Басты ақпаратМәселе

Мобильді аударым: Жұрт неге алаңдаулы?

Өткен аптада «ұялы телефон арқылы ақша аударымына тыйым салынады» деген хабар жұртшылық арасында біраз дүрбелең туғызды. Сауда жасау­шылар «енді қайттік, «Kaspi әмияндағы» ақшамен есеп айырысып үйреніп қалып едік» деп біраз уайымдаса, сатушылар: «Үкімет бізді шөміштен қысатын болды-ау. Бұл тағы қандай «тосынсый» болды?» деп реніш танытты. Ал шындығында қатты алаңдайтын дәнеңе де жоқ еді.

Әзірге төлем бұрынғы

Оны көп кешікпей Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев түсіндіріп берді.

«Фискалды органдар күніне 100-ден аса мобильді аударым жасайтын қазақстандықтарды тексеретін болады» дегенге көпшілік алаңдаулы. Бұл жерде қатты сарыуайымға салынатын ештеңе жоқ. Қазір тек екінші деңгейлі банктермен ақпарат алмасу жүріп жатыр. Негізі, бұл – 2025 жылға дейін жүйелі жүргізілетін жұмыс. Барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Ешқандай тексеріс, халыққа қысым деген болмайды. Оған мен кепілдік беремін» деді ол.

Осының өзі қайдан шыққан әңгіме дейтін болсақ, ол тап бүгін ғана аяқастынан көтеріліп отырған жоқ. 2022 жылдың 29 наурызында Қаржы министрі өзінің №323 бұйрығымен жеке тұлғалардың банктегі есеп шотында жүргізілген операциялар кезінде кәсіпкерлік қызметке салық салу критерийін бекіткен болатын. Бұл ақпаратты салық органдарына банк операцияларын жүргізетін екінші деңгейлі банктер мен ұйымдар беріп отыратын болады. Алайда ол қашан және қай уақытта, қандай жағдайда жүзеге асырылатыны әрі оның қазақстандықтардың барлығына бірдей қатысы туралы нақты ешкім ештеңе түсінбей дал болуда. Сондықтан таксиге ақы төлеуде, азық-түлік сатып алуда, басқа да мобильді аударымдар арқылы есептесуде біреулер «енді не істейміз?» деп «күйіп-пісіп» жатыр.

2025 жылдан бастап бақылаукасса машинасын пайдаланбай-ақ, тауарға немесе қызметке мобильді ақша аудару арқылы есептесу, сондай-ақ шек бермеу – бұл тәртіп бұзу. Мұндай адамдарға алғаш рет ескерту жасалып, егер бір жылдың ішінде қайталанған жағдайда 15-тен 50 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.

Астана қаласында көптеген дүкен иелері мобильді ақша аударымдары туралы әңгімені естігенмен, жұмысын сол бұрынғыша жалғастырып жатқанын айтады. Мәселен, Мағжан Жұмабаев даңғылындағы «Радуга» шағын сауда нүктесінен үнемі адам арылмайды. Мұнда төлемдерді тұрғындардан тек мобильді ақша аударымы арқылы қабылдайды. Сондықтан да дүкенде азық-түлік пен көкөніс, жеміс-жидек басқа жерге қарағанда арзандау. Мұның сырын сұрағанымыз­да, дүкенші «көтерме сауда бағасымен алып, көп үстеме қоспай сатамыз» деп жауап берді.

Әлсін-әлсін айтылады

Ал Бейімбет Майлин көшесіндегі құрылыс супермаркетінде де төлем тек аударым арқылы жүргізіліп жатты. Біз бас сұққан дәмхана, «Аспан базары», жеміс-жидек дүңгіршегі – барлығы да картамен де, мобильді аударым арқылы да, қолма-қол ақшамен де есептесіп жатты.

«Адамдар мобильді ақша аударымына салынатын салық туралы әлі жете түсініңкіремей жатыр. Микробизнес өкілдері қазірдің өзінде өздерінің ұялы телефондарын жиі ауыстыратынды шығарды. Өйткені «айына жүз аударым жасаған кәсіпкерге салық салынады» дегенді естіген адамдар бірнеше телефон ұстап, айлаларын асырғысы келеді» дейді экономист Жұмағазы Кенжебек.

– Ал кейбір сауда нүктелері мен халыққа қызмет көрсету саласы қазірдің өзінде QR-код арқылы немесе карточкамен есеп айырысуға көше бастаған.

