Мәдениет

Сәкен аты асқақтады

Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ кеңес әдебиеті­нің негізін қалаушылардың бірі – Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған «Қайраткер ақын» әдеби-сазды кеш пен көрме өтті. Шара Қанат Жүнісовтің ­«Сәкен-Сұңқар» драмасымен түйінделді.Аталмыш театр мен Сәкен Сейфуллин музейі бірлесіп ұйымдастырған шарада мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов тұлға мерейтойы биыл елімізде кеңінен аталып өтіп келе жатқанын айтты. Соның ішінде Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қалаларында конферен­ция­лар, Жаңаарқа ауданында дүбірлеген той өтті. Тіпті еліміздің шекарасынан асып, Түркияның Анкара шаһарында аталды. Түрксой ұйымы Ілияс, Бейімбет, Сәкенді бөліп-жармай, бауырлас елде ұлықталуына мұрындық болды.
Сәкен Сейфуллин музейі де қарап отырмады. Музей директоры, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы мәдени ошақ өткізген шараларға тоқталып, тұлға есімін ардақтау алдағы уақытта да жалғаса беретіндігін жеткізді.
Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет және спорт басқармасының басшысы ­Нұрлан Сыздықов ­Сәкендей ардақты тұлғадан үлгі-өнеге алуға шақырса, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры Асхат ­Маемиров осы шараның маңыздылығын атап өтті.
Сәкенді үлгі тұтып, ерекше құрметтейтін ақын, әнші, актер, драматург Қанат Жүнісов тұлғаның ұлт үшін атқарған еңбегіне тоқталып, оған арнаған өлеңін оқыды. Белгілі әнші, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қапаш ­Құлышева Сәкеннің әндеріне салды. Жас актриса Ақжан Қанатқызы «Аққудың айырылуы» поэмасынан үзінді оқыды. Осылайша Сәкен аты тағы бір асқақтады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button