ЖаңалықтарТаным

СУРЕТКЕР СӘУЛЕТШІ

Адамның шығармашылық тұрғыдан өсуіне, шеберлігінің шыңдалуына жүрген-тұрған ортасының тигізер әсері мол. ҚР Суретшілер одағы мен Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Есенғали Ахметовтің сәулет сала­сында мол табыстарға жетуінің формуласын осы сөз айқындайтын сияқты. 

hazret-sultan-mosque-astana-kazakhstan-1

ДИЗАЙННЫҢ ШЫН ШЕБЕРІ
Әу баста ұстаз мамандығын таңдады. Семей педагогикалық институтын бітіріп, мектепте сабақ берді. Т.Жүргенов атындағы өнер академия-сын аяқтаған соң, осы оқу орнында оқытушы қызметін атқарды. Ұстазы Төлеубек Карамендітегі, қазіргі белгілі қолөнер шебер­лері Әлібай және Сәуле Бапанов­тардың, белгілі суретші Молдахмет Кенбаевтың алдынан дәріс тыңдады. Осындай өнердің нағыз майталмандарының үлгісін көргеннен кейін, өзінің де ұлттық өнерге деген құштарлығы артып биіктерге қарай қанатын қомдады.
Сәулетші ғимараттардың ішкі дизайнының шын шебері десек, қателесе қоймаспыз. Тырнақалды туындыларының бірі – Алматы қаласының Орталық мешіті. Жалпы, осы күндерге дейін бой көтерген ондаған мешіттің (Алматы облысында, Ақтау, Тараз қалаларында) құрылысында айшықты қолтаңбасын қалдырды. Соның ішінде Астана қаласын­да­ғы «Нұр Астана» және «Әзі­рет сұлтан» мешіттерінің әрле­нуіне сүбелі үлесін қосты. Осы жобалардың алғашқысы классикалық стильге жақын болса, екіншісі мүлде жаңаша сипатта әрленді.

«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІ – ҚАЗАҚ ЖАНЫНЫҢ АЙНАСЫ
Есенғали Ахметовтің өзі де әр жобасына жаңалық қосқанды жөн көреді. Әрине, жергілікті ерекшеліктерді де назардан тыс қалдырмайды. «Әр жобаның өзіндік әсемдігі болады. Мәселен, ою-өрнектерді алғанда белгілі бір өңірге тән оюлар кездеседі. Бірақ, «Әзірет сұлтан» мешітін жобалағанда біз қазақтың басын бір арнаға тоғыстыратын, яғни біртұтас қазақ ұлтын көрсететін, адамның жандүниесін шуаққа бөлейтін, ұлтымыздың өнер үлгісін шетелдіктерге танытатын жобаны жасауға талпындық. Сол мақсатқа жеттік деп ойлаймын. Бұл мешітке барған сайын соған көзімді жеткізе түсіп, шетелдіктердің оған көп баратынын көріп жүрмін. Осы тұрғыдан алғанда, «Әзірет сұлтан» мешіті қазақ жанының айнасы іспеттес, бір сөзбен айтқанда, ұлт болмысымен астасқан туынды» дейді сәулетші дизайнер.
Иә, Есенғали Ахметовтің бұлай дейтіндей жөні бар. Алматыда 30 жыл тұрып, ол жердегі шығармашылық орта талантының ашылуына септігін тигізсе, осыдан бес жылдай бұрын Астанаға қоныс аударғанда да елордада өнердің шын жанашырларын жолықтырды. Сағындық Жанболатов, Саматбек Бөкебай сынды белгілі сәулетшілермен тізе қосып, жұмысқа кіріскен оның өрісі кеңейді. Сағындық Смайылұлымен бірге «Әзірет сұлтан» мешітінің жобасын жүзеге асырса, алдағы жылы елордада ашылуы тиіс жаңа мешітті жобалауды да бұл кісімен қосылып атқарды.
«Әзірет сұлтан» мешітінің жобасын жасағанда уақыт өте тығыз болды. Екі айдың ішінде негізгі залды жасап шығуымыз керек еді» дейтін сәулетші бұл жобадан үлкен тәжірибе жинап шықты. Қазіргі таңда белгілі бір нысанды жобалау мерзімдерінен қорықпайды. «Еңбек – бәрін жеңбек» деген мәтелді ұстанып, білегін сыбана кірісуге дайын.

