Басты ақпаратМәдениет

Арғымақ-арман жетегінде

Сейсенхан Маханбетовтің суретшілігі айтылса-ақ менің көңіліме «ә» дегеннен оның картина­сындағы ақбоз аттар келеді. Өйткені екеуміз танысқалы бері қырық жылдай уақытта оның шығармашылық көрмесінен ақбоз аттар әмсе үзілген емес. Бірде үйірімен шауып, бірде қосағымен жусап, енді бірде батыр, баяндардың тақымынан табылып, көрерменнің, қазақ шіркіннің бойында ағып жатқан Қамбар ата қанын қыздырумен келе жатыр.

Сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдар ортасында су­ретші Камил Муллашевтың «Таң» атты картинасында зеңгір көктен, Шолпан жұлдыз әлі сөне қоймаған, күн ұясынан енді көтерілген кезде, кең жайылған парашют бауына иректей асылып космос шары түсіп келе жататын еді. Сонда жерде, ми далада, сонау көкжиек сызығын мойнымен сызып, соңынан ақ бұйра шаң қалдырып, ақбоз аттар батыс­тан шығысқа қарай арындай шабатын.
Өнер біткеннің бәрінен үлесім бар деп жүрген Сейсенхан суретшінің бейнелеу әлеміне біржола бет бұруына осы бір ақбоз аттардың тікелей қатысы бар.
– Он сегіз жасымда, алғаш ауыл­дан Алматыға келгенде арнайы барып Камил ағамен танысқаным есімнен кетпейді. Ол кісі Мәскеуден Суриков атындағы Көркемсурет академиясын жаңа бітіріп келген, «Жер, Қазақстан, уақыт» атты триптих картинасымен Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығын алып, Кеңес Одағы көлемінде аты дүрілдеп тұрған кезі-тұғын. Сондағы кең мол сұхбат, картинасының жазылу барысындағы жиған тәжірибе, қызықты сәттеріне қанып, қатты әсерленіп шыққаным, аталмыш шығармаларының көшірмесін «Огонек» журналынан қиып алып, бөлмемнің қабырғаларына іліп қойғаным да жадымда. Бейнелеу өнерімен шындап «ауыртып», өмірі жазылмастай қылып жіберген Кәмекеңнің «Таң» атты картинасы, оның ақбоз аттары еді. Мен әр кезде Камил ағаны бірінші ұстазым деп білемін, – дейді біздің бүгінгі кейіпкер. Өз кезегінде, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Камил Муллашев ағамыз да Сейсенхан суретші туралы: «Суретші інім жазған «Жеті арғымақ» картинасын көргенімде менің шығармашылығымның әсерін байқадым… Оның картиналарына тән ерекшелік – кең тыныстылық, алуан реңктілік. Пейзаждары­нан ауаның молынан сезіліп тұратыны. Сейсенханды кешегі өткен О.Таңсықбаев, Ә.Қастеев, Ж.Шәрденов, С.Романов секілді қазақ суретшілері салып кеткен ұлттық дәстүрлі реалистік мектептің ізін жалғастырушы деп есептеймін» дейтін пікірде.
Иә, «Таң» картинасындағы жануарлар Камил Уәлиахмет­ұлындай суретшінің батасымен Сейсенхан шығармашылығына, арынын баспаған күйі шауып кіріп, суретшінің нәзік сыршыл жанындай мінезге ие болып, кеу­десін мекен етіп қалып қойған болатын.

