Саясат

Сауда соғысының салдары

Әлемдегі экономикалық қатынастар барған сайын қиындап келеді. Мұны бұрнағы күні «Астана клубының» отырысында Нұрсұлтан Назарбаев та айрықша атап өтті. Ол қазіргі таңда орын алып отырған Қытай мен АҚШ арасындағы текетірестің дүние жүзі экономикасының өсуіне кері әсер ететініне тоқталды. «Экономикалық қайшылықтар талай жұрт ашықтан-ашық сауда соғысы деп бағалайтындай дәрежеге дейін шиеленісіп кетті. Солардың бірі әлем экономикасының 1/3 бөлігін, жаһандық экспорттың 20 пайызын, әлемдік инвестицияның 1/3 көлемін құрайтын АҚШ пен Қытайдың арасында өрбіп жатыр». Мұндай қарым-қатынастың соңы, сөз жоқ, жаһанда жаңа дағдарыстың жаппай етек алуына апарып соқтырады. Оның ықпалы, әсіресе, дамушы елдерге қаттырақ білінер еді.

Екі елдің шиеленісі жалпы әлем­дік сауда айналымының 2,5 па­йызын қамтиды. Және бұл әзірге текетірестің басы ғана сияқты. Себебі қазір екі жақтың алған беттерінен қайтар түрлері байқалмайды. Керісінше, ол барған сайын ушыға түсуде. АҚШ президенті Дональд Трамп 18 қыркүйекте мұны тағы айғақтап, Қытайдың құны $200 млрд тұратын импорттық тауарларына 10 пайыздық баж салығын ендірді. Егер Қытай бұған осындай дәрежеде қарсы жауап қайтарар болса, Құрама Штаттар салық салудың үшінші кезеңіне көшіп, жалпы құнды $267 млрд-қа дейін жеткізгелі отыр. Сол кезде санкция Қытайдың барлық дерлік тауарларын қамтитын болады.
Шындығында да, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы осы елдің ғана мүдделеріне соққы бе­ріп қана қоймайды, сонымен қатар әлемдегі саудаға өзінің қатты кері әсерін тигізеді. Сарапшылардың пікірлерінше, экономикалық жағынан қуатты екі держава арасындағы сауда соғысы ұзақ уақытқа созылып, олардың өздерін тұралатып тастауы, сондай-ақ әлем саудасын біраз тығырыққа тіреуі мүмкін. Макроэкономикалық тұрғыдан алғанда, екі жақтың бір-бірлеріне сауда баж салықтарын салулары АҚШ пен Қытай экономикалары өсіміне шамамен 0,1-0,2 пайыздық пунктте тежеу салады. Бұл цифрлар оншалықты көп емес, алайда АҚШ пен Қытай секілді экономикалары зор елдерге осының өзі айтарлықтай шығын болып келеді. Бұдан бөлек, бірте-бірте өсіп келе жатқан белгісіздік пен тәуекелшілдік бизнес пен инвестицияға деген сенімнің азайып кетуіне тікелей әсер етпек. Жоғарыда айтылған әрекеттер жаһан жүзіндегі өндіріс пен баға тізбегіне кең көлемде айтарлықтай жойқын соққы береді. Макроэкономика тұрғысынан келгенде, АҚШ-тың Қытай тауарларына жаңа баж салықтарын енгізуінен Құрама Штаттарға тауар экспорттайтын қытай кәсіпорындары ғана емес, сонымен бірге Қытайда жұмыс істейтін америкалық компаниялар да елеулі зиян шегеді.
Қысқа мерзімдік перспективада бұл сауда соғысы Қытай экономикасы күрт өсе түсуі мен елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың тұрақтануына елеулі дүмпу береді. Бірақ уақыт ұзаған сайын оның әсері азайып, ауқымы тарыла береді. Дегенмен сауда соғысының негізгі қиындықтарын АҚШ немесе Қытай емес, бағаның орасан зор тізбегіне тәуелді әлем экономикасы тап болады. Сарапшылардың пікірлерінше, бұл екі ел арасындағы сау­да текетіресінің келешектегі зардаптарына АҚШ пен Қытай ғана емес, сонымен бірге күллі әлемнің кең ауқымды экономикасы да ұшырайды.
