Сұхбат

Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры: ГУМАНИТАРЛЫҚ ҒЫЛЫМҒА ЖАҢА ЛЕП КЕЛДІ

– Биыл «Гуманитарлық білім», «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» атты ауқымды жобаға екі жыл толып отыр. Сондықтан алдымен сөзімізді осы жұмыс­ты атқарып отырған қоғамдық қордың қызметінен бастасақ…

– Жақсы, рақмет! Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы қазақ әлеміне, руханиятына, академиялық ортасына үлкен серпіліс әкелді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынды. Аталған бағдарламаның бір арнасы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» деп аталады. Осы жобаны іске асыру үшін коммерциялық емес «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры құрылды. Міне, содан бері екі жыл өте шықты. Қордың бас кеңсесі елордада орналасқан. Бірақ өте ауқымды бұл жобаға сөз ұстаған зиялы орта мен білікті ғалымдар керек болғандықтан, мамандарымыздың дені Алматыда жұмыс істеп жатыр. Бұл жұмысқа аймақтардағы ғалымдар да қатысады. Біздің мақсатымыз – осындай маңызды елдік жобаға атсалысатын ортаны кеңінен тарту. Қазір ұлттық аударма бюросында 300-ден аса маман еңбек етеді. «Жаңа гуманитарлық білім» деп аталған бұл жоба осы салаға қатысы бар барлық бағытты қамтиды. Ол – философия, әлеуметтану, тіл білімі, тарих, әдебиет, дінтану, мәдениеттану, өнер, кино, театр және басқа да салалар. Оған қоса, экономика мен кәсіпкерлік саласын да қамтыдық.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының екі жылдығына орайластырып сәуір айында Алматыда биыл аударылып басылған жаңа 30 кітапты таныстырдық. Былтыр дәл осы кезеңде Елбасының қатысуымен алғаш 18 кітаптың таныстырылымы өткен болатын. Екі жыл ішінде әлемдік гуманитарлық ортаға кең танылған 48 кітап аударылып, жарық көрді. Бұл оқулықтардың әрқайсысы 10 мың данамен басылып, еліміздегі жоғары оқу орындарына тегін таратылады. Алғашқы басылған 18 жинақ былтыр таратылды. Ал биылғы кітаптар жаңа оқу жылына дейін оқу орындарына жетеді.

– Он мың данамен басылған оқулықтар барлық оқу орындарын қамти ма?

– Сұрағыңыз орынды. Қазақстан үшін 10 мың дана – әжептәуір дүние. Дегенмен барлығын бірдей қамтуға жетпейтіні рас. Кейде оқырмандар бізге «бұл кітаптарды жеке кітапханама немесе мекемемізге алғымыз келеді» деп хабарласады. Қазір жекеменшік баспалар бұл оқулықтарды өздері қаржы шығарып, қайта басып, кітап дүкендеріне шығарды. Бірақ оның бәрі біздің келісіміміз арқылы жүргізілді. Оның сыртында, аталған оқулықтардың электронды нұсқасын «Қазақстанның ашық университеті» порталынан тегін оқуға болады. Бұл жердегі біздің көздегеніміз – кітаптарды көпшілікке барынша қолжетімді ету. Қысқасы, оқулықты оқырманға жеткізудің барлық жолы жасалды.

– Сонымен әлемдік гуманитарлық салаға олжа салған қандай кітаптар аударылды?

– Биылғы көпшілікке жол тартқан кітаптардың ішінен «Әдебиет теориясы» атты бес томдықты ерекшелеп айтуға болады. Бұл оқулық қазақ оқырмандарын дүние­жүзілік әдеби процеспен таныстырады, әдебиетті киномен, театрмен, қоғамдық үдеріспен байланыстыра отырып жаңаша түсіндіреді. Одан басқа «Батыс философиясының тарихы» деп аталған былтыр басталып, биыл аяқталған төрт томдық жинақ жарық көрді. Мұның сыртында «Тіл тарихы», «Тіл – инстинкт» атты монографиялар аударылды. Бұдан бөлек, «Өнер тарихы» деп аталған әлемнің 30-дан аса тіліне аударылып, 8 миллион данамен шыққан беделді ағылшын өнертанушысының оқулығы шықты. Бұл оқулықтың өнертанушыларға ғана емес, жалпы өнерге қызығатын, соның ішінде бейнелеу өнеріне ықыласты оқырманға берері мол. «Панорама» атты екі томдық дүние жүзінің тарихы тәржімаланды. Бұл – алғаш рет тарихты біз үйреніп қалған формациялық жүйе арқылы емес, өркениеттік тұрғыдан баяндайтын оқулық. Белгілі шығыстанушы Эдвард ­Саидтың «Ориентализмі» Батыстың Шығыс туралы түсініктерін терең сараптайды. Патрисия Уоллейстің «Интернет психологиясы» атты оқулығы ғаламтор мен адам мінез-құлқы арасындағы байланысты талдайды. Сондай-ақ ерекше назар аударуға тұрарлық «Халықаралық құқық», «Маркетинг принциптері», «Дипломатия» және адам ресурстарын басқаруға арналған оқулықтар бар. Бұлардың қай-қайсысы да қазақ тіліне алғаш рет аударылып, білім мен ғылымның және қазақ тілінің әлеуетін көтеруге өз үлесін қосар еңбектер.

