Басты ақпаратРуханият

Намыстан құйылған

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 1 наурыз күні сағат 11.00-де Кенже­ғали Жұмағұловтың 60 жасқа толуына арнал­ған «Цифрлық дәуір: адам капиталы және тележурналистика» атты дөңгелек үстел өтеді.

Жақын таныстығымыз алмалы бақта туған жер туралы сағыныш әңгімеден басталды.
– Біздің Қалбада 6 метр қар жауады, – деп қалды Кенже. Шу өңірінің тумасы, құрдасы Диқан:
– 6 метр артықтау шығар, сәл түссеңші, Кенже, – деп қылжаңға айналдырды.
– Жарайды, 5 метр қар түседі.
Ары қарай әркім өз туған же­рінің ерекшелігін айтып кетті. Сүт пісірім уақыт өткен соң Диқан әңгімеге қайта оралып:
– Кенже, 5 метр қар деген де оңай емес, тағы түсші, – деп қолқа салды. Кенже болса:
– Қалбада 4 метр қар түседі, – деп қинала көнді. – Болды, одан ары түспеймін, – деп тыйып
тастады…
Қысы кей жылдары 6 айға созылатын Көкпектінің ұланы Кенжеғалидың осы бір әңгімесі сурет болып көз алдымызда қалып қойды… Бала Кенже зерек, қиялы жүйрік, арманшыл болып өседі. Ауыл қариялары қастарына алып, еркелетіп отыратын, кітап оқытады, әңгіме айтқызады. Осы орта өжет мінезі мен табандылығын шыңдайды.
Мәскеу түбінде әскери борышын өтеген жылдары да осы алғырлығы жанына серік болып, қиындықтарды тез еңсеруіне көмектеседі. Қайтпас ерік-жігері Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетіне алып келеді. Алғашқы жылы сынақтан мүдіріп, ҚазМУ қалашығын салып жатқан құрылысшылар қатарынан та­былады. Аз уақытта тас қалаушылар бригадирі дәрежесіне көтеріледі. «Өмірде жөн сілтеп, дұрыс бағыт-бағдар беріп, қамқорлық танытқан ағаларым көп болды» деген сөзді Кенже жиі айтып отырады. Қабылдау емтиханынан соң, байқауда балы кем соғып тұрған Кенжені «ҚазМУ құрылысында өзін танытқан, өмір көрген Жұмағұловтан жақсы журналист шығады» деп комиссияны көндірген декан Темірбек Қожакеев Кенженің талантын ерте таниды. Бұл 1980 жыл болатын. Кейін жоғары курс­тарда Кенже халықаралық шуға ілігеді, алыс Кубадан келіп оқып жатқан студенттің біріне жұдырығы қатты тиіп кетеді. Сонда да «қазақ қызының намысын қорғаса, жорықсызды жөнге салса, несі бар!» деп студентін декан Қожакеев арашалап қалады.
Журфакта оқыған жылдары Кенжені ерекше байытты, ізденімпаздығы біліммен толықты. Қазақтың маңдайалды ғалымдарынан дәріс тыңдады, ұлағатын көрді. Бірінші курста ақын Қадыр Мырзалиев әдебиет әлеміне ынтық еткізді, профессорлар Темірбек Қожакеев сатираның сырын ашса, Тауман Амандосов публицистік өнерді танытты, Мырзатай Серғалиев жазу стилін жетілдіруге баулыды. Кафедра меңгерушісі Марат Барманқұлов диплом жетекшілігін өзіне алып, телехабар жасаудың қыр-сырына үйретті. Жоғары курстарда тәжірибеден өтуге барған студент Жұмағұловты Семей облыстық телеарнасының директоры Бәтташ Сыдықов жұмыста қалуға үгіттеді. Осындай игі жақсылар Кенжеғалидың азамат болып қалыптасуына қамқорлық танытты, жолын ашып берді.
Журфак студенттері шулы, мазасыз әрі ұрыншақ болушы еді. Бірде солардың біреуі жаңа қалашықтың үлкен шыны есігін сындырып қояды, оқудан шығып қалу қаупі төнеді. Қасындағылар «бір көмектесетін адам – Кенже, соның қолынан келуі мүмкін» деп жөн сілтейді. Содан кешкі апақ-сапақта құрылысшылар бригадирін, қоймашыны тауып, түкпірдегі қазынаны алдыртады. Түнімен әйнек орнына салынады, ертесіне «Кенженің ерлігі» аңыз болып студенттер арасына тарайды.
Кенженің диплом алуы да шытырман оқиғаға айналады. Жаңа үйленген кезі болатын. Көшеде бір жігітке бірнеше адамның жабылып жатқанын көріп, араша түсіп, қызбалықпен әлсізге болысып кетеді. Аяқастынан милиция келіп, бәрін қамап тастайды. Кейбір жаман ниеттілер Кенжені оқудан шығарып, дипломсыз жіберуге кірісіп жатады. 5-курсты бітіруші Жұмағұлов содан ректор Өмірбек Жолдасбековтің кабинетінен бір-ақ шығады. Әңгімеге қаныққан ректор істі жүргізіп жатқан тергеушінің телефонын алып, өзі ұзақ сөйлесіп, студентінің кінәсіз екендігіне көз жеткізіп: «Дипломын салтанатты жағдайда тапсырыңдар!» деп бұйырады. Декан Темірбек Қожакеев «Еліңе бар, орыстанып бара жатқан ортаны түзе!» деп Целиноград қаласына аттандырады.
Бітірушілерді бөлу кезінде бірнеше жас журналист Целиноград облысына жолдама алған болатын, алайда жеме-жемге келгенде бәрі туған жеріне тартып кетеді де, жалғыз Кенже достарына «түбі Ақмолаға келесіңдер» деп, зайыбы Айман екеуі қос чемоданмен Сарыарқа төрінен бір-ақ шығады.
