Басты ақпаратҚұқық

Учаскелік инспекторыңызды танисыз ба?

Астана қаласы Полиция департаментінің Жергілікті полиция басқармасы қызметкерлері үстіміздегі жылдың 5 қыркүйегі мен 5 желтоқсаны аралығында «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы жүргізіліп жатқаны белгілі.

Осыған орай, жақында Астана қаласы Есіл ауданы Ішкі істер басқармасының учаскелік инспекторлары – полиция майоры Азамат Оспан, полиция лейтенанттары Руслан Ілиясов пен Ержан Қалмұратов қаладағы кейбір бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен өз ауданында арнайы рейд өткізді.
Бұл рейдтің негізгі мақсаты құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіп бұзған тұлғаларды есепке қою және оларды дер кезінде анықтау, сонымен қатар әкімшілік учаскелер мен басқа жерлерде қызмет көрсететін көші-қон үдерісінің жағдайын бақылау болды.
Рейд кезінде әр учаскелік полиция қызметкері өзіне бекітілген аумақта тұрғындармен кездесіп, олардың арыз-шағымдарын тыңдады. Сондай-ақ, пәтер ұрлығы, бағалы заттарды автокөліктің ішінде қалдырып кетпеу әрі осыған байланысты қандай қауіпсіздік шараларын қолдану керектігі туралы жадынамалар таратып, үйлердің кіреберісіндегі хабарландыру тақталарына ілді.
Қорғалжын тасжолы даң­ғылы бойындағы №23 үй­ге келгенімізде, №126 пәтер­дің қоңырауын басқан полиция лейтенанты Ержан Қалмұратовқа есікті егде әйел ашты. Мән-жайды түсінгеннен кейін «Ескертулеріңіз дұрыс. Біз өзіміздің учаскелік инспекторымыз­ды жақсы танимыз. Бізге жиі келіп, осындай жадынамалар іліп, өзін тұрғындармен таныстырып тұрады» деді.

Келесі №133 пәтердің иесі – әйел адам екі-үш полиция қызметкері мен қолына бейнекамера ұстаған операторды көргенде біраз абдырап қалды. «Қандай мәселемен келдіңіздер? Біздің үйде тек өз отбасымыз ғана тұрамыз. Заңсыз тіркелмей тұрып жатқан артық адам жоқ» деп өзінің осы үйдің иесі екенін айта бастап еді, полиция майоры Азамат Оспан топтың келу мақсатымен жан-жақты түсіндіргеннен кейін аты-жөнін айтып, ашыла сөйлеп кетті. Оның айтуынша, көршілерінің барлығы да артық-ауыс сөзі жоқ қарапайым адамдар көрінеді. Қай-қайсы да тәртіпке бағынады. Осы үйде тұрғанына он жылға жақындапты, бірде-біреуінің қоқыс тастағанын, не болмаса түнде даурығып сөйлегенін естімепті.
Шынында да, көп қабат­ты үйлерде тұрғындар кө­біне көршілерінің мазасыздығына, тазалық сақтамайтындығына шағымданып жатады. Ал рейд жүргізілген он екі қабатты №23 үйдің тұрғынының ешбіреуі де ондай мәселені сөз еткен жоқ. Тек ауладағы бейнекамералардың сапасын жақсартып, тұрғындардың қырағы болуын қалайтындықтарын жеткізді.
«Кейде аулада, үйге кіреберіс баспалдақ алаңдарында жүріс-тұрысы күдік тудыратын бөгде адамдар жүреді. Сондай кезде полицияға телефон соққанда олар тез жауап беріп, шұғыл келсе оңды болар еді» деді Салтанат есімді тұрғын.
Бұдан кейін рейд жұмысы Ақмешіт көшесіндегі №9, №11 үйлерде жалғас­ты. Мұнда да тұрғындар өздерінің учаскелік инспекторына есік ашып, сенім білдіретіндіктерін анық байқатып жатты.

– Біздің негізгі мақсатымыз да тұрғындармен арадағы сенімді нығайту, – дейді Есіл ауданы №13 полиция бөлімшесінің учаскелік инспекторы Руслан Ілиясов. – Өз аума­ғымызда жедел жағдайды тұрақтандыру, қызмет көрсететін әкімшілік учаскелерде құқық бұзу­шылықтың алдын алу жұмысын жандандыру, халық арасында учас­келік полиция инспекторларының және жалпы ішкі істер органдарының имиджі мен беделін арттыру, азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату – бүгінгі күні бізге қойылып отырған басты талаптар.
Тек рейд кезінде қана емес, көп қабатты үйлердің әрбір пәтерін, аулаларды, жеке үйлерді күнделікті аралап, онда тұрып жатқан адамдар жайлы ақпарат біліп отырамыз. Бұған қо­са, пәтерлер мен үйлерді, әкімшілік учаскелерді тексеріп, тұрғындар туралы мәліметтерді әкімшілік учаскенің тіркеу журналына енгіземіз.
Соның нәтижесінде учаскелік инспекторларға деген халықтың сенімі артып келеді. Үйдің кіреберісіне қоқыс тастаған немесе арнайы белгіленбеген жерге темекі тартқан адамдар болса немесе басқа да келеңсіз жайлар мен сезікті оқиғаларды байқаса, төменде хабарландыру тақтасында ілініп тұрған инспектордың телефонына бірден қоңырау шалынады. Көбіне арыз-шағымдар тұрғындардан осы бағытта түсіп жатады. Ал біз олардың шағымдарына бірден назар аударып, тиісті шаралар қабылдаймыз, – дейді Руслан Сәкенұлы.
«Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы басталғалы учаскелік инспекторлар 140 мыңнан аса пәтер мен 14000-нан аса жеке үйді аралап шыққан. Осы кезеңде тұрғылықты жері бойынша 6000-нан аса азамат тексеріліп, үйінде қару ұстайтын 13000-ға жуық азаматтың құжаты мен осы қаруды ұстау заңдылығы тексерілген. Сондай-ақ, 1000-нан аса жалға берілетін пәтер анықталып, ол туралы мәліметтер Астана қаласының Мемлекеттік кіріс департаментіне жіберілген.
Жалпы, іс-шара басталғалы 17 мыңға тарта адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, олардың 2000-дайы ұсақ бұзақылығы, 4000-нан астамы елімізде тіркелмегені немесе жеке басын куәландыратын құжаты болмағаны үшін жазаланған. Ал көші-қон заңын бұзған 2000 шетелдік анықталған.
Астана қаласында жет­піс­тен аса учаскелік полиция бөлімшесі бар екен. Ондағы учаскелік инспекторлардың басты міндеті – тұрғындар­дың құ­қығы мен ер­кіндігін, заңды мүд­делерін қорғау. Сон­дықтан әр тұр­­ғын өз учас­ке­­лік полиция ин­с­­­­пекторының аты­-­­жөнін, жұмыс те­­­­лефонын білге­ні жөн. Ал сіз өз учас­ке­лік инспекторыңызды та­нисыз ба?

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button