Ресей экономика мектебінің про­фессоры Наталья Волчкова АҚШ пен Қытай арасындағы бұл ке­ліспеушіліктің қыр-сыры мен те­тігіне үңіле отырып, оның негіз­гі себептері мен зардаптарына тоқ­талады. Бұл соғысты биылғы қаңтар айында Дональд Трамптың әкімшілігі бастады. Ол күннен қуат алатын батареялардың импорттық тарифін 30 пайызға дейін көтеріп жіберуден өрбіді. Ал оларды негізгі жеткізуші Қытай еді. Бұған Бейжің жауап ретінде 2 сәуірде АҚШ-қа қатысты 128 тауар позициясының баж салығын едәуір өсірді. Бұдан кейін Вашингтон Қытайдың жалпы құны $34 млрд болатын тауарларына импорттық баж салығын 25 пунктке жоғарылатты. Әлбетте, Қытай да бұдан қалыспады, осынша көлемдегі тауарлардың салығын шығандатып қойды. Сосын Құрама Штаттар тамызда құны $16 млрд тұратын тағы бірқатар тауарлардың тарифтеріне өсім берді. Қытай бұған да іле-шала жауап қайтарды. Бұдан әрі қыркүйекте АҚШ $200 млрд, Қытай $60 млрд сомалары мөлшерінде салықты ұзартты. Осы эскалация толқынының әрбірінен кейін Бейжің Бүкіләлемдік сауда ұйымына Вашингтонның үстінен шағым түсіріп отырды. Бұдан бөлек, екі елдің ресми өкілдері бірнеше рет кездесті. Бірақ олардың ешқайсысынан да пәлендей оң нәтиже болған жоқ.
Сонда әлемде бұрын-соңды бол­маған шиеленістің қанат жаюына не себепкерлік етті? Әлем сарапшыларының ойларынша, мұның бір ғана нақты себебі бар. Соңғы жылдары АҚШ пен Қытайдың экономикасы қатты қарқынмен дамып, жаһандағы басқа елдердің бәрін көп артта қалдырып кетті. Екі елдің тауар айналымдары басқалардан көш ілгері озық. Бірақ сауда тасқынында үлкен дисбаланс бар. Мәселен, 2017 жылы АҚШ Қытайға жалпы сомасы $526 млрд тұратын тауарлар жөнелтсе, Қытай өз кезегінде бұл елге $154 млрд шамасындағы импорттық бұйымдарын апарды. Бұған қоса, Бейжің ара-тұра қызмет көрсету түрлерімен жағдайды түзетуге тырысты. Алайда мұның өзі де жеткіліксіз болып шықты: сол жылдың ішінде АҚШ Қытайға $57 млрд-тың қызметін жасаса, өзі Қытайдан небәрі $17 млрд соманы құрайтын қызметке қол жеткізді.
Сарапшылар қазір бұл дисбалансқа әртүрлі көзқараспен қарап отыр. Бір жағынан, бұл әлем экономикасының кейін дағдарыс шақыратын ең осал тұстарының бірі ретінде бағалануда. Сондықтан сау­дадағы бұл жетімсіздік мөлшерін шұғыл қысқарту қажет. Екінші жағынан, осы тепе-теңдіксіз ахуал Америка экономикасы мен оның активтері бүкіл әлемнің инвесторлары, соның ішінде Қытай үшін барынша тиімді екенін көрсетеді. Бұл өз кезегінде сауда мен қызмет түрлеріндегі тапшылықтың орнын жабу үшін АҚШ-қа қарай бағытталатын капиталдың өзіндік бір өтемақысы болуын талап етеді. Ал әлемдегі екінші ірі инвестор болып табылатын Қытай мемлекеті сыртқы сауданы ынталандыру мақсатында көптеген жылдар бойы айырбас бағамын төмендету саясатын жүргізе отырып, Американың құнды қағаз түріндегі валюта резервін көптеп құрап алды. Ол 2018 жылдың қаңтарында АҚШ-қа басты мемлекеттік қарыз берушіге айналып, оның құны $1,17 трлн тұратын облигацияларына иелік етті.