Аудандық газетке берілген жолдамасын көрген облыстық партия комитетіндегілер «жоқ, радиода журналист жетпей жатыр» деп облыс орталығына қалдырады. Ауыл қариялары сынағынан өтіп, журфакта шыңдалған жас маман бірден жанды радиорепортаждар жасап, проблемаларды көтеріп, ауызға ілігеді. Содан Қазақ телевизиясының Целиноград облысы бойынша тілшісі қызметіне ауысады, шебер тележурналист ретінде шыңдалады. Үлесі аз қазақтардың проблемаларын қозғап, қазақ балабақшасы мен сыныптарының ашылуына, ономас­тика мәселелеріне үн қосады, ұлт пен тіл жанашыры, қайраткер ретінде танылады. Сөйтіп жүріп, Целиноград қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Аманжол Бөлекбаевтың назарына ілігеді, сенім артып, қазақ тілінде газет шығаруға ұсыныс білдіреді. Содан 1990 жылы қазан айында Кенжеғали Жұмағұлов қалалық «Ақмола ақиқаты» газетінің (қазіргі «Астана ақшамы» басылымы) бас редакторы қызметіне кіріседі. 8 жыл бойы басылымның қалыптасуы мен шығармашылық деңгейінің өсуіне үлкен үлес қосады. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мәдени-рухани өркендеуіне арналып жазылған мақалалары республикалық, қалалық басылымдарда үздіксіз жарияланып, үлкен резонанс тудырып жатты.
Қала астана мәртебесін алған алғашқы жылдары Қазақ телевизиясы ақпараттық хабарлар редакциясын басқарып, қаланың елордалық имиджінің қалыптасуына көп еңбек сіңірді.
2008 жылдан бүгінгі күнге дейін Кенжеғали Жұмағұлов Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Еуразия университеті» газетінің бас редакторы, «Еуразия-ақпарат» оқу-тәжірибе орталығының директоры қызметтерін абыроймен атқарып келеді. Телерадиожурналистика және қоғаммен байланыс кафедрасында аға оқытушы қызметін атқарып, тәуелсіз еліміздің жас журналис­терін дайындау бағытында еңбек етуде. Оның жетекшілігімен диплом қорғаған көптеген жас маман еліміздің БАҚ саласында белсенді қызмет атқарып жүр.
Академиялық ортада Кен­жеғалидың жаңа тынысы ашылды: өтімді, оқырманның қолынан түспейтін газет шығарды, құлыптаулы тұрған телестудияның есігін бұзып, студенттердің тәжірибе орталығына айналдырды, радиостудия­ны жеке ашты, Президент телерадиокешені техникасын жаңартқанда, оның 4 камералы бар жабдығын әкеліп, 2-нші телестудияны жарақтап, іске қосты. Кенжекең талай келелі істердің ұйытқысы болып жүр.
Еңбекқорлығы мен адамгершілігі іш тартса керек, қазақтың небір жақсысы мен жайсаңдары Кенжені жақын тартты. «Аға» деп академик Рымғали Нұрғалиевтың жанынан табылды. Қазақтың Ақселеуі бірден танып, лайықты бағасын берді, еркелетуге бейім еді. Астанаға келген Мырзатай Серғалиев бұрынғы студентімен еркін сыр ақтаратын. Ұстазы Намазалы Омашұлы болса енді тастаяққа үйретті. Қызмет бабында ойын ашық жеткізіп, пікір таластыр­ған жағдайлар да көп болды. «Ағаларының бабы мен көңілін бір тапса, Кенже табады» деп ректор Ерлан Бәтташұлы Сыдықов экспедиция, іссапарда маңызды шаруаны Кенжеғалиға тапсырады. Телестудия мүмкіндіктерін пайдаланып ондаған деректі фильмдер мен портреттердің сценарийін жазды, хабар даярлады.
Сөйтіп, Кенжеғали Жұмағұлов Ақмолаға жас маман болып келіп, кейін Астана мәртебесін иеленуіне, университетіміздің маңдайалды оқу орнына айналғанына куә болды. Осында қызы Данагүл өмірге келді, оқыды, тұрмысқа шықты, немерелер сыйлады. Елімен бірге жасап, көркеюдің үлгісі осындай-ақ болар!
«Жігіттің бір жұрты – қайын жұрты» дейді қазақ. Кенже Өскеменде сирек болады. Балдыздары жақында мынадай бір естелік айтты. Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында қала аралап келе жатып, Кенжеге «Жезде, мына ескерткіштің алдында естелік суретке түсейікші» деп қолқа салады. Сонда Кенже: «Жоқ, Лениннің ескерткіші алдында түспеймін! Мына жерде Абайдың алып тұлғасы тұру керек!» деп көнбей қояды. Қазір Өскемен қаласының орталығында бабасы Абай Құнанбайұлының еңселі ескерткіші тұр. Осы барғанда жездесі мен балдыздары суретке қайта-қайта түсіп жатты…
Ырғызбай ұрпағы Кенжеғали Жұмағұлов асқаралы алпыс жасына ел бағалаған еңбегімен келді. Әр қазақтың бойында намыс ұшқыны болады, ал Кенжеғали намыстан құйылған, басынан бақайшығына дейін өршіл мінез кернеп тұрады десек, еш жаңылмаймыз!

Аязби АҚБЕРГЕНҰЛЫ,
Астана қаласы

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button