Елорда тынысы

Тәуелсіздік бесігінде тербелген

Соңғы 13 жылдан бері елеусіз қалған атаулы күнді ел Президенті биыл қайта жаңғыртты. Өзім еңбек ететін балабақшада да осы мерекеге орай әр топта ертеңгіліктер ұйымдастырылып, кең көлемде аталып өтуде.

Күнделікті жұмыс барысында да балақайларыма Отанымыз – Қазақстан Республикасы, жеріміз кең, табиғатымыз бай, халқымыз қонақжай екенін үнемі ескертіп, ата-бабадан қалған ән мен күйді үйреніп, оларды құрметтеуге, туған жерді аялап-қорғауға, сүюге баулып отырамын. Ұлттық мереке болғандықтан, осы күні тәуелсіздікке қол жеткізуге зор үлес қосқан қаһармандарымызды еске алып, есімдерін есте ұстауды да естен шығармаймыз.

Мемлекетіміздің береке-бірлігін, бостандығы мен әлемдік туыстығын білдіретін, туған жердің мақтанышы болып келетін бұл мереке әрі патриоттық деп есептеледі. Еуразия жүрегінде, өркениеттердің ұштас­қан орталығында талай ұлт пен ұлыстың қызырлы мекеніне айналған Ұлы далада азат елдің азаматы атанғаннан асқан бақыт жоқ. Осыны отбасымда өз балаларыма, ұжымда тәрбиеленушілеріме түсіндіруден жалыққан емеспін.

Ұйымшылдықпен күш біріктіріп, жаңа мақсаттарға ұмтылып, әрқашан да рухымызды биік ұстап, салт-дәстүрімізді дәріптеп жүрсек, алда көптеген жаңа табысқа жетеріміз анық.

Бүгінде Отанымызды әлем мемлекеттерінің бәрі дерлік танып отыр. 1992 жылы Қазақстан дүние жүзіндегі ең ықпалды және беделді ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болды. Содан бері Қазақстанды 120-дан астам ел танып, көптеген этнос өкілдерімен бірге бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербеліп, қыран құсы қалықтаған көк аспанымыздың астында барша қазақстандықтар баянды да бақытты ғұмыр кешсе екен деп тілеймін.

Айтбала ЕЛУБАЕВА,

Астана қаласы №55 «Қарақат» балабақшасының тәрбиешісі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button