* * *

Сейсенхан Маханбетовтің қыл­қаламынан туған суреттері түгелге дерлік реалистік мәнерде нақышталған. Картиналары пейзаж бен натюрморт, портреттер мен топты адамдар, қансонарда құс салған аңшылар, қолына сұңқар іліп, соңына тазы жүгірткен саятшы болып кезектесіп тізіліп отырады.
Картиналар қорында баталия жанры да кезігеді, қала пейзажы да бар.
Суретші, әсіресе, пейзаж жанрына дендеп енді. Тереңінен кен қазды, молынан қазынаға жолықты. Шешек атып, алма гүлдеген, тырналар қиқулы көктеммен жадыра жазды сүйіп, сүйсіне жазды. Табиғат көрініс­терінің көлдері тұнып, жағасында жылқылары жусай қалатын. Неше түрлі реңмен жұқалай, жұмсақ жазылған бұлттармен астасқан аспан, күнес пен көлеңкесі қатар алмасқан қарлы таулар, сол таулардың өңіріне қаптай шыққан қарағай, етегінен сарқырай аққан өзен картиналарының ішкі өлшемдеріне, екінші, үшінші қатарына орын тепсе, беріде бірінші қатарға, гүл көмкерген кезеңге жасыл шалғын тұнып, жамырай бұта өсер еді. Сейсенхан салған жұмақ өңірде сәйгүліктері жайылып, салт аттылар желдіртіп жүрер. Ғашықтар кездесер.
Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ресей, Қырғызстан, Чехия Көркемөнер академияларының академигі Ерболат Төлепбаев: «Сейсенхан Маханбетовтің соңғы жылдары жазған жұмыстарында еліміздің тауы мен даласы, әсем табиғат көріністері молынан көрініс тап­қан. Суретші көріністерді жай көшіріп қоймай, суретшілік көзқараспен ой елегінен өткізіп, шығармашылық мүмкіндіктерін көрсете алған. Оның жұмыстарының басым көпшілігі пленэрге (табиғаттың өзіне) көп шығып, соның нәтижесінде жазылғанын байқаймыз. Суретшінің картиналарында өз танымы мен шығармашылыққа деген үлкен ынтызар талпынысы анық сезіледі. Оның шығармашылығы әсем табиғаттың алуан көрінісін өз жырына қосқан тау мен дала балладалары секілді сезіледі» десе, Қырғыз Республикасының халық суретшісі, Т.Сатылғанов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Юристанбек Шығаев «С.Маханбетовтің пейзаждары, бір жағынан, абсолютті реалистік бағытта, натурадан «көшірілген» болса, екінші жағынан, лирикалық, поэтикалық бағытта, өз өлкесінің табиғатына үлкен махаббатпен, оның алуан түрлілігін бояулардың өзара байланысы арқылы көрсетуге деген үлкен ұмтылыспен жазылған. Оның тіпті кішкене форматтағы пейзаждық картиналары да біз өзіміз мекен ететін, жақсы көретін, онсыз өз өмірімізді елестете алмайтын үлкен ғаламға ашылған өзінше бір терезе сынды» деп толғайды.
Сейсенхан кеше Орал Таңсықбаевқа еліктесе, бүгінгі атышулы Бато Дугаржаповқа «ғашық». «Мен толдым, қалыптасып болдым» деп өмірі айтқан емес. Өзінен жалыға бастағанда-ақ «палитрамды ауыстыруым керек», «сюжет өзгертуім кәдік», «басқа тема жазып бастауым шарт» деп отырғаны.

