Мәдениет

Тарихи шешім – сахна тілінде

Есілдің жағасында ел жүрегі – елорда бой көтерді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астананың алғашқы уығы қадалғанына биыл 20 жыл толды. Тарихи өлшеммен қарағанда, осынау аз уақытта Астана аты әлемде асқақтап шықты. Бұл – тұтас елдің де, Елбасының да абыройы. Қазір Елбасы мен елорда бірін-екіншісінен бөліп қарауға болмайтын егіз ұғымға айналды.

Елордада Астананың 20 жылдық мерейтойына арналып, сахнаға жол тартқан «Астана» публицистикалық драмасының авторлары осы желіні негізге алды. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қ.Қожамияров атындағы Мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры қойған спектакль идеясын ұсынып, режиссер ретінде жүзеге асырған – Қазақстанның халық әртісі Мұрат Ахмадиев. Ал драманы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы» кітабының негізінде жазушы Ахметжан Ашири жазып шықты.


Елбасы елордасын Алатаудан Арқаға көшіру туралы ұсынысын 1994 жылдың 6 шілдесінде Жоғарғы кеңес отырысында айтқаны белгілі. Алайда бұл идея ел Президентінің басына содан екі жыл бұрын келген. «Қазақстан жолы» кітабының «Жаңа дәуірдің жаңа астанасы» атты тарауында осы жайлы Мемлекет басшысы: «Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой менде ертеректе, сонау алыстағы 1992 жылы туған еді. Бірақ мен ол кезде мұны аузымнан шығармадым, өйткені Қазақстанның экономикасы ойлағанды іске асыруға мүмкіндік бермеді» деп жазады. Ал сол тарихи шешімге алғашқыда қарсылықтар бола қойған жоқ. Бұл туралы аталмыш кітапта: «Ашық айтайын, мен астананы ауыстыру идеясына байланысты бірталай қатал сынға тап болдым. Парламентшілер менің идеямды тыныш қана қабылдады десем, жалған айтқан болар едім. Дауыстар екіге бөлінді: егер де депутаттардың бірі мені сөзсіз қолдайық деп ұсынса, екінші біреулері үнемі қиындай түскен әлеуметтік-­экономикалық жағдайда астананы ауыстыру үшін орасан зор қаржыны шашу қисынсыздық деп, мүлде дес бермейтін қорғаныста тұрды. Айтыс қызу жүріп жатты, бірақ депутаттар негізінен мені қолдамауға қарай ойысқан… Кейіннен, жаңа астана таяу арада бола салатын іс емес, қалай болғанда да 20-30 жылды керек қылады деп ойлаған депутаттар астананы ауыстыруды қолдап, дауыс берді. Қолдаушылардың дауысы сәл ғана артықшылықпен басым түсті» деп жазылған.
Драмалық шығарманың өлшемдерінің бірін тартыс құрайтынын ескерсек, «Астана» қойылымы осыған сай келді. Яғни астананы ауыстыруға қатысты талас-тартыс­тар қамтылды. Жарты жылға жуық дайындалып, 90 әртіс қатысқан қойы­лымда Елбасы бейнесін Мәдениет қайраткері Азизжан Искандеров сомдады.
Нұрсұлтан Назарбаевтың сол тарихи шешімі дұрыс болғанын уақыт көрсетті. Бүгіндері Астана жер-жаһаннан қаншама адамдарды тартып, әлемдік айтулы шараларды өткізіп келе жатқан шаһар ретінде ел назарына ілікті. Елорда көркіне тамсанатын жұрт та көп. Соның бәрі сахна тілінде сөйледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button