Жаңалықтар

Шаттығы шалқыған шаңырақ

Туяков2

Алпыс жыл бойы бір шаңырақ астында өмірдің ащысы мен тұщысын қатар бөлісіп келе жатқан үлгілі отбасылар арамызда саусақпен санарлықтай ғана. Солардың бірі – мен үшін үлгі етуге де, мақтан тұтуға да тұрарлық өнегелі шаңырақ иелері, астаналық Қамариден ақсақал мен Үндемес әжей Тұяқбаевтар.

Қазынаның үйінде тұрса да, ескінің көзін көрген қариялар есік құлыптау дегенді мүлде білмейді. Қашан келсеңіз де, пәтердің есігі айқара ашық. Бірі келіп, балаларының бірі кетіп жатады. Одан қалса, алыс-жақындағы туған-туыс, жақын-жекжат, жұрағаттар да жиі бас сұғады. «Қарты бар үйде қазына бар». Көпшілігі егде тартқан ағайындарының көңілін сұрай келсе, ел игілігі жолында еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетіне бөленіп, үбірлі-шүбірлі болып отырған ақсақалдан бата алуды ниет етіп, осы жаққа жол салатындар да аз емес. Әйтеуір, астаналық Тұяқбаевтардың үйінен кісі арылмайды. Өздері солардың бірде-бірін жатсынбайды. Керісінше, «Қонақпен еріп ырыс, құт келеді» деп отыратын Қамариден ақсақал мені де етжақын туысындай жылы шыраймен қуана қарсы алды.
«Бүгін қай тентек бас сұғар екен деп есікке қарайлап отыр еді, өзіңді көргенде күллі Өркендеу көшіп келгендей шаттанғанын көрмейсің бе?». Әжейдің жүзінен қуаныштың табы еседі. Төркін жұртының жұрнағы келгенде қуанбай қайтсін. Бір ауылдан болғанымыз болмаса, жақындығымыз шамалы. Бірақ, құдды бір туғаны келгендей бәйек боп жүр. Үлкендерді осыншалықты әбігерге салғаныма іштей ыңғайсызданғанымды сезе қойды ма, ата алдымен сөз бастады.
– Өткенім өзіңе аян. Талай рет қайталаған да шығармын. Қажет болса, тағы айтайын, – деп бір қайырды да, ақсақал әңгімесін жалғады. – Ерте ер жеттік. Елмен бірге есейдік. Еңбектен бел жазбадық. Содан жаман болған жоқпыз…
Сөзінің жаны бар. Қиындықтан көз ашпағаны шындық. Ел басына күн туған қиын-қыстау жылдарда дүниеге келген балаларда қандай балалық шақ болсын?! Тек, ата-анасының ала жіпті аттамас адалдыққа, кісілік пен кішілікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеп, өмірлік қадамына бағыт-бағдар нұсқап, келешек мақсат-арманына жөн сілтеп отыратыны ғана еміс-еміс есінде. Олардан ерте айырылды. Содан да болар, бала боп еркелемеді. Ерте есейді. Өзіне тиесілі істі ертеңге қалдырмай, тыңғылықты бітіретін қасиеті мен кісіге қиянат жасамай, үлкенге құрмет, кішіге ілтипат көрсете білетін кеңпейілділігі оны өмірде тек биіктерге жетеледі. Есейіп, ес білгеннен кейін еңбегімен еленіп, лауазымды қызметтерді атқарды. Оған тұстастары куә.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Қамариден ақсақал кемпірі екеуі ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, сол ұрпағынан өрбіген немере-шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп отыр. Тағдырдың талай тәлкегін бастан өткерсе де жасымай, балаларын қатарынан қалдырмай тәрбиелеп, өсірген олар осылайша көпке үлгі болған шаңырақтың діңгегін қалады. Осынау жарастықтың сыры неде екенін сұрағанымда, ата іркілместен үн қатты.
– Отбасының берекелі болуы өзара сыйластыққа, қанағат пен ауызбірші-лікке байланысты. Кешірімді бола білгеннен кішірейіп қалмайсың. Қазір қосылмай жатып айырылысуды ойлайтындарды да көріп жүрміз. Бірге өмір сүрген уақытымызда біз ажырасу деген ұғымды мүлдем ойламаппыз. Қайғыда да, қуанышта да бірге болдық. Сондықтан да болар, әлі күнге дейін тату-тәтті өмір сүріп, немере-шөберенің қызығын бірге көріп келе жатырмыз…
