Руханият

Сурет сыры

Елорданың байырғы тұрғыны Табыл Құлыяс деген қаламгерді көзі қарақты қауым жақсы біледі. Бүгінде сеңгірлі сексеннен асқан. Әсіресе, ұлт тарихына қатысты көптеген деректерді жинақтап, теріп жүреді. Жақында қария бізге құнды бір жәдігерді көрсетті.

Бұл – 1927 жылы Орынбордағы жұмысшылар факультетінде оқып жүрген қазақ жігіттерінің фотосы. Суретте саптай тізіліп өрімдей он сегіз бозбала отыр. Бәрі де жалындап тұрған жастар. Көздерінде от жайнайды. Бірақ олардың аты-жөні белгісіз. Оқуға қай өңірден барғаны да беймәлім. Жәдігердің иесі Табыл аға да нақты кімдер екенін білмейді. Сонда да ол кісіден құнды мұраның қолына қалай түскенін сұрадық.
«Осы ғасырдың басында қазақтың алғашқы астанасы Орынборға он шақты рет жолым түсті. Онда ел тарихына байланысты сақталған деректер көп. Өзім отызыншы жылдардағы аштық, қуғын-сүргін оқиғалары туралы жиі жаздым. Соған мұрағат материалдарын көбірек пайдалануға тура келді. 2003 жылы Орынбордың облыстық архивіне бардым. Апта бойы табандап отырып жұмыс істедім. Бірде бір қалың папкідегі қағаздарды қопарып отырғанда, осы сурет қолыма түсті. Қазақтың жиырмадағы жалын атып тұрған жігіттерінің бейнесі көзіме оттай басылды. Суреттің сыртына: «Рабфак. 1927 год. г.Оренбург. фото Е.Е.Блехмана» деп жазылған. Басқа ештеңе жоқ. Қолымдағы папкіден бұл жайында ешқандай дерек кездеспеді. Архив қызметкерінен сұрасам, ол да тұшымды жауап айтпады. Содан олардан фотоны өзіме сұрап алдым. Міне, содан бері осы жәдігер жеке архивімде тұр. Ешқайда жариялаған жоқпын. Бірінші рет газетке беріп отырмын. Суреттегі бейнелерді өзім танымаймын. Кейде мені ара-тұра осы жігіттердің кейінгі тағдырлары толғандырады. Мүмкін басылымға шыққаннан кейін өз аталарын білетін ұрпақтары табылып қалар» деді жазушы.
Иә, биыл бұл суретке 91 жыл толады. Ғасырға жуық уақыт. Ендеше, тарихи суретке сіз де бір үңіліп көріңіз.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button