Басты ақпаратМәдениет

«Азия жаңғырығы» ашылды

Кеше Астанада «Азия жаңғырығы» ХІV халықаралық цирк өнері фестивалі ашылды. Елорданың 25 жылдығын мерекелеу аясында қала әкімдігінің қолдауымен осы аптаның аяғына дейін ­жалғасатын өнер мерекесін ұйымдастырушы – Астаналық цирк.

Бұл фестиваль әлемдік цирк өнерінің үздік жетістіктерін сақтау, дамыту және насихаттау, көрермендердің цирк өнері туралы танымын кеңейту мақсатында жыл сайын өткізіледі. «Азия жаңғырығы» алғаш рет 2007 жылы ұйымдастырылып, қазір осы өнер саласындағы беделді халықаралық фестивальдердің біріне айналды. Осы уақытқа дейін онда әлемнің үздік цирк нөмірлері көрсетіліп, төрткүл әлемдегі жас және атақты цирк әртістерінің өнерін тамашалауға мүмкіндік берді. Бүгіндері фестиваль өтетін күндерді Астананың ғана емес, біртұтас Қазақстан халқы асыға күтеді.

Биыл он төртінші рет басталған фестиваль Азия елдерінің ғана емес, Еуропа, Солтүстік Америка мемлекеттерінің цирк майталмандарын жинап отыр. Атап айтқанда, АҚШ, Франция, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Венгрия, Қытай, Болгария, Израиль, Якутия, Германия,Тәжікстан және Қазақстан елдерінің әртістері А және Б конкурс бағдарламаларында бес күн бойы Астаналық цирк аренасында өнер көрсетеді.

Оларға осы салада әлемде мойындалған мамандар баға береді. Қазылар алқасының төрағасы – Астаналық цирктің бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ерік Жолжақсынов. Қазылар құрамына Монте-Карло халықаралық цирк фестивалінің вице-президенті Урс Пилз, Италияның халықаралық цирк өнері фес­тивалінің президенті Фабио Монтико, «Firebird Productions Ltd» компаниясының президенті Петр Дубинский, Будапешт қаласының Ұлттық цирк өнері және цирк орталығының директоры Питер Фекете, Cirque D’Hiver Bouglione президенті Одетте Буглионе, Беларусь Мемлекеттік циркінің директоры Владимир Шабан, Тәжікстан Республикасы Мемлекеттік циркінің директоры Бахтиёр Рахматуллозода, Саха Республикасы Мемлекеттік циркінің директоры Сергей Расторгуев, Қазан Мемлекеттік циркі директоры Эльмира Булатова, Моңғол циркін дамыту орталығының президенті Нергуй Ердене, Түрлі түсті бульвардағы Мәскеу циркі бас директорының орынбасары Александр Огурцов, Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Мақсат Жайықов бар.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button