Олар – Ақмоланың тумасы. Қалаға жақын орналасқан Қорғалжын ауданында туып-өскен екі жас сол жерде, мектептің соңғы сыныптарында оқып жүргенде танысады. Кейін Қамариден Тұяқбаев Алматыдағы тау-кен институтына оқуға түсіп, екінші курста тағдыр тоғыстырады. Бұл соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезең болатын. Соған қарамастан, қаймағы бұзылмаған қазақы тәрбиені бойларына сіңіріп өскен жұбайлар қиындыққа мойымай, тірліктің талай ауыртпалығын артқа тастайды. Бір-біріне қатты сөз айтып, бірінің көңілін екіншісі қалдырып көрген жоқ. Жоғары оқу орнын ойдағыдай аяқтағаннан кейін Қ.Тұяқбаев жолдамамен Рудный қаласына келіп, сондағы тау-кен байыту зауытында алғашқы еңбек жолын бастайды. Одан әрі Арқалықта кен өндірісін дамытуға орасан зор үлес қосқан жанның еңбегі ескерусіз қалмады. Оған кеудесіндегі медальдары мен төсбелгілері қалтқысыз куә.
Жастық шақта қиындықты аз көрмеді. Соған қарамастан, перзенттерін ел қатарлы өсіріп, үлкен дәрежеге жеткізді. Келіндері мен күйеу балаларын өз балаларынан кем көрмеді. Бүгінде немерелерінің алды нәрестелі болып, шөберелерін бауырға басып отырған қария: «Аллаға шүкір, арманым жоқ, тек балаларым аман, еліміз тыныш болса екен. Солай емес пе, бәйбіше?!» деді. Сол арада әңгімеге Үндемес әжей араласты. «Солайы солай ғой. Әрине, отағасының айтқанының бәрі жөн. Ерлі-зайыптылардың арасында ең алдымен сабыр мен сыйластық болуы керек. Балаларымызға осыны әр кез қайталап, үлгі етіп жүреміз. Ал, отбасындағы бауырмалдық береке мен бірлікке бастайды».
Расында да, шаңырақтың қазынасы болып отырған Қамариден ақсақал мен Үндемес әжей бар ғұмырын балаларын оқытуға, оларға дұрыс тәрбие беруге арнапты. Ынтымағы жарасқан отбасы байлықты әсте мақсат тұтпады. Материалдық құндылықтарымен, қымбат жиһаздарымен, бағалы заттарымен емес, олар әр кез білімді де тәрбиелі перзенттерімен мақтанады. Береке-бірлігі жарасқан әулет балаларының бәрі жоғары бі-лімді, түрлі салада тәуелсіз еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүр. Олардың арасында дәрігер де, көлік, қауіпсіздік саласының қызметкері де, жеке кәсібін дөңгелетіп жүрген кәсіпкер де бар. Солардың бірі – қазіргі кезде «Вечерняя Астана» газетінде қызмет атқарып жүрген қыздары Шолпан Ақбалаева. Әріптесімді әңгімеге тарттым.
– Баланың адал болуы да, адам болуы да отбасындағы тәрбиеге байланысты. Оны ұғындырған дәл осы кісілер. «Дүниеге, байлыққа құнықпаңдар, қызығып соңынан қумаңдар. Азықтарың – ақылдарың, байлықтарың – бірліктерің болсын, содан айырылмасаңдар, сендерден тоқ, сендерден бай адам болмайды» деп отырады әке-шешем. Осы сөздер құлағымызға әбден сіңіп қалған. Енді оны біз балаларымызға айтып, ата-әжелерінің өмірін үлгі етіп келеміз, – деді ол.
Қоштасарда ата қолымнан қатты қысып: «Келіп тұр, қарағым. Үй осы, өзіңдей қонаққа есігіміз қашанда ашық» деді. Мен басымды изеп, уәде бердім. Әлі талай әңгімесін тыңдап, атаның қызықты жағдайларына куә болармын деген ой қылаң берді. Тек, қариялар қартаймай, қазына боп, ортамызда аман-сау жүре берсе екен!

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button