Руханият

Қазыналы жұртымыздың асылдары-ай!

Көгілдір экран алдында сөйлеу – ақиқат алдында сөйлеу деген мағынада. Ол ар-ождан айнасы болғандықтан әрі мемлекеттің көзі, құлағы, тілі саналғандықтан, шынайы шеберлікті (ұлт жүрегіндегі ұлы тілектерді, өмір – тіршілігіндегі көкейкесті мәселелерді дөп басып, нақ-нағымен айту) және табиғилықпен жатық, жетік, түсінікті жеткізу, кейіпкермен мәдениетті қарым-қатынас жасау, жүйелі ширақ әңгімелеу, ой бөлісу, кеңесу, ортақ тіл табысу, пікіріңді, көзқарасыңды, мақсатыңды байыту, сөйтіп, бірін-бірі рухани тұрғыдан толықтырып, жетілдіріп байыту. Демек, тележурналист – сан қырлы әмбебап өнер иесі.

[smartslider3 slider=2516]

Өткен күндерді тебіреніп еске түсірсек, ХХ ғасырдың 3-ширегіндегі телеэкран майталмандары Совет Масғұтов, Ласкер Сейітов, Мариям Бәйімбетова, Қажы Қорғанов, Сұлтан Оразалы көгілдір экранның көгілдіріндей сүйсіндіруші еді. ХХІ ғасырдың мұнарасынан ой толғасақ, «көгілдір экранның сәні және мәні болған» (Қадыр Мырзалиевтің бағасы) қазақ ұлттық телевизия­сы қабырғасында, яғни 1969 жылдан бастап диктор, редактор, комментатор, бас редактордың орынбасары, Парламент тілшісі, саяси шолушы міндеттерін мінсіз атқарған әрі орыс, қазақ тілдерінде жүйріктік танытқан Қажы Қорғанұлының «Кеудесі жақсылардың алтын сандық» атты мемуарлық еңбегінде мемлекет, қоғам, өнер, ғылым, әдебиет қайраткерлері жайында келісті ой туындатады. Ұзын саны 99 кейіпкердің көпшілігімен экран алдында емен-жарқын дидарласқан, әңгімелескен. Шын мәнісінде, олар ұлт тұлғалары, замана шамшырақтары еді. Сондықтан да қаламының ұшына қыдыр дарыған елордалық Қажы Қорғанұлының мағыналы ой-толғаныстары, естеліктері ұлылардың қаһармандық еңбегін, патриоттық рухын, интеллектуалдық-шығармашылық қуатын, тұлғалық қасиеттерін мәлімдейді.

Опера және балет театрының кәсіби шеберлік деңгейінің көркеюіне салмақты үлес қосқан, Ақжүніс, Дүрия, Қаламқас бейнелерін сомдаған, Ақан серінің «Қараторғай» әнін шеберлікпен шырқаған (әншінің тағдыры да шырылдаған торғайға ұқсастығы бар), Украина майданында жауынгерлердің рухын асқақтатқан, Қазақ ССР Халық әртісі Үрия Тұрдықұлова турасындағы лебізі де қызықты. Өнер өлкесіне қадам басқан, өнер майталмандарының ортасында болу бақыты бұйырған композитор Еркеғали Рахмадиевтің ілтипатына ие болған, батасын алған Қажы Қорғанұлы 1962 жылы Маңғыстау өңіріндегі 70-80 тәуліктік гастрольдік сапарда опера әншісі Үрия Тұрдықұлова, күйші Мұрат Өскенбаев және татар өнерпазы Ғабдулла Рахимкуловпен бірге болғаны сахара жігітінің бағы нұрланғанын көрсетеді. Сол уақытта Маңғыстауда татарлар мол шоғырланған. Солардың алдында Ғабдулла Рахимкулов «Ғалия бану» пьесасынан үзіндіні керемет орындап, «Әниіме хат», «Сандуғаш» әндерін тенор дауысты үнімен қалықтата шырқайды.

Бірде ол: «Хаджы жан! Құтқар мині бугун, Яри ма?» деп, ­Ғалия банудың әкесінің рөлін ойнауды өтінеді. Сонда Қажы Қорғанұлы оның орнына шал болып сахна­ға шығады.

Оқиғаның куәгері болу және оған қоса көргенін, естігенін қаз-қалпында күнделікке жазып қою – Қажы Қорғанұлының сүйікті машығы. Күй өнерінің тарланы Мұрат Өскенбаевты жиналған қауым «Абылдан жөңкілт, Есірден заулат, термеден ағыт» деп дүсірлетіп-дүбірлетіп қарсы алады екен. Қажы Қорғанұлының естелігінде оқырманды жалт қарататын жарқын мысал, мәдени айғақ көп.

