Басты ақпаратМәдениет

Рухпен сырласу

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітап­ханасы музейінің ғимаратында өмірден ерте озған дарынды қылқалам шебері Мұратбек Жоламановтың «Рухпен сырласу» атты көрмесі ашылды. Айтулы шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұйымдастырылды.

Көрмеге суретшінің 30-дан аса картинасы қойылды. Оның бәрі де асыл қазынаға айналған туындылар. Шараның шымылдығын Елбасы кітапханасы директорының орын­басары Әмірхан Рахымжанов ашты.
– Автордың тарихи тақырыптарға қалам тартқан туындылары біздің ұлттық бірегейлігіміз бен туған елге деген шынайы патриоттық сезімімізді айшықтата түседі. Ол жарық жұлдыздай отандық бейнелеу өнерінде ізін қалдырды. Бұл ғасырлар тоғысындағы еліміз­дің көркем өнерінің ерекше бір құбылысы екені даусыз, – деп ақтарылып сөйледі.
Шындығында, талантты аза­мат қамшының сабындай қысқа ғұмырында тарихи тақы­рыптарға көбірек зер салған. Біз оны суретшінің «Сырым батыр», «Құлагер», «Рух шақыру», «Еділ–Жайық», «Күлтегін мен Білге туралы жыр», «Сарын», «Қазанат», «Тұмар», «Қорқыттың теңізге келуі», «Керей–Жәнібек», «Жаман ырым немесе қағанаттың құлауы», «Қызғыш құс», «Жекпе-жек», «Аттиланың елесі» секілді шығармаларынан көре алдық. Бұлардың бәрі де тарихтың терең қойнауынан сыр шертеді. Картиналардан ұлттық ерекшелікті бірден байқайсыз. Бояуы қанық. Көрген адамды селт еткізбей қоймайды. Қаныңызда рух атойлап жөнеледі. Мені «Құлагер» туындысы ерекше таңғалдырды. Тұяғы жер тарпып, көкке шапшып тұрған тұлпар. Бұл жұмысты қылқалам шебері жарты күнде салған. Әбден мида қайнап, бір демде құйыла қалған шығарма екенін айтпай танисыз. Мұратбектің өзі де жылқы жылы туғандықтан ба, төрт түліктің төресін жақсы көрген. Бүгінде Жоламановтың жұмыстары Түркия, Польша, Ұлыбритания, Кореяның жеке қорларында сақтаулы тұр.


Көрмеге суретшінің жұбайы Гүлжәміш Жоламанова да қаты­сып, жолдасының ерекше таланты туралы әңгімеледі. «Оның көркемдік әлемі – өз алдына бөлек дүние. Арамыздан кеткеніне 18 жыл болса да, оның өнері бүгінгі жастарға өте қызық. Картина жазу мәнері мен техникасы өз заманынан озық болды. Ол ешқашан тапсырыспен жұмыс істеген жоқ» десе, Қазақстанның Суретшілер одағының мүшесі, өнердегі ұстазы Сембіғали Смағұлов: «Мұратбектің қысқа, бірақ өте жарық ғұмыры ізденістер мен бастамаларға толы болды. Ол өзін түрлі жанрларда байқады. Оны ұлы тарихи тұлғалар қызықтыратын. Өмірден ерте өтсе де, артына мол мұра қалдырды» деп шәкірті жайында шынайы толғанысын жеткізді.
Шара барысында суретшінің Батыс Қазақстаннан келген жерлестері де сөз алды. Қазіргі күнде Мұратбектің туған ауылында кеуде мүсіні қойылып, өзі өскен үйге тақта орнатылған.
Айта кетейік, көрме 27 наурызға дейін жалғасады.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button