ӨНЕРДІ ҚЫЗҒАНЫШ ӨШІРЕДІ
Бір айта кетерлігі, осы күн­дерге дейін Есенғали Мұс­та­қымұлы ішін әрлеген ғима­раттардың арасында сан алуан нысандар бар. Мешіттерге қоса, мәдени ошақтардың, білім беру мен спорт нысан­дарының, темір жол вокзалда­рының, қонақ үйлердің, дәмха­налардың ішкі дизайнын жаса­ды. Атап өтетін болсақ, Алматыдағы М.Лермонтов атын­­дағы театрдың ішкі көрі­нісін жаңартуға, Астанадағы Президенттік мәдени орта­лы­­ғының көрме залын әр­леуге қатысып, ҚР Тұң­ғыш Президенті – Елбасы кітап­­ханасының ішін әрлеу жұмыстарына кеңесшілік етіп, бұл ғимараттың сегізінші – тоғы­зыншы қабаттарындағы мону­менталды кескіндеменің автор­лық ұжым жетекшісі атанды.
Сондай-ақ, Алматы қаласын­дағы «Бөбек» оқыту орта­лығы, елордадағы Назарбаев Университеті, Қорғаныс министрлігінің Әскери академиясы, Оңтүстік Қазақстан облысынының Сарыағаш қаласындағы гольф клубының да әрленуіне айшықты қол­таңбасын қалдырды. Қарағанды, Қызыл­орда, Шымкент, Түр­кістан, Тараз қалаларының темір жол вокзалдарының тар­тымды бола түсуіне үлесін қосты.
Қазіргі заманда кейбір шығар­машылық иелерінің ісі мен сөзі қабыса бермейтінін жиі байқап жүрміз. Ал Есенғали Ахметов адамның өмірдегі және өнердегі ұстанымдары бірдей болуы керек деп санайды.
«Адам өмірде таза болып, өз ісін ұнату керек. Еңбектен қашпай, маңайына жақсы орта да қалыптастыра білуі тиіс. Адам қандай талантты болса да, өз ортасын таба алмаса өшіп қалады. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Негізі кез келген өнер иесінің екінші сондай өнер иесіне деген тартылыс күші болуы қажет. Өнердің шегі жоқ қой, сондықтан өнерде қызғаныш деген болмау керек. Жалпы қызғаныш деген «қызыл иттің» өнерге тигізер зияны мол. «Үйрен де, жирен де» деп жатады. Кезінде Қазақстанда шетелдік компаниялар қаптады деп байбалам салғандар болды. Бірақ, біздің олардан үйренгеніміз бар екенін мойындауға тиістіміз. Мен өзім шетелдіктермен көп жұмыс істедім. Олар біздің мамандарды бағалайды. Итальян, корей, түрік компаниялармен жұмыс істегенде соған көз жеткіздім. Шынын айтқанда, сол арқылы да Қазақстанның сәулет өнері даму жолына түсті. Қазір еліміздің сәулет өнері еш елдікінен кем емес. Өзім де шетелдіктерден керегімді ала білдім деп ойлаймын. Бұл бір жағынан алғанда адамды бір орында тұрмай алға қозғалуға, әлі шықпаған биіктерге талпынуға мүмкіндік береді» деп түйіндеді сөзін Есенғали Мұстақымұлы. Біз мұны тәжірибелі сәулетшінің сөзі сияқты ғана емес, болмысы ұстаз адамның сөзі ретінде де қабылдадық. Иә, қазақ «Талпынған, жетер мұратқа» дейді. Соның бір жарқын үлгісі – сәулетші-дизайнер Есенғали Ахметовтің өз өмір жолы.
Оның түрлі халықаралық және республикалық байқауларға қатыса бастағанына ширек ғасыр толды. Сәулетші еңбегінің еленуі туралы сөз сабақтасақ, кезінде «Астанаға – 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталып, Президенттік мәдени орталығының әрленуіне қосқан үлесі үшін мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің, «Әзірет сұлтан» мешітінің ішкі дизайнын жасағаны үшін елорда басшылығы мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мүфтиінің алғысын алған. Бір қызығы, Есенғали Ахметовтің өзі қайсыбіреулер сияқты марапатқа құштар емес. Оның ұраны өзі меңгерген істі сапалы атқарып шығу. Сәулет өнері дегенде жанын салады. Соның жарқын көрінісі – бүгінге күнге дейін көзге тартымды етіп жасап шыққан жобалары.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button