Басты ақпарат

Қазақтан шыққан тұңғыш генерал

Ғұбайдолла Шыңғысхан туралы аңыз бен ақиқат

Бұл мақаланың жазылуына ел астанасындағы Әскери-тарихи мұражайда мемлекеттік құпияны қорғау қызметінің тарихы туралы көрменің ашылуы түрткі болды. Бұған Ғұбайдолла Жәңгіровтің қандай қатысы бар дейсіз бе? Тікелей қатысы бар. Әскери байланыс пен құпияны қорғау қызметі – бір-бірімен біте қайнасып жатқан сала. Көгершіннің көмегімен хат-хабар алысқан бағзы заманнан бері мемлекеттік, оның ішінде әскери құпияны сақтаудың маңызы жылдан-жылға арта түспесе, кеміген жоқ. Ал даңқты жерлесіміз – Ресей империясының байланыс әскерінің, әсіресе телеграфының бастауында тұрған тұлға. Аталмыш көрменің аясында кавалерияның толық генералы Ғ.Жәңгіровтің өмірінен сыр шертетін экспозиция да қойылды.

[smartslider3 slider=2515]

 

Ашық ақпарат көздерінде Ғұбайдолла Жәңгіров Шыңғысхан туралы мәліметтер жетерлік. Бірақ көбісі бірін-бірі қайталайды және жан-жақты емес. Тарихшы мамандардың пікірінше, ең құнды және тарихи тұрғыдан нақтыланған еңбек Г.Мұқатаев пен ­М.Ирхинаның Санкт-Петербургтен шыққан «Султан Губайдулла Чингисхан полный генерал от кавалерии» кітабы көрінеді. Кітаптың алғысөзінде авторлар құжаттарға қатаң негізделген туынды жазуды мақсат тұтқандарын айтады. Сол себепті олар Санкт-Петербург, Мәскеу, Ялта, Симферополь мұрағаттарында, Болгарияның Плевен қаласындағы тарихи музейде жұмыс істеп, көз майын тауысқан. Авторлардың айтуынша, кейбір құжаттардың толтырылғаннан бері беттері ашылмаған күйі шаң басып жатқан екен. Мәселен, Ғұбайдолланың Паж корпусына орналасуына, жұбайы Феодосия Велинскаяға, ағасы Ахмет-Герейдің Ялтаға келуіне байланысты және тағы басқа да құжаттар.

Бұл жерде осы кітаптың шығуына өлшеусіз еңбек сіңірген, оның ішінде қаржылық та жәрдем көрсеткен әскери ғалым, полковник Геннадий Мұқатаевтың есімін ерекше атап өткен жөн. Ол – Ульянов танк училищесін, сосын маршал Р.Малиновский атындағы бронды танк әскерлерінің академиясын бітіріп, взвод командирінен полк командирі дәрежесіне дейін көтерілген азамат. Кейін Батыс Қазақстан облысының әскери комиссары болды. Осы жылдары Жәңгірхан туралы кітап жазып, іле-шала ханның кіші ұлы Ғұбайдолланың өмірін тереңірек зерттеуге кіріскен екен. Кітаптың редакторы Инна Гудошникова өзінің қызы Санкт-Петербургте тұратын баспагер, өнертанушы Марина Ирхинамен бірге Ресей мұражайларында көп уақытын өткізіп, Г.Мұқатаевқа хан баласы туралы материалдарды іздестіруге көмектескен.

– Бізді Санкт-Петербургтегі орыс этнографиялық мұража­йында күтпеген олжа күтіп тұрды. Мұнда біз бірнеше бөкейордалық түпнұсқа бұйымдарға тап болдық, олар – араб жазуы бар металл дулыға, соған арнап тігілген ерекше былғары қорап пен Бөкей шеберлерінің қолынан шыққан екі жастық. Мұражайдың құжатында бұл бұйымдардың 1919 жылы генералдың жесірі Феодосия Шыңғысханнан сатып алынғаны жазылған, – дейді бір сұхбатында Инна Гудошникова.

Енді ҚР ҚК Мемлекеттік ­әскери-тарихи мұражайындағы деректерге сөз берейік. Ғұбай­долла 1840 жылдың 6 мамырында хан ордасында дүниеге келген. Әуелі Орынбордағы Неплюев кадет корпусында білім алған. 1849 жылы ағасы Ахмет-Гереймен бірге Санкт-Петерургтегі императорлық Паж корпусына түсіп, оны 1956 жылы үздік бітіріп шығады. Ғұбайдолланың есімі «признан отличнейшим воспитанником» деген жоғары бағамен осы оқу орнының ерекше кітабына енгізілген. Әскери қызметін Лейб-гвардияда корнет шенінде бастайды. Кейін Орынбор мен Солтүстік-Батыс өлкесінде әртүрлі әскери қызмет атқарған.

