Құқық

Сотталған адам ақталмау керек пе?

394-бап – ақтау үкімі. Қылмыстық-процестік кодекстегі осы бап туралы мәселе жиі көтерілуде. Өйткені біздің елде «тергеушілер мен прокурорлар ешқашан қателеспейді» деген қасаң түсінік қалыптасқан. Яғни, іс сотқа кетті дегенше түрмеге тоғытылды дей беріңіз. Сонда сотталған адам неге ақталмау керек? Осы көз­қарасты Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов бұза ала ма?

2017 жылы сот процесіндегі барлық айыпталушының 2,7 пайызы ғана ақталған екен. Әрине, бұл көрсеткіш елімізде ақтау үкімдерінің тым аздығын көрсетеді. Тергеу барысында кетіп жатқан кәсіби кемшіліктер сот үкімінде де орын алады. Ақтау үкімдерінің аз шығатыны – осының дәлелі.
Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың да көтеріп отырған мәселесі – алдымен ақтау үкімдерін көбейту. Кезінде осы салада қызмет еткен белгілі заңгер Ләззат Кендебайқызының айтуынша, ақтау үкімі деген сөз – тергеудің, прокуратураның үлкен кемшілігі. Егер ондай жағдай орын алып жатса, тергеуді жүргізіп, баптарын белгілеген мамандардың өздері жұмыстан босатылады. Сондықтан ол ақтау үкімі шығады-ау деген күдік туындап жатса, судьяға өтініш жасап, кабинетінен шықпай, басқа бапқа төмендетсе де, ақтамауын сұранып жататын жағдай тәжірибеде аз еместігін алға тартты.

«Қылмыстық іс бар,яғни кінәлі»

Десек те, соңғы шешімді судья шы­ғарады. Құқықтық жүйесі дамыған елдерде ақтау үкімдері күнделікті тәжірибеде жиі кездесетінін ескерсек, Қазақ­стан да халықаралық стандарттарға сәйкес болуы маңызды.
Бұл ретте Жоғарғы Соттың Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулиннің айтуынша, 2017 жылы барлығы 865 адам ақталса, оның жария түрде айыпталған 130 азаматтың кінәсіздігі соттардың апелляциялық, кассациялық сатыларында дәлелденген.
Әрбір үкімнің артында нақты адамның, отбасының тағдыры тұр. «Түрлі елдердің тәжірибесін, олардың қылмыстық істерді қарау мен тергеуге деген көзқарасын зерттей отырып, қоғамның құқық қорғау органдары мен сотқа деген қарым-қатынасының себебін түсінеміз. Біз әлі күнге дейін қылмыстық процестің барлық сатыларында «қылмыстық іс бар, яғни кінәлі» деген қағидат бойынша айыптау соңына дейін жүргізілмейтінін мойындауға мәжбүрміз. Статистика көрсеткендей, жергілікті жерлерде қылмыстық жауапкершілікке негізсіз тарту деректері жиі орын алады» дейді ол.
Бұл жағдайлардың бірнеше себебі бар. Біріншісі, прокурордың сотқа жолдаған қылмыстық ісі судьяға келіп түседі. Судьяның ол істі толық зерттей отырып, айыптауға мүмкіндігі бар. Әрине, тергеуші мен прокурордың дәлелдерімен танысқан судьяның бойында айыптау көзқарасы қылаң беруі мүмкін. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды өзгертуге қатысты түрлі ұсыныстар айтылуда.
«Мәселен, Эстонияда прокурор сотқа қылмыстық іссіз, тек айыптау актісін ғана жібереді екен. Ал өз кезегінде адвокатқа қорғау актісі беріледі. Сот істі қарау процесінде тараптардың нақты жарыссөзін қамтамасыз етеді. Осындай тәжірибені бізге де енгізуді талқылау керек деп ойлаймын. Бастапқы кезеңде кішігірім және орташа ауыр қылмыстар бойынша енгізуге болады» деген еді Абай Рахметулин.

Көрсеткіш Германиямен тең

Осыдан бір ай бұрын Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бірнеше істі қарады. Соның бірінде Нұрадин Құлахметовке қатысты қыл­мыстық істе қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтау туралы сот қаулысы шықты. Қысқаша айтсақ, айыпталушы деп танылған Құлахметов полиция қызметкерлері туралы көрінеу жалған сөз жеткізгені үшін үш жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда Жоғарғы Соттың кассациялық сатысы Құлахметовті бірнеше негіз бойынша ақтап шықты. Сол сияқты үш жылға сотталған Ғылымбек Сарманов пен Ерасыл Арғымбаев та негізсіз тағайындалған жазадан босатылды. Осындай деректерге қарап Жақып Асанов бастаған команда «Сотталған адам ақталмау керек» деген көзқарасты өзгертуі мүмкін. Оның үстіне Қазақстанда ақтау үкімдерінің пайызы Германия көрсеткішімен теңескен екен. Бұл жөнінде республикалық судьялардың кеңейтілген кеңесінде Жоғарғы сот төр­ағасы Жақып Асановтың айтқаны белгілі. «Биыл 101 адам ақталды. Мұнан да терең бойлау қажет. Өткен жылы негізінен ақтаулар жат қылықтар мен аса ауыр емес қылмыстар есебінен болса, биыл ауыр және аса ауыр қылмыстар есебінен орын алды. Осы жылдың I жартыжылдығында 14 мың үкім шығарылды. Бірақ, оның жартысында ешқандай мәселелер туындамайды. Себебі сотталушы белгіленген кінәсін мойындап, жазамен келіседі. Сонда қалғаны 7328 үкім болса, оның 101-і – ақтау үкімі, яғни, 1,4 пайызды құрайды. Бұл 1,2 пайызына ақтау үкімін шығаратын Германия соттары жұмысының көрсеткіштерімен сай келеді» дегені есімізде.
Жалпы, соттардың кәсіби біліктілігін арттыру үшін судьяларды іріктеу басталды. Судьяларға ықпал ету жолдарын алып тастау үшін сот талқысы тек сот залында өтетіндай қамтамасыз етілмек. Айыптау бөлігіне маңыз бере отырып, ақтау үкімдерінің санын осылай көбейтпекші. Құқықтық жүйедегі бұл өзгеріс сот төрелігіне деген сенімді күшейтпесе, төмендетпесі анық.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button