Мәдениет

Мейірім шуағына шомылды

Қазақстан» орталық концерт залында «Алғыс айту» күніне орай «Мың алғыс» атты қайырымдылық концерті өтті. Кешті «Қазақ радиолары» ЖШС ұйымдастырды.

Мейірім шуағына шо­­мылған кеш өте әсер­лі болды. Өмірде адамға қайырымды болудан, қамқорлық жасаудан артық ізгілікті іс жоқ. Оған тағы бір көзіміз жетті. Шара барысында түрлі тағдырларды бастан кешкен кейіпкерлердің армандары жүзеге асты. Мәселен, он төрт жыл суқараңғы қалып, анасының жүзін бір көрсем деп армандаған Дүрдананың еміне Қазақ радиосының эфирінен шығатын «Жан жылуы» бағдарламасы арқылы екі миллион теңге қаржы жиналған. Соның кішкентай арудың еміне шипасы тиіп, Дүрдана дертінен айықты. Оның сол күні әнші Гүлнұр Оразымбетовамен бірге ән салсам деген ойы да орындалды. Көкшетаудағы Қошқарбай ауылында тұратын бір отбасы балалар үйінен 11 жеткіншекті асырап алған. Осындай сауапты дү­ние­ге қадам басқан ата-ананы сахнаға шығарып, қошемет көрсетті. Одан кейін «Бармысың, бауырым!» бағдарламасы арқылы сұрау салып, отыз жылдан бері кездеспеген әскердегі достар сахнада қауышты. Әсіресе, жиырма екі жыл бойы бірін-бірі көрмеген ана мен баланың кездесуі жиналғандарды ерекше толқытты. Залда көзіне жас алмаған адам қалмады.


Жалпы, кештің мақсаты ту­ғаннан қос жанары суқараңғы бір жасар Арманның шетелдегі еміне үш миллион теңгедей қаржы жинап беру болатын. Былтыр қыркүйек айында «Жан жылуы» бағдарламасына Арманның анасы Меруерт Айдарәлиева хабарласып, көмек сұраған екен. Енді, міне, осы мақсат орындалды. Балдыр­ғанның дертіне жұмсалатын қаржы жиналды. Шараға қазақтың жүрегі кең жомарт аза­маттары да қатысып, олар қайы­рымдылық шарасына өз үлестерін қосты.


Кеш барысында Қарақат Әбілдина, Жұбаныш Жексенұлы, Елена Әбдіхалықова, Маржан Арапбаева, Тамара Асар, Құрмаш Махан, Роза Әлқожа, Медет пен Клара Салықовтар, Сүндет Байғожин секілді өнер жұлдыз­дары ән шырқап, жиналғандардың көңілдерін көтерді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button