Басты ақпаратЕлорда тынысы

Шағын бизнеске – үлкен қолдау

Экономиканың негізгі тірегі саналатын шағын және орта бизнес еліміздің бас қаласында да қарқынды дамып келеді. Жас кәсіпкерлерге елорда әкімдігі тарапынан кең қолдау көрсетілуде.

Сонымен қатар шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылғандар саны жыл өткен сайын артып отыр. Қазіргі таңда қаламызда 223 597 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, оларда жұмыспен қамтылған адамдардың саны – 499 445. 2022 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестің қала экономикасына қосқан үлесі – 69,5 пайыз немесе 7,2 трлн теңге.

Елордада шағын және орта бизнес субъектілерінде жұмыспен қамтылғандар саны артып келеді. Бұл туралы қалалық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров мәлімдеді.

Астанада шағын және орта бизнес ойдағыдай қарқынды дамып келеді. Кәсіпкерлерге қала әкімдігі тарапынан кең қолдау көрсетілуде.

– Қазіргі уақытта қаламызда 223 597 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді және оларда жұмыспен қамтылған адамдардың саны – 499 445. Бұл елорданың экономикалық белсенді халқының 72,8 пайызын құрайды. Сонымен қатар шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылғандар саны артқанын атап өткім келеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестің қала экономикасына қосқан үлесі 69,5 пайызды немесе 7,2 трлн теңгені құрайды, – деді Қуаныш Сапаров.

Шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында елордада кәсіпкерлерге бірқатар қолдау іс-шаралары жүргізілуде. Атап айтқанда, Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында 4 бағыт бойынша қаржылық қолдау жүзеге асырылады. Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталды. Оның атап өтуінше, бірінші бағыт – кәсіпкерлердің несиелері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау. Биыл бұл бағытта екінші деңгейлі банктер арқылы 35,8 млрд теңге сомасына 648 шартқа қол қойылды.

Екінші бағыт – кәсіпкерлердің несиелеріне ішінара кепілдік беру. Осы жылы 8,1 млрд теңгеге кепілдік төлеу сомасына 852 шарт рәсімделді.

Үшінші бағыт – жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізу. Жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізу үшін биыл 1 жобаға 112,8 млн теңге сомасына қолдау көрсетілді.

Төртінші бағыт – мемлекет тарапынан қайтарымсыз негізде берілетін гранттар.

– Сонымен қатар әкімдік «Даму» қорымен бірлесіп, «Астана-бизнес» салалық шектеулерсіз жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын іске асырады. Осы бағдарлама бойынша кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлер 50 млн теңгеге дейін, жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер 100 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие ала алады. Бұл несиенің сыйақы мөлшерлемесі 7 пайыз­ды құрайды. Ол 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Аталған бағытқа биыл 1 млрд теңге қарастырылған, – деді Қуаныш Сапаров.

Сондай-ақ Астана қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары бүгінгі таңда кәсіпкерге беріліп жатқан  қайтарымсыз мемлекеттік грантты олар қандай мақсатқа жұмсай алатынын айтты.

– Қайтарымсыз мемлекеттік гранттар Үкіметтің 2019 жыл­ғы 31 желтоқсанда бекітілген Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында «Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру» қағидасы негізінде беріледі. Биыл сәуір айында осы қағидаға бірқатар өзгеріс енгізілді. Енді грантқа тіркелгеніне үш жыл болған жеке кәсіпкер және республикалық тізілімге енгізілген әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері ғана қатыса алады, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Қуаныш Сапаровтың айтуынша, конкурсқа қатысу үшін кәсіпкермен мемлекеттік грант көлемінің кемінде 20 пайызы мөлшерінде, оның ішінде бизнес-жобаға қатысатын жеке жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікпен қоса қаржыландыруы, жаңа жұмыс орындарын құру, кәсіпкердің бизнес-жобасында инфрақұрылымның болуы және жобаны іске асыру үшін жеткілікті инфрақұрылым құру көзделген инвестициялық жоспардың болуы шарт.

– Кәсіпкерлер грант қаражатын тауарларды шығару немесе қызметтер көрсету үшін қажетті негізгі құралдарды, шикізатты және материалдарды, материалдық емес активтерді, технологияларды, кешенді кәсіпкерлік лицензия құқықтарын сатып алуға, зерттеу жұмыстарына және жаңа технологияларды енгізуге қатысты шығыстарға ғана жұмсай алады. Мемлекеттік гранттарға өтінім қабылдау дәл қазір жүргізіліп жатыр. Өтінімдер 7-16 тамыз аралығында Kezekte.kz онлайн портал арқылы электронды түрде қабылданады, – деді Қуаныш Сапаров.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button