– Бұл кітаптар қалай таңдалды? Оқулықтың мазмұны мен кейбір сонда айтылған ойлар ұлттық болмысымызбен үйлесе ме?

– Бұлардың бәрі – оқулық. Біз әуелде оқулықтарды таңдаған мамандармен бірқатар талап төңірегінде келісімге келдік. Соның ішінде оқулыққа деген сұраныстың жоғары екендігін растау үшін кемінде үш басылым болу керектігін айттық. Және соңғы басылымы кейінгі үш жылдан аспау керек. Кітап мазмұны тұрғысынан бейтарап болғанын қаладық. Дәлірек айт­қанда, оқулық белгілі бір теорияны немесе концепцияны насихаттау емес, жалпы ғылым саласына шолу жасайтын жинақ болсын деп шештік. Ұлттық комиссияның жанынан арнайы жұмыс тобы құрылған. Ол топ кітаптардың тізімін осы талаптар негізінде қарап, бекітеді. Бірақ бәрінен ма­ңыз­дысы – бұл жинақтарды еліміздегі жоғары оқу орындары өздері беріп отыр. Жоба басталғанда барлық жоғары оқу орындары бізге 800-ден аса оқулыққа ұсыныс жіберді.

– Енді бұл жоба «100 жаңа оқулықпен» шектеле ме, әлде жалғасын таба ма?

– Меніңше, бұл – шартты атау. Аударма жұмысы жалғасады деп ойлаймын. Басында бәрімізге 100 оқулық аудару көп көрінгені рас. Шынында, бұл аз емес. Бірақ жоба басталғаннан бері отандық гуманитарлық ғылымға жаңа леп келді, аудармаға, қазақша кітап шығаруға деген қызығушылық артты. Сондықтан бұл жобаның арқасында әрі қарай өзі дамитын академиялық аударма индустриясы пайда болады деген үмітіміз бар.

– Ғылыми кітаптарды тәржімалау оңай емес. Ол үшін аудармашылар шет тілін ғана емес, ана тілімізді де жетік білу керек. Аударылған кітаптардың сапасы туралы не айтасыз?

– Шын мәнінде, аударма – аса күрделі жұмыс әрі үлкен өнер. Біз үшін ең маңыздысы – оқулық оқырманға ұғынықты болуы тиіс. Кітаптың түпнұсқасындағы негізгі мазмұн, ой сақталуы керек. Сондықтан аударма бірін-бірі сабақтап, дамытатын бірнеше сатыдан тұрады. Мәселен, экономикаға маманданған, әдетте, пән мамандары экономика оқулығын ағылшыннан қазақшаға аударады. Бұл топтың негізгі міндеті – ғылыми дәлдіктен таймай, автордың ойын нақты жеткізу. Келесі кезекте басқа бір экономист маман, әдетте, ғалым ғылыми редактор ретінде аударма мәтінді оқып, пікір білдіреді. Одан кейін оқулық әдеби редактордың қолына түсіп, ол мәтіннің көркемдік сапасын, стилистикасын қарайды. Аударманы тіл нормалары тұрғысынан редакциялайды. Осыдан ке­йін аудармашылар, ғылыми редактор мен әдеби редактор бірігіп, оқулықтағы әрбір сөйлемді жеке-жеке талқылап, сүзгіден өткізеді. Қажет деп тапсақ, баспаға бермес бұрын кітап «сырт көз» маманға беріліп, тағы бір оқылады. Осылайша сапа үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймыз. Дегенмен де аударма сапасына объективті баға беру өте қиын. Бұл – шығармашылық. Екі адамның бір мәтінді бірдей аударуы мүмкін емес. Біз бұл жобаға еліміздегі «мен» деген ғалымдар мен аудармашыларды, редакторлар мен баспагерлерді тарттық.

– Алда қандай жоспар бар?

– Қазір келесі 30 кітаптың аудармасына кірісіп кеттік. Алдағы жылы жарық көретін оқулықтардың тізімі жасалды. Жұмыс қызу жүріп жатыр.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button