Мәдениет

«Салтанаттың» би шашуы

Қазақстан Республикасы «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі Астана қаласында   «Салтанатты елім» атты концерт өткізіп, елге, елордаға өнерден шашу шашты. Кеш Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының концерт залында өтті. Концерт 25-қазан – Республика күніне орай және Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Концертік бағдарламада әлем халықтарының билері және қазақтың ұлттық билері ұсынылды. Концерттік бағдарламада қазақ және әлем халықтарының түрлі-түсті көздің жауын алатын сахналық костюмдерін көріп, тәнті болдық. Сахналық киімдер – мәдениеттің бір бөлшегі десек, ғажайып кеште әр халықтың бейнесін, тарихын, дәстүрін, мінез-құлық ерекшеліктерін ұлттық киімдерден, түрлі билер арқылы бағамдап,  тамаша таңғажайыптар еліне барғандай күй кештік. Елорданың тұрғындары мен қонақтары концерттік бағдарламада «Қазақ өрнектері», «Шашу», «Сылқыма», «Қос алқа», «Балбырауын», «Биші қайың», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Аса таяқ», «Татар биі», «Жастық жалын», «Еврей биі, «Мейірім», «Болгар биі», «Моңғол биі», «Молдаван биі», «Қыз қуу», «Ғажайып тылсым», «Жарық», «Алтынай», «Ел салтанаты» би қойылымдарын тамашалады.

    Ертеден бері қазақ биінің қоржынында қасиетті тұмарындай сақталған классикалық билермен қатар қазіргі заманға сай модерн стиліндегі түрлі жарық, декорациялармен түрлендірген заманауи билер би ұжымының, балетмейстердің жаңаша ізденісін, айрықша талантын таныта түскендей. Сондай қатты әсер еткен бидің бірі «Қыз қуу» болды. Ұжымға жаңа леппен келген балетмейстер, жас талант Талғат Ахметовтың ел алдындағы емтиханындай қуана қабылдағанымыз рас. Қазақтың қаймағы бұзылмаған Маңғыстау өңірінен келген балетмейстер халық алдына шығудың зор жауапкершілік екенін сезіне отырып, бишілердің қабілетін көрсететін, қазақ өнерінің тамыры тереңде, шығар жолы биікте екендігін танытқандай ғажап номер болды. Кешке республикалық және халықаралық конкурстың лауреаты Асқар Мұқият, халықаралық конкурстың лауреаты Рухия Байдүкенова және кеш жүргізушісі Әділет Рахымбай қатысты.

          Кеш біткенде концертке көрермен болып қатысқан биші, педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, өнертану саласының кандидаты, елордадағы Қазақ ұлттық хореография академиясында еңбек етіп жатқан ұстаз Тойған Ізім шығармашылық ұжым мен көркемдік жетекшілеріне жақсы нөмірлерді ерекше атап, жақсы сөздерін арнады, би өнеріндегі тәжірибелі маман ретінде тағы ескеретін тұстарын тілектестікпен айтты.

          «Astana Ballet» театрының жоғары санаттағы қоюшы-балетмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Жиенқұлова атындағы бірінші республикалық қазақ биі байқауының лауреаты Айгүл Тәти де өте көркем тілмен, кәсіби біліктілігімен би ұжымының ерен еңбегіне жоғары баға беріп, би өнерін нағыз таланттар ғана таңдайтындығын, қиындығы қызығымен қатар жүретін жанкешті мамандықтың ыстық-суығына көніп, халыққа эстетикалық ләззат сыйлаудың оңай еместігін әсерлі жеткізді, әріптестеріне апалық ақ тілектерін арнады.

          Танымал бишілер өнер адамдары, өнер жанашырлары жиналған кеште би өнерінің кешегі мен бүгінгісі жайлы толымды әңгіме қозғады. Олар кәсіби маман ретінде «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің директоры, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Елубай Кенжалиев пен көркемдік жетекшісі Қуанышбек Төлегеннің концертті ұйымдастыруда үлкен жұмыстар атқарғанын тілге тиек етті.

Елімізге ерекше еңбек сіңірген, шетелде қазақтың таңғажайып билерін насихаттап жүрген, өнердегі талай жасты қанаттандырып, ұшырған өнер ордасы – «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі қазақтың төл өнері мен ұлттық мәдениетін, халықтың рухани байлығын насихаттап жүрген қазақ биінің қара шаңырағы аталатын қасиетті ұжым. Өткеннен тағлым алып, болашаққа жаңашыл бағыттағы би үлгісімен қанат қаққан өнер ордасы классикалық қазақ биін жаңа тақырыптармен, бейнелермен байытып, шеңберін кеңейтті, әрі қазіргі ұлттық сахналық бидің негіздерін дамытты. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі ұлттық хореография мәдениетінің бай мұрасын және әлемдік хореографияның алуан түрлігін толық насихаттай алатын жалғыз кәсіби би ұжымы болып отыр.

        Жетпіс жылға жуық тарихы бар «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің репертуарында 150-ден аса би қойылымы бар. Қазақтың ұлттық биімен қатар, түрлі ұлт пен этнос арасындағы достықты, махаббат пен бейбітшілікті дәріптеген әлем халықтарының биі де шығармашылықтың үлкен бір шоғырын құрайды. Қазақ халқының биін әлемге таныту, шығармашылық ізденіспен көрерменге тың дүниелерді паш ету – ұжымның негізгі мақсаттарының бірі. Ансамбль гастрольдік сапармен Түркия, Ресей, Бельгия, Оңтүстік Корея, АҚШ, Франция елдеріне  барып, қазақ халқының ұлттық өнерін, дәстүрін, халық биі мен әлем халықтарының билерін орындап, қазақтың өнеріне деген көзқарасты өзгерткен ұжым екенін мақтанышпен айтуға болады.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button