* * *

КазГУ-дың журфагын бітірген оның шығармашылық жолына да, тіршілік соқпағына да баспа саласында көркемдеуші редактор болған ұзақ жылдар өз жемісін төгіп берді. Қарақұрым журналист, нөпір бас­пагерлердің арасында жүріп «газет қалай жасалады, журнал қалай қатталады, оларға жазылу қалайша жүргізіледі? Кітап қайтіп түптеледі, брошюра қайтіп тігіледі? Оларды қайда басады, көбейтудің оңай жолы қайсы?» дейтін былайғы жұртқа бұлдыр да керексіз сұрақтардың сан қилы жауабын тапты. Кәдесіне жаратты, кәсіп қылып соңына да түсті. Одан игерген мол тәжірибесін коммерциямен шебер үндестіріп, кітап шығарушы, оны тұтынушы дейтінін кірпияз-кінәз қауымның кілтін тауып, сәтті айналыса білгендігінен оның қалтасы өзге суретшілердей тесік бола бермейтін. Кейіннен дәулеттілер қатарына жазылған тағдыр екеш тағдыры да оның тұрмыс-тауқыметімен басын ауыртпай, өнер жолымен алаңсыз айналысуына үлкен себеп болды. Қым-қиғаш өмір жолы қай қиырға апармады, қай биікке шығармады?
Сейсенхан суретшінің жиһангез, «дәруіш» екендігі тәнті етпей қоймайды. Еліміздегі түрлі қалалары, неше аймақтарында, әрқилы деңгейде ұйымдастырылып жататын неше алуан пленэрдің ішінде, қауға сақал көп суретшінің тап ортасынан ақсия күлетін ақсары жүзі, кең мол тұлғасы, күн қағары кере қарыс ши қалпағы мен мұндалар еді. «Амансың ба, қайда жүрсің?» деп телефон шалсам-ақ жауабы: «Жайыққа, Каспийге кеттім», «Үстірттен бір көрініс түсірдім», «Зерендіде жүрмін», «Ойбой, сен туған Қарабұлақты көрдім!», «Көлсайда сурет салып отырмын» болып келетін. Сапарларынан келіп, сан қилы, неше түрлі, алуан түсті, ірілі де ұсақ жазылған, май бояуы кеуіп үлгермеген, әсерге толы, көріп-білген, табан ізі қалған жерлердің самалы мен аңызағында, суығы мен жаймашуағында дүниеге келген этюд-картиналарын алдыңа тартады. Қызығасың ба, қызығасың!
Тағы бірде телефон нөмірін терсем, оның Қазақстан аясынан шығып кеткені белгілі болар еді. Әудем уақыттан соң қарқылдай күліп, «Жеңіс-ака, Ессентукиден әрірек барып, Кавказ суретшілерімен таныстым», «Бабич дейтін пленэрдің шеберімен жолықтым», «Ресей Федерациясының суретшілерімен қосылып Эльбрусты кенепке түсірдік», «Уай, несін айтасың, Третьяков галереясын әбден араладым!», «Орыс музейін көрдім», «Беларусь суретшілері мынадай екен», «Мажарстанның пәленше деген суретшісін танитын ба едің?», «Сен кітабыңа жазған Клод Моненің Живернидегі музей үйі керемет ұнады», «…Прадо», «Лувр…» деп шұбатып ала жөнелер еді. Барған жерлерінен кесек-кесек альбом алып келер еді. Қызғанасың ба? Иә, ақ пейілмен «қызғанасың»!
Туу, сонау бала күндерінің ізі қал­ған Қызылқұм өңірінде әке-шешесі бір отар мал бағады екен. Бейнет біткеннің соңында жүрген әкесі жазған ауырып, бір күні шөкелей жығылыпты. Жанына бар-жоғы 11 жасар Сейсенханды шақырып, «Балам, енді сен дәу жігіт болдың, менің науқастанып жатысым мынау. Ана малды ашықтырып-иіріп қоя алмаймыз. Бүгін түнде отарды сен жайып кел» депті. Шыжығын шілденің күні мал отыға ма, оларды тек түнімен жаяды екен. Содан қос өркешінің ортасынан тақиясы зорға көрінетін құрттай Сейсенханды түйеге мінгізіп, мал соңына жібереді. Кеш түскеннен жайылып, он бес, жиырма шақырым жерді түнімен шарлап бір отар малы таң ата үй жанындағы суатқа оралатын көрінеді. Сонша малға ие, ес болып (түйесінен түсе алмайтын, түссе қайтып міне алмайтын, шиебөрі ұлыған қорқынышты, тасқараңғы түнде), қой соңынан еріп, ондаған шақырымды жалғыздан-жалғыз көктей өткен бала Сейсенханның бүгінде жарты құрлықты оңды-солды шарлаған, желгек кезбе болмысында адаммен араласа білу, кісіні сөзге тарту, уәліні уәжге жығу, жан біткеннің тілін білу дейтін екінің бірінің пешенесіне жазылмаған ерекшелік жатады. Кім көрінгенге ішін алдыра бермейтін, небір тұйық дейтін, маңына адам жуытпайтын тәккаппар суретшілердің шеберханасынан Сейсенханның оп-оңай табыла кететіні. Жанында жүріп, құпиясына үңіліп, сырына қанатыны. Ол шіркіндердің шығармаларының қалай басталып, қайтіп аяқталғанына куә болатыны. Одан қалса, газет-журналдарға эссе-әңгімелер жазатыны.
«Салихитдин ағамыз былай депті», «Мағауия Аманжолов­пен жүздескенде», «Әбдірашит Сыдыханов көрмеме келгенде», «Айнабек Оспанов айтқандай», «Өсербай Шорановтың қасында жүргенімде», «Сембіғали Смағұловтың композициясын ұққаным», «Бақытнұр Бүрдес­бековтің жазғанына қарап тұрып», «Өнертанушы Иванинаның суретшілер туралы жазбасын оқығанымда», «Қырғыз суретшілермен араласқанымда», «Әнебір ресейлік шебердің шеберханасына барғанымда» деп басталатын суретшілер туралы сан-сабат, қат-қабат, қызық та қымбат әңгіме-естеліктерін қағазға түсірсе – әдемі эссеге, көлемді кітапқа жүк. Арттағыларға да, өкшебасарларға да таусылмас азық. Бала кезінен-ақ бақылағыш, жан-жақты болсам әрі режиссер, әрі актер, әрі баспагер-журналист, әрі жазушы һәм оқырман, опера әншісі болсам деп армандап өскен Сейсенхан суретші бүгін де көп қырлы. Жүрген жері ду базар. Самбырлап сөйлейді, саңқылдап күледі. Маңайын ұйы­тып, майын тамызып әңгіме де айтатын сол. Әуелетіп ән де салады (кезінде әнші Жәнібек Кәрменовтен де дәріс алғаны да бөлек әңгіме). Кеуделі, көмейлілер ғана игеретін «Ақбақай», «Құсни-Қорлан», «Қараторғай», «Тербеледі тың дала» тұрпатты тынысы биік шығармаларды әуелетіп шырқайтын да сол. Сөзге жоқ, біртоға суретшілердің аторайы болып, айтқанына сендіріп, ыңғайына көндіріп, әзіл-қалжыңға кенелтіп жүрген де бір өзі.
Айтқан соң Сейсенхан Маханбетовтің картина танығыш­тығын, неше жүздеген картина ілінген ат шаптырым галереяларда, ығы-жығы, қисапсыз көрерменнің дәл ішінде жүріп, әлгі галереяға ілінген суреттердің ең мықтысын тап баса танитын (баяғының алдынан неше үйір жылқы айдап өтсе, ішіндегі ілуде бір хас жүйрікті тани қоятын сұңғыла сыншы секілді), жаңылмас түйсігін де айту керек. Тани қойып, үнсіз де кетпейді. Оған қарап «композициясы мынадай екен, бояу үрдісі, колориті, шеберлігі былай екен, ылди-ырғағы, шама-шарқы анау айтқандай екен» деп, картинаны «жіліктеп-шағып», таратып-тарқатып та беретін айтқыштығын және қосыңыз.
Оның арнайы сурет өнерінің оқу орнын бітірмесе де, осы күннің толыққанды суретші дәрежесіне көтерілуіне осы бір қасиеті діңгек-тірек болса керек.

