп әйелге бала сыйлап жүрген сияқты. Басқа арнаға бұрылып кеткен екі емнің екеуі де адамның денсаулығын сақтауға арналған. Содан да психикалық жағынан ауырғандарды ауыр психотроптық дәрілер егіп, айықпас мүгедек етіп қойса, бедеуге бала таптырудың жолын да басқаға бұрып, табиғаты басқа жандар дүниеге келіп жатыр. Бұл – қазіргі заманғы медицина дамуының қазақы дәстүрден шегінуінің нақты дәлелі.
Осындай бүгінгі медицинада емі табылмаған дерттің бірі – жол-көлік апаты, биіктен құлап, не болмаса басқа да жарақат­тың салдарынан миы шайқалғандарды қалпына келтіру. Бұрындары жарақат алғанның бас сүйе­гін ұстап отырып миын орнына тү­сіретіндердің тәжірибесі де ұмытылып барады екен.
Тіл-көзден назарланып қалғанды ұшықтап жіберудің де жеңілдігі бар. Баланың тамағы қызарып, көтерілсе басатындарды медицина жоққа шығарса да тиімді емдеу әдісі екенін бәріміз білеміз. Құяңды үзіп, шаншулап қалғанды терлетіп, суықтан жазатындар да емшілер.
Қазіргі медицинаның өзі де мойындайды, ауырып дәрігерге келгендердің жартысынан көбі психосоматика салдарымен, яғни уайымға батып, жоқтан ауру жасап алғандар дейді. Олардың да арқасынан қағып, басындағы батпан ойларынан арылтатындар да қазіргі дәрігерлердей бірдей құрмет көрсе, ақ желеңділер жұмысы көп жеңілдер еді. Алайда мемлекет тарапынан тиісті қолдау болмай, «дүмше, алдамшылар» деп тас ат­қандарға дем беріп қойып, өзіміздің жанымызды емдейтіндерден айырылып қалдық. Қазіргі психологтарыңыз қаншама оқып-біліп алса да «үф» деп үрлеп, ауру титықтатқан жанның көзін шарадай ашатын қазақы емшілерге жетпейді.
Оларды артық көргенім, мың ғасыр бойына бабаларымыз осылай емделіп келген. Табиғатымызға жақын, тез қабылдаймыз. Олар да өз орнын біліп, қолдарынан келмейтін ауруды емдеуге талпынбағандары абзал.
Жақында Қытайдан келген ағайынның «Шипалы» емдеу орталығының бас дәрігері, ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі, медицина ғылымдарының кандидаты Қайрат Айдарханұлы жинақтаған «Қазақ емшілігі энциклопедиясы», «Қазақ емшілігі – төрт түлік мал өнімдері», «Қазақ емшілігі: аң-құс, жәндіктердің емдік қасиеті» атты кітаптары жарық көрді. Шығыс медицинасына сү­йенген емшіліктің құнды кітабы – қазақ емшілігіне өзгеше көзқарас қалыптас­тырудағы маңызды қадам.
Әзірге медицина мен дәстүрлі емшілік арасындағы дүрдараздық нағыз жақсылар өз бағасын алмай, ал ерінбеген өз бетінше емшілікпен айналысып, қазақы емдеу дәстүріміздің жолы сараланбай жатыр.

 

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button