Әлеумет

Себебін өзімізден іздейік…

Кедейшілікке жеткізетін не? Зерттеу­ші мамандар оны алкоголизм, нашақорлық, жұмыссыздық, ауру, мүгедектік, жалқаулық, енжарлық, өмір сүруге бейім­сіздік деп анықтады. Отбасындағы кикілжің, тосыннан болып тұралатып тастаған қайғы да құлдырауға жеткізеді. Білімсіздіктен шығатын біліксіздік, өмірін түзеуге құлықсыздық, жақын-жуығы мен ата-аналарының көмек қолын созбауы, адам тәуекелінен айы­рылып, үнемі жолы болмай иірімге батуы да кедейліктің сүрлеуіне жетелейді екен.

Ауызбіршілікті, намысты, ынсап пен қанағаты бар, арамтамақтық пен масылдыққа арланатын қазақ отбасыларында бұл кедейлік індеті жайламауы керек еді. Егер кедейлік шегіндегілер деп белгіленген адамдардың саны көп болса, онда оның бір себебін қоғамдағы құндылықтардың құлдырауынан да көруіміз керек. Бірақ ол – бөлек әңгіме.
Кедейлік дегеніміз бақуатты өмір сүруімізге қажетті табысымыздың жетіспеушілігі емес. Бұл – ішер ас пен киер киімге жарымағандық. Бұл – білім алуға және басқа қоғамның игіліктеріне қолдың жетіспеу­шілігі. Кедей адамды әлеуметтік жағынан кемсітіп, қоғамнан оқшаулап қуғындалуы. Оның өз тағдырына қатысты шешім қабылдау мүмкіндігін жойып, адам қатарында еленбеуі. Міне, бүгінгі күнде осындай хәлдегі 780 миллион адам халықаралық деңгейде қабылданған кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр.
Өзіміз болсақ, таза кедейшілікпен жақсы өмір сүруге деген ниеттің аражігін ажырата алмай қалған сияқтымыз.
Көпбалалы ананың қоғамдағы өз орны болуы тиіс еді, бірақ бұлар кедейлер қатарын толтырмауы тиіс. Кедейлік шегінде тұрып жатқандарға берілетін атаулы әлеуметтік көмек бөлінгенде билік осыны меңзеп отыр. Демек, бұл қаражатты сіңірі шыққан кедейлер алуы тиіс. Олар кімдер деп барынша түсіндіріп жатырмыз. Бұл жәрдемақы қолда бар дүниесін, қорадағы малы мен басындағы бағын саудаға салу емес. Естіп жатырмыз, осы ақшаға қызығып, тұрмысын «төмендетіп» кедейліктің қамытын өз еркімен мойнына іліп жатқандар жоқ емес екен. Ерлі-зайыпты болса шартты түрде ажырасып, ата-енесімен бірге тұрған отбасылар екіге жарылып, есігінің алдындағы тышқақ лағын сатып, базарда болса да күнкөрісін тастап, тағы басқа «қулықпен» өкіметті алдамақ. Барының берекесін берсін деп, кісінің қолына қарап отырмайтын қазақ үшін бұл – қатерлі құбылыс. Оны көрген балалар ерік-жігерінен айырылып, жақсы өмірге талаптанбайтын, дайын асқа тік қасық болудан жиренбейтін қоғамға жауыққан жан болып шықпай ма?! Ондайлардан кімге не қайыр?
Есектің артын жуса да, ақша тапқысы жоқ адамдар қатары көбейген сайын басқалар да ерінбей еңбек ететін қалпынан ажырай түспек пе? Үкіметтің жұмыссызға жұмыс тауып берейік дегенін қаперге алып, алдымен жұмыс істеп жағдайды түзейік деген ойды басымдыққа алу керек. Сонда ғана ырзық үкіметтен алған ақшадан емес, маңдай терімен табылған аз қаражаттан береке болады деп ойлаймын. Әйтпесе, жәрдемақы беретін шектен асып кетпейін деп маңдайына біткен несібенің бетін қайтарып, құрдымға бата берсе не болады деп қорқамын.

 

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button