* * *

Қолымызға таяуда «Астана суретші көзімен» атты кітап-альбом түскенде, ондағы отызға жуық қылқалам иелерінің елорда туралы картиналарын қарап отырып, мынадай жазбалар назарымызға ілінді: «Суретші Сейсенхан Маханбетов қала пейзажын бірде натюрморт арқылы, бірде шауып келе жатқан бір үйір жылқы образымен құлпыртады. Алқызыл раушан гүл, бір буда жүзім, көздің жауын алып тұрған нарттай апорт алма, қызыл-сары мандарин бейнесі, күміс, хрус­таль ыдыстардың үйлесіміндегі натюрморттан әріде, терезенің сыртында Астананың әлдебір үйі, көзге таныс бейнесі басылады. Қабырғаға ат ұстап тұрған қыз суретін қоса іледі де, «картина ішіндегі картина» әдісімен әлгі қала пейзажын тепе-теңдік жағдайына келтіреді. Сөйтіп күрделі құрылымды сәтімен бітіреді. Оның «Сарыарқа жаңбыры» ерекше көңіл күймен жазылған, жарқын сурет. Алыс­та, көз ұшында, ұлан-байтақ, бұдырсыз, жусанды, селеулі далада кенет пайда болған үлкен мегаполиске бір сәт өткінші жаңбыр себелей қалса, беріде, иек артпада Есіл (бәлкім, Нұра) өзенін кесіп өтіп, арқырай шауып келе жатқан алты-жеті жылқыға күн нұры молынан түседі. Контраст, динамиканың ым-ишарасы көп ұзамай қалаға аспан ашылып, есесіне, тап мұнда нөсер төгерін меңзейді. Ал сол кезде қиялдай жүйрік жануарлар қай қиырға самғап кетер екен?»…
Сейсенхан Орынбекұлын сурет кеңістігіне күні кеше ғана алып кірген ақбоз аттар болса, міне, бүгінгі бейнелеу әлемінің белесіне, абырой биігіне де алып шыққан сол, ақбоз жануарлар.

Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері,

суретші, өнертанушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button