«Полковник Шыңғысхан мансабының одан әрі өсуін екі фактор: жеке басының ерекше қасиеттері мен басшылықтың тікелей қолдауы анықтады. II Александр Солтүстік-Батыс өлкеге сапарға шыққан сайын Ғұбайдолланы өзімен бірге алып жүретін. Осындай сапарлардың бірінде ол императордың ­адъютанты атанып, патшамен арасында өте сенімді қарым-қатынас орнайды» дейді дереккөздер.

Ғұбайдолланың әскери таланты мен еңбекқорлығы 1877 жылғы орыс-түрік соғысы барысында барынша танылады. Сол тұста ол Балқан армиясының барлық байланыс желілері мен телеграфтық хат-хабар қозғалысының бастығы болып тағайындалып, тікелей бас штаб бастығы мен жоғарғы бас қолбасшыға ғана бағынады.

Жалпы Балқандағы соғыс кезінде екі жарым мың шақырымнан астам далалық байланыс желісі тартылып, 20 мыңдай жеделхат жіберілген. Орташа есеппен тәулігіне әрбір телеграф паркіне 180, ал бөлімшесіне 60-тан астам шұғыл хат-хабар келіп отырған. Бұл армия қолбасшылығының ұрыс қимылдары үстінде әскерлерді басқаруда телеграф байланысын мейлінше кең қолданғанын көрсетеді. Орыс әскерінің бүкіл телеграф қызметінің бастығы ретінде ол телеграф жүйесінің үздіксіз қызметін ұдайы қамтамасыз етуге тиіс болатын.

Сол соғыста ерекше көзге түскен полковник Ғ.Жәңгіров «Ерлігі үшін» деген жазуы бар алтын қылышпен марапатталады. 1878 жылдың 1 қаңтарында оған генерал-майор әскери атағы беріледі. 1888 жылы ­генерал-лейтенант, 1894 жылы кавалерияның толық генералы атанады.

Сонымен қатар ол Ресей империясының 3-інші және 4-дәрежелі Әулие Владимир, 1-інші және 2-дәрежелі Әулие Анна, 1-інші, 2-нші және 3-дәрежелі Әулие Станислав сияқты ең жоғары ордендерімен марапатталған.

Ең бастысы, Ғұбайдолла Жәңгіровтің есімі Кремльдің Георгий залында барлық заман мен халықтардың әскербасыларының қатарында алтынмен қашалып жазылған. Ол – мұндай құрметке ие болған тұңғыш әрі жалғыз қазақ.

Ғұбайдолланың өмірін зерттеушілер ол елден жырақта жүрсе де, туған халқына деген сүйіспеншілігін өмір бойы жүрегінде сақтап өткен дейді. Қазақ балаларының оқу-білімге талпынысын қолдауы, башқұрт ақыны Ақмоланы абақтыдан алып қалуы және тағы басқа да деректер соның бір дәлелі болса керек.

Ғұбайдолла ғұмырының соңын Ялтада өткізіп, сонда көз жұмады. Оның өміріне қатысты әртүрлі аңызға бергісіз әңгімелер де бар. Құжаттарға сәйкес, оның артында ұрпақ қалмаған. Бірақ Серікбол Хасан «Айқын» газетінде былай деп жазады: «Генерал Қырымға барған сапарында қырым татарлары мүфтиінің қызына үйленген деген де әңгіме жоқ емес. Екеуі мешітте жасырын некеге тұрған-мыс. Алайда кейін мұны әкесі біліп қалып, қызын Бұқар ханы Сейіт ханға табыстап жіберген. Ғұбайдолла әйелін сол күйі таба алмапты. Бірақ 1905 жылы әйел Хакімкерей деген ұл туыпты, өкінішке қарай, оның әрі қарайғы өмірі жайлы дерек мүлдем жоқ. Ал тағы бір сенімсіздеу деректерде генералдың Софья Павловна (Волконская) деген әйелмен отасқаны айтылады. Софья Павловна генералдың Ялтадағы бейітіне ескерткіш орнатып, «Любовь не умирает, она вечна» деп жаздыртыпты».

Әйтсе де даңқты жерлесіміз туралы деректер әлі де табылып қалар деген үміт те жоқ емес. Оларды, әрине, елімізден тысқары жердегі мұрағаттар мен мұражайлардан іздеген жөн. Мәселен, «Ерлігі үшін» деген жазуы бар қылышы Болгария­ның Плевен қаласындағы мұражайда тұр деген сөз үміт сыйлаған. Мұражайда сондай қылыш бар екен, бірақ ол Ғұбайдоллаға тиесілі болмай шықты. Сөйте тұра жан-жағына жарық шашып, шамдай жанып өткен жарқын өмір иесінен ешбір дерек қалмауы мүмкін еместей көрінеді.

Әбубәкір Смайылов

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button