Әлеумет

Шұжықтан шыққан шу

Шұжықтан тағы адам уланды. Кеше Ақтауда шұжық қуырып жеген отбасы мүшелері ауруханаға түсті. Сорақысы сол, 3 жасар сәби қайтыс болды.

Сөйтсе, 5 ай бойы тұрып қалған «Краковское» деген шұжықты анасы танысынан алып келіпті. Астан уланған анасы 7 сағат бойы (!) жылаған жас баланың дауысын естімеген. Таңғы 8-де ғана есін жиып, өлген баланың денесін тауыпты. Көршілері жедел жәрдем шақырғанымен, бәрі кеш еді. Неге екені белгісіз, уланған әйелдің күйеуі ауруханаға түспеген. Ал сол күні тамаққа шұжық пен макарон, құрғақ сүт қана пайдаланылған көрінеді. Демек, бейкүнә баланың ажалы шұжықтан болған!
Биыл 21 қазанда Бурабайдағы ауруханада 2 жасар қыз бала қайтыс болды. Инфекционист-дәрігерлер оған «ботулизм» деген диагноз қойды. Сәл кейінірек, емдеу мекемесіне сол отбасындағы 3-5 жастағы екі бала келіп түседі. Дәрігерлер балалардың жартылай ысталған шұжықтан уланғанын анықтады. Аналары ол шұжықты Шортандыдағы сауда үйлерінің бірінен сатып алыпты. Осы қайғылы оқиғадан бері 1 айға жуық уақыт өтті. Алайда құзырлы органдар 2 жасар баланың өліміне не себеп болғанын нақты айтқан жоқ. Ақтаудағы шұжықтың шуы да бірер күннен кейін ұмытыла ма? Не деген жауапсыздық?! Құзырлы мекемелер ай қарап, шошқа тағалап отыр ма?
Айтпақшы, бірер уақыт бұрын қоғамдық денсаулық сақтау комитеті елімізде құрамында консерванттары мен антибиотиктері жоғары шұжықтар сатылып жатқанын айтып, дабыл қаққан. Барлығы – ресейлік өнімдер. Мысалы, құрамында натрий нитриты мен антибиотиктер көп өнімді тұтынған адамның денсаулығы күрт нашарлайды. Ал сараптамаға алынған 1241 шұжықтың 285-і техникалық талаптарға сәйкес келмеген. Негізінен алғанда, мамандар Ресейдегі «Стародворские колбасы», «Омский бекон» сияқты ірі-ірі кәсіпорындардың өнімдерінің құрамын зерттеп, жағаларын ұстаған. Ұстамай қайтсін, жұрттың дені сүйіп жейтін «Докторская» шұжығында натрий нитритінің көрсеткіші – 66,6 мг/кг, «Бутербродная» шұжығында – 109,8 мг/кг құраған. «Омский бекон» АҚ-ның өнімдерінде левомицетиннің құрамы да артық екен. Нитриттер қанға араласып, соның әсерінен метгемоглабин деген зат пайда болады. Ол гипоксияға шалдықтырады, ал гипоксия әлсіздік туғызып, адамның жүрегін айнытып, құстыруға апарады. Сондай-ақ жүйке жүйесінің, жүректің, бүйрек пен бауырдың жұмысына зақым келтіреді. Айдың-күннің аманында балалар шұжықтан улана берсе, не болмақпыз?..

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button