Елді есеңгіретіп кеткен кешегі індеттен кейін мобильді төлемдерді фискалдау жөнінде қолданыстағы заңға өзгерістер енгізу қарастырыла бастады. Өйткені ол кезде әп-сәтте ұялы телефон арқылы ақша аудара қою жеке тұлғалар арасында кәсіпкерлік қызметтің тасын өрге домалатып тұр еді. Осы мәселені заң тұрғысында реттеу керек екенін ең алғаш Парламент қабырғасында көтерген сенатор Ғұмар Дүйсембаев болды. 2021 жылдың қараша айында ол «мобильді төлемдер» деген түсінікті нақтылап, тауарлар мен қызметтерге ақы төлеуде ұялы телефондар арқылы есеп айырысуды әрі онлайн-бақылау-касса машинасын қолдануды заңдастыруды ұсынды. Кәсіпкерлерге бизнес­ке арналған жеке шоттарын пайдалана отырып, сол арқылы Мемлекеттік кіріс комитетіне салық төлеуді міндеттеу керектігі жөнінде ой қозғады.

Расы керек, сенатор Ғ.Дүйсембаев көтерген сол мәселе ол кезде ешкімнің ойында болмаған-тын. Айтылған бойда елге тарады да кетті. Енді базарлар мен дүкендерде, сауда желілері мен медициналық орталықтарда сауда жасаушылар да, тіпті өз көлігімен көшеде табыс тауып жүргендер де: «мобильді ақша аударымы қабылданбайтын болды. Қолма-қол ақшамен есеп айырысамыз» деп қобалжыды. Өйткені «ақша аударылса, әр сатылған тауардан пайыздық үстеме ұсталады» деген түсінік пайда болды. Бұл қанатқақты жобаның о баста жұртшылыққа бүге-шігесіне дейін түсіндірілмегенінен келіп туындаған дүрбелең еді. Абырой болғанда, оны жүзеге асыруды ҚР Қаржы министрлігі 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін кейінге қалдырып, біраз тыншығандай болғанмен, «керек кезінде» әлсін-әлсін көтеріліп қалып, халықты қобалжытуын қоймай келеді.

Чек бермеу – салықтан жалтар

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Айнұр Сартаеваның айтуынша, мобильді аударымдар әзірге барлық азаматқа бірдей қатысты емес. Биыл мемлекеттік қызметкерлер мен олардың зайыбы, сондай-ақ оларға теңестірілген адамдардың банктегі есеп шоттары тексеріледі. Тексерілгендерде екінші деңгейлі банктер оларға кәсіпкерлік қызметке қатысы бар-жоғына байланысты мониторинг жүргізеді.

Ал қалған адамдардың банктердегі ақша аударым мәліметтері туралы салық комитетіне белгілі бір критерийлер нақтыланып, келісілгеннен, яғни 2024-2025 жылдары кіріс туралы жалпыға бірдей декларация тапсырғаннан кейін ғана беріледі деп күтілуде.

Нақтырақ айтсақ, 2024 жылы бюджет саласы қызметкерлері мен олардың зайыбы, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің ақша аударымдары бақылауға алынса, жылдың аяғына таман заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайы тексеріледі.

Ал 2025 жылы осы сызба-­жүйе бойынша аударым жасаған барлық қазақстандық бақылауға алынады.

Бақылау-касса машинасын пайдаланбай-ақ, тауарға немесе қызметке мобильді ақша аудару арқылы есептесу, сондай-ақ шек бермеу – бұл тәртіп бұзу. Мұндай адамдарға алғаш рет ескерту жасалып, егер бір жылдың ішінде қайталанған жағдайда 15-тен 50 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.

Қазір осы аталған қанатқақты жобаға «Kaspi Bank» АҚ, «Халық банк» АҚ және «Банк Центр Кредит» АҚ қатысуда.

– Сатып алушы мобильді аударымның, шын мәнінде, қаражатты біреудің әмиянына тегін аударып беру екенін түсінуі керек. Егер чек берілмесе, атқарылған қызмет пен сатып алынған тауарды дәлелдеу қиынға соғатынын әркім де білгені жөн. Жасыратыны жоқ, елде чек бермей мобильді аударымдар арқылы саудасын дөңгелетіп жүрген кәсіпкерлер көбейіп кетті. Бұл, түптеп келгенде, қазынаға түсетін салықтан жалтару деген сөз болып шығады. Сондықтан қазір «Азаматтық бақылау – чекті талап ет» атты акция қолға алынып отыр. Мақсаты – жасалған саудадан бюджетке пайда түсіру. Оған елдің әрбір азаматы атсалысса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Мемлекеттік кіріс комитеті мемлекеттік қызметтер басқармасының бас сарапшысы Данат Кезембаев.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button