Басты ақпаратБілім

Грант кімдерге бұйырды?

Қазір оқимын деген балаға мүмкіндік мол. Үлкен өмірге қадам басқан жастарды маңызды сынақ – ұлттық бірыңғай ­тес­тілеу күтетіні белгілі. Бір жақсысы – биыл да талапкерлер ҰБТ-ны екі рет тапсыра алады. Жуырда мемлекеттік білім грант иегерлерінің тізімі жарияланды. Биыл ҰБТ-да 135 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады. Үстіміздегі жылы үздік нәтижесі бар сертификатты мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына ұсыну мүмкіндігі берілді.

Қай мамандық сұранысқа ие?

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес халық тығыз қоныстанған батыс және жаңадан құрылған өңірлердің жастары үшін гранттар бөлінді. Педагогикалық, инженерлік, IT мамандықтарға және жаратылыстану ғылымдары бойынша Атырау облысына – 1500, Маңғыстау облысына – 1500, Ұлытау облысына – 300, Жетісу облысына – 300, Абай облысына – 500, Шымкент қаласына – 400, Түркістан облысына 500 грант берілді.

Бір гранттық орынға ең үлкен конкурс «Стоматология» мамандығы бойынша болды. Бұл мамандық бойынша 22 талапкер бір орынға талас­ты. Әрі қарай «Халықаралық қатынастар және дипломатия» (14 адам), «Құқық» (11 адам), «Музыка мұғалімдерін даярлау», «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» және «Психология» (10 адам) мамандығы.

Грантқа үміткерлер арасында балдар теңдігі жағдайында басым құқыққа ие болатын 20 мыңға жуық талапкер, олардың ішінде «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық және рес­публикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері бар. Сондай-ақ гранттарды үйлестіру барысында әлеуметтік осал санаттағы балалардың квоталары ескерілді.

Бөлінген білім грантының саны – 73 мың, оған конкурста 94 мың оқушы таласады

(1 орынға – 1,5 адамнан). Бәсеке мүлдем жоқ деуге болады

Жоғары оқу орындарына құжаттарды тапсыру 25 тамыз­ға дейін жүзеге асырылады.

Парламент Mәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов «Грантты жеңіп алмағандарға не істеуге болады?» деген сауалға былай деп жауап берді.

Бастысы, әлі де грантты жеңіп алуға мүмкіндік бар. Қалайша?

Біріншіден, игерілмеген бірнеше мың грант қайтадан үйлестіріледі. Яғни грант алған талапкерлерден кейін тұрған талапкерлерге ҰБТ-да жинаған ұпай санына сәйкес беріледі. Соны күтуге болады.

Екіншіден, әкімдіктердің гранты бар. Бірнеше мың грант жергілікті бюджеттен бөлінеді.

Үшіншіден, «Қазақстан хал­қына» қорының гранты тағы бар.

Төртіншіден, кейбір талапкерлер түрлі себеп бойынша жеңіп алған грантынан бас тартады. Олардың саны да аз болмайды. Ол гранттар да қайта тағайындалады.

Бесіншіден, тіпті ештеңе болмаса, университетке ақылы түрде түсіп, кейін жақсы оқып, GPA жоғары болса, білім алу кезінде босаған бос грантты ұтып алуға болады.

Алтыншыдан, «gap year» арқылы бір жыл дайындалып, қайтадан ҰБТ тапсырып, грантты жеңіп алуға болады. Ол – менің өз басымнан өткен оқиға. Бұл да жақсы шешім.

Жетіншіден, колледжге түсуге болады. Колледжде грант көп, қажетті мамандықтар бойынша колледж бітіргендер нарықта тапшы. Керек болса, кейін әрі қарай ЖОО-ға түсіп, қысқа мерзімде жоғары білім алып шығуға да болады.

ҰБТ-дан соң…

Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі шыққаннан кейін пікір екіге жарылды: бірі грант көлемінің көбейгеніне қуанса, бірі оқу сапасына алаңдайтынын жеткізді. Оқып көрелік.

– Жалпы бөлінген білім грантының саны – 73 мың, оған конкурста 94 мың оқушы таласады (1 орынға – 1,5 адамнан). Бәсеке мүлдем жоқ деуге болады. Менің ойымша, ел Президентіне дұрыс ұсыныс берілмейді немесе оған жалған ақпарат беріледі. Осындай қате ұсыныстың салдарынан жақсы оқитын оқушы да, үлгерімі нашарлар да білім грантына ие болады. Ал бүкіл жоғары оқу орындары – университеттер түсініксіз жағдайда қалады, – деп алаңдайды Ерболат Мұхамеджан өзінің Facebook парақшасындағы жазбасында.

– Мемлекет төлейтін грант құны нарықтық бағадан бірнеше есе төмен және нарықтық жағдайды әділетсіз реттейді, – дейді ол.

Желіде халық не дейді?

– Грант санының көптігі сапаны төмендетуде. Кей мамандықтардың гранты жабылмай қалып, жарты жылдан соң қайта бөліске түсіп, сапырылысып жатқаны. Грант құны төмен. Кемінде бакалавриат 2 млн, магистратура 3 млн, докторантура 4 млн болуы керек. Университеттер сонда ғана еңсесін көтереді, – дейді Бауыржан Ердембеков.

– Соңғы жылдары грантты тым көбейтіп жіберді. Колледж­ге бөлінген грант одан көп. Жылда игерілмейтін қаншама грант қалады. Бірақ сонда да бөле береді, – дейді Аятжан Ахметбекұлы.

– Мектепте де білім жоқ. 50 балмен түсіп кетуге болатынын біледі ғой, сосын оқымайды. Бұрын біз оқыған кезде 28 баланың 8-і ғана грантқа түскен(қадірлі болатын). Енді қазір бәрі қуанып жатыр ғой, бірақ кейін аз балмен түскендер жұмыс істегенде қызықтың көкесі сонда болады. Қандай балл – сондай маман! Сапа мәселесі ғой, – дейді Шырын Қауанова.

– Айтқаныңыз орынды. Мен Абай атындағы ҚазҰПУ тапсыр­ғанда, 50 орынға 700-дің үстінде құжат тіркелген еді. Бұл – 1990-91 жылдар. Тест жоқ, ауызша тапсыратын едік.

P.S: Министрліктің мәлімдеуінше, университеттерге түсуге және өмірдегі жаңа кезеңнің басталуына дайындалатын соңғы сынып оқушылары үшін ыңғайлы жағдай биыл да жасалады. Былтырдан бері ҰБТ-ға қатысты бірнеше артықшылық енгізілді. Яғни бұл – тестілеуді 4 рет тапсыруға және грантқа түсуге 2 мүмкіндік. Қалғаны талапкердің ұмтылысы­на байланысты.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button