Қыран мінезді, қырағы көзді, халықтың өнерін, өнегесін, даналығын, тілін болмысына сіңірген көргенді, көшелі Қажекең – замананың біртуар саңлақтарын сахнада да, телестудияда да, салтанаттты мәслихаттарда да, халықтың жуан ортасында да, дала жұмыстарында да көрген, кеңескен табаны жалпақ тарланбоз тележурналист. Яғни сол бір даңқты дәуірдің тірі куәгері, шежірешісі. Олар қазақ әдебиетінің классиктері Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин; дала академиктері Шығанақ Берсиев, Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев; халық ақындары Нұрпейіс Байғанин (Қажекең дана бабаның рухы жайлаған қараша үйінде тұрғаны бар), Омар Шипин (бұл шаңырақта Қажекең 1949 жылы Сәбит Мұқановты, Мәриям Хакімжанованы көріп, қолдарына су құйып, батасын алған); мемлекет және қоғам қайраткерлері Ілияс Омаров, Кенжеболат Шалабаев, Сағидолла Құбашев, Өзбекәлі Жәнібеков, Шайсұлтан Шаяхметов, Оразалы Қозыбаев, Мантай Сағдиев, Рысбек Мырзашев, Сақан Құсайынов, Қаратай Тұрысов; өнер қайраткерлері Роза Бағланова, Наталь Сац, Хакімжан Наурызбаев, Молдахмет Кенбаев, Әнуарбек Байжанбаев, Ескендір Хасанғалиев; Рейхстагқа ту тіккен Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев; оқымыстылар Мәулен Балақаев, Жұмағали Ысмағұлов, Манаш Қозыбаев, Мырзатай Серғалиев. Бұлардың әрқайсысы өзгеше бір әлем, тізбек-тізбек тау шыңдары іспетті. Еліміздің рухани жетілуіне, тарихи-мәдени қызметімен салиқалы үлес қосқан мәртебесі мен дәрежесі жоғары парасатты зиялылар.

1970 жылы Қазақстанның ауыл шаруашылығы, өнеркәсібі, әдебиеті мен өнері хақындағы қазақ телевизиясының 2 сағаттық теле-кино материалын көрсету үшін Махачкалаға әкеліп, дағыстандықтарға көрсеткенде, Расул Ғамзатовпен дидарласып пікірлеседі. Әлемге әйгілі ақын дағыстандықтардың аңыз-әңгімелерін, тәмсілдерін жосылтады. Қажы Қорғанұлы Қадыр Мырзалиевтің Расул ағасына арнаған өлеңін орыс, қазақ тілдерінде күмбірлетіп оқып береді. Осыдан кейін Расул Ғамзатов Қажекеңді авар генералының мерей­тойына шақырады және үйінде құрмет көрсетеді. Ол «Менің Дағыс­таным», «Төрт тағандар» кітабына қолтаңбасын жазып сыйлайды. Қ.Қорғанұлының бұл естелігінде көркемдік әсерлілік те, мәдени-әдеби, тарихи деректанушылық та бар.

Қажы Қорғанұлы ай мүйізді 99 кейіпкерінің қай-қайсысының болса да жөнін, болмысын елшілдік, мемлекетшілдік істерін, ізгілік қасиеттерін, қайырым-мейірімін мөлдіретіп мейірленіп сипаттайды.

«Жүре берсең, көре бересің, көп жайларды естіп, құлағыңа іле бересің» деп, Қажы Қорғанұлының өзі жазғанындай, өмірдің шалқыған теңізінде құлаштап жүзген, аршындап алға басқан, елі мен жері үшін, келешек үшін екпіндеп ерекше еңбектенген қайраткерлердің бітім-болмысы қандай екендігіне Алаштың айтулы азаматы, ар мен намыстан жаралған Өзбекәлі Жәнібеков­тің Торғай еліндегі қызметі, атап айтқанда, музейлер салу, оркестр, халық ансамбльдерін ұйымдастыру, пединститутты мәдениет пен өнер ордасына айналдыру істерімен түбегейлі шұғылданғанын тәптіштеп баяндайды.

Асылы, ой өрісі кең, тәжірибесі кемел, халықтық білімі терең абыз аға Қажы Қорғанұлының қолданған «Жақсының шарапаты көпке тиер, жағасы миуалы бір бәйтерек» дегеніне жүгінсек, Ұлы дала көгіне жұлдыздай жарқыраған жақсылардың бейнесін көз алдыңа келтіресің. Автор Еркін Әуелбековпен Мәскеуде КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясында жүздесіп, дастархан басында қайраткердің мына бір лебізін күнделігіне түсіріпті: «Ой екі түрлі: бірі – биліктікі, екіншісі – халықтыкі. Екеуі бір жерден шықса ғана қоғам алға басады». Тамаша пікір. «Қазанаттың қадірін азамат, азаматтың қадірін ел біледі, есті азаматтар тоңмойын тоғышарларды тезге салды» деп тұжырымдайды.

Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінде оқыған, музыка мен өнердің әліппесін ыждаһатпен үйренген, өнерін жетілдіру-шыңдау мектебінен мүдірмей өткен, өнер жолын шүу баста конферансье-көркем сөз оқушы ретінде бастаған, қазақ теледидарында көптеген танымал телехабарлар жүргізген Қажы Қорғанұлы мұнан өзге 6 кітап жазған.

Жинақтай айтқанда, ұлттық телевизияның қалыптасу мен даму тарихындағы айтулы қайрат­кер Қажы Қорғанұлының «Кеудесі жақсылардың алтын сандық» дейтін кітабы заманмен аяғын тең басқан 99 кейіпкердің өнер жолындағы тағдырын толғаған толымды шығарма десек артық айтқандық емес.

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

филология ғылымдарының докторы, профессор

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button