Айта кету керек, екі елдің жалпы тауарларындағы тепе-теңдікті көрсететін цифрлардың өзі олардың арасындағы проблемалардың ауқымын да байқатып береді. Қытай сондай-ақ қазір АҚШ-қа келетін тауарлардың қосымша құн салығы тізбегіндегі ең маңызды буынға айналып тұр. Мұны ол Америкаға жеткізілетін импорттық тауарлардың айтарлықтай бөлігін басқа елдің территориясында жасап алып, сосын оны өз елінде өңдеуден өткізу арқылы жүзеге асырады. Осылайша, мысалы, Қытай 2009 жылы АҚШ-қа құны $1,9 млрд тұратын айфондарды экспорттап әкелген екен. Ал егер осы телефондарға Қытайдың қосқан компоненттері құнын алып тастаса, олардың сомасы небәрі $73 млн болып шығады. Сонда Бейжің тек осыдан ғана $1,8 млрд көлемінде табыс тапқан.
Сондықтан осындай себептерге байланысты басталып кеткен шетін шайқастың соңы жақын арада көріне қоймайтыны бір жағы заңды сияқты. Екі жақ диалогы арқылы мәмілеге келу деңгейінен кетіп қалғанға ұқсайды. Мұның орнына Вашингтонның әрекетіне Бейжің қолма-қол жауап қайтарып, оны бұрынғыдан бетер ызаландыра түсуде. «Біз АҚШ пен Қытай арасындағы бұл сауда соғысының соңын екі айдан, тіпті екі жылдан кейін де көрмейміз, – дейді Қытайдың «Alibaba Group» компаниясының негізін салушы Джек Ма. – Мен қазіргі экономикалық жағдайды тым жақсы емес деп ойлаймын. Мұның және ұзаққа созылатын түрі бар. Біз күткеннен де ұзаққа барады. Сондықтан бізге барлық нәрсеге дайын болуға тура келеді».
Ал бұған Дональд Трамптың жауабы мынадай. «Біз бұл мәселеге байланысты бір нәрсе істеуге тиіс болдық. Біз әлемнің ақша жинайтын қапшығы секілді елміз. Сосын бізді Қытай да тонайды, Еуроодақ та тонайды – бізді бәрі тонайды. Бірақ мен енді америкалық жұмысшыларды, фермерлерді, ком­панияларды бұдан қорғауым ке­рек. Бұдан былай бізді ешкім тонамайтын болады. Таяу арада сіздердің барлықтарыңыз осыны көретін боласыздар». Тегінде, Дональд Трамптың ашынуы мен алған бетінен қайтпай отыруы бекер емес. Ал бұл текетірес тым ұзаққа созыла берсе, енді дамып келе жатқан елдердің тартатын зардаптары мен шығындары түк те емес, ең басты соққыны бәрібір Қытай алатын болады.

Дональд Трамп, АҚШ президенті

Біз әлемнің ақша жинайтын қапшығы секілді елміз. Сосын бізді Қытай да тонайды, Еуроодақ та тонайды – бізді бәрі тонайды. Бірақ мен енді америкалық жұмысшыларды, фермерлерді, компанияларды бұдан қорғауым керек. Бұдан былай бізді ешкім тонамайтын болады. Таяу арада сіздердің барлықтарыңыз осыны көретін боласыздар

Джек Ма, «Alibaba Group» компаниясының негізін салушы

Мен қазіргі экономикалық жағдайды тым жақсы емес деп ойлаймын. Мұның және ұзаққа созылатын түрі бар. Біз күткеннен де ұзаққа барады. Сондықтан бізге барлық нәрсеге дайын болуға тура келеді

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button