Мәдениет

Театрға достар қол созады

«Астана Опера» театры «Достар клубы» деп аталатын арнайы жобаны іске қосты. Жобаның таныстырылымына Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысты

[smartslider3 slider=2517]

Аталмыш клубқа театр өнерін сүйетін кез келген адам, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың, шетелдік компаниялар мен кәсіп­орындардың өкілдері мүше бола алады. Аталмыш жоба «Астана Операның» қызметіне, еліміз бен елордамыздың мәдени игілігін сақтауға және арттыруға үлес қосу мақсатында қолға алынды.

– «Достар клубы» кез келген әлемдік театрда бар. Сол себептен біз сәтті халықаралық тәжірибеден үлгі алып, қазақстандық театр саласын жаңаша дамытуға ұмтылудамыз. Әлбетте, көпшілік бұл бастамамызды қолдайды деген үміттеміз, – дейді «Астана Опера» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.

Клуб мүшелері бірқатар жеңілдіктерге ие болады. Олар үшін арнайы шаралар өткізіліп, «ниеттестік бағдарламалары» құрылады. Клуб мүшелері «Астана Операның» өміріне белсенді араласып, сахна сыртында өтетін экскурсияларға, әртістермен бірге шығармашылық кештерге қатысады және театрдың жобалары мен бағдарламаларын іске асыруға атсалыса алады. Театрдың «Достар клубына» мүшелік арнайы пластикалық картамен расталады. Бұл құжат театр маусымы бойы қолдануға жарамды. Театрдың тұрақты көрермендері «Достар» деп аталып, оларға арналған клуб карталарының жалпы саны – 70.

Екінші санат «Құрметті дос» деп аталады. Оған 50 карта қарастырылған. Бұдан бөлек, ұйымдар мен коммерциялық компаниялар енген «серіктес» және «демеуші» деп аталатын тағы екі санат бар. Олар үшін клуб карталарының саны – 40. Барлық санат үшін мүшелік жарна енгізілді.

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов театрдың бұл бастамасын қолдады.

– Бұл – өте қажет жоба. «Достар клубы» театрдың көп қырлы қызметін егжей-тегжейлі зерттеп, алдағы дамуына өз ұсыныстарын білдіре алатын жаңа көрермендерді тартатынына сенімдімін. Клуб қатысушыларын көптеген қызықты кездесулер, жаңалықтар мен бастамалар күтіп тұр деп ойлаймын. «Астана Опера» театры талғампаз көрерменге айрықша шығармашылық әсер сыйлайды. Жаңа жоба жемісті әрі ұзағынан болсын! Театр мен оның труппасы өркендеп, дамып, көрермендерді ғажап қойылымдарымен қуанта берсін деп тілеймін, – деді Дәурен Абаев.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өз сөзінде мұндай тәжірибе әлемде бар екенін және бұл театр өнерін қолдауға септігін тигізетінін атап өтті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button