Қала тіршілігі

Тал егіп, табиғатты аялайық!

Жер тоңы жібіп, алғашқы көк дүркіреп шыға бастаған кезде шыбық қадап, тал отырғызу – сауапты іс. Өйткені жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы жайқалған дараққа айналып, жазда сая, қыста қамсау болады. Экологияны жақсартып, қаланың микроклиматын қалыптастыруға әсер етеді.

Сол себепті, көктем сайын Астана қаласында жалпықалалық сенбілік өткізіп, ашық алаңқайларға, көше-даңғыл бойына көптеп-көлемдеп ағаш отырғызу игі дәстүрге айналған. Оның сыртында Астана қаласының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2018 жылдың соңына дейін «Жаңа туған әр нәрестеге – бір ағаштан» экологиялық акциясын қолға алды. Перзентханадан шығарда әр баланың ата-анасына ағаштың нөмірі, отырғызылатын орын сызбасы мен құттықтау конверті қоса табысталады. Дүниеге іңгәлап келген әр астаналықтың атындағы ағашқа қала сыртындағы «Жасыл белдеу» аумағында, дәлірек айтсақ, Қарқаралы тас жолының бойында арнау­лы орын бөлінген. Осынау игі істен қала тұрғындары да қалыс қалмай, үйлерінің алдында тал отырғызып, үлгі көрсетсе игі. Осы орайда, «Астананың топырақ құрамы, жер, климат жағдайында қандай ағаш түрін отырғызуға болады?» деген сауалды «Астана көгалдандыру құрылысы» ғылыми негізді мекемесінің бас агрономы Бахтияр Шаймұханбетовке қойғанды жөн көрдік.
– Астанамыз қуаң дала төсінде, оның күңгірт қоңыр, қоңыр топырақты, бетегелі-селеулі құмайт белдеуінде орналасқан, сол себепті топырақ жабыны алуан текті болып келеді. Ал климат жағдайына келер болсақ, қысы ұзақ, ауа райы күрт құбылмалы, ылғалдылық аз, көктем кештеу келеді. Мұндайда кез келген тал-теректің алғашқы екі жылдағы күтіміне айрықша мән берген жөн, – дейді Бақтияр Теміржанұлы. – Яғни, көшетті отырғызғаннан бастап оны суару, түбін қопсыту, топырағын ұдайы құнарландырып тұру қажет. Жауынды-шашынды күндері жел жұлып кетпес үшін түбіне арнаулы тіреу қояды. Ақпан-наурыз айларында әлі ауа райы қалыпқа түспеген кезде өсімдік күннің тіке түсуінен зардап шегуі мүмкін. Сондықтан ағаштың сүңгегін (діңін) арнаулы дымқыл шүберекпен жақсылап ораса, құрғап кетуден әрі кеміргіш зиянкестерден сақтайды. Өсімдік жақсы тамыр жаю үшін жер үстіндегі бөлігін жыл аралатып бұтарлап тұрған дұрыс. Сондай-ақ, қыс қарсаңында суару тал-теректің төзімталдығын арттырады.
Астана қаласын абаттандырумен айналысатын «Астана көгалдандыру құрылысы» мекемесінің 349 га арнау­лы тәлімбағында ағашты-бұталы өсімдіктердің 50-ден аса түрі өсіріледі. Атап айтқанда, ағаш түрлерінен: шырша, сібір балқарағайы, кәдімгі қарағайы, салпаншақ қайың, шегіршін, уссурийлік алмұрт, емен, сәмбі тал, үйеңкінің екі-үш түрі, ұсақ жапырақты жөке, кәдімгі шетен, бәйтерек, вирджин мойылы, кәдімгі шаған, қызыл талды бадам және т.б. өсіріп, Арқа топырағына бейімдейді. Ал бұталы өсімдіктер қатарынан ырғай, ем арша, көріктал, үшқат, бозқараған жергілікті климат жағдайында өсіруге қолайлы. «Жеке үйінің ауласына немесе көпқабатты үйдегі көршілерімен бірге көптеп-көлемдеп айналасын абаттандырғысы келетін қала тұрғындарына «Астана Көгалдандыру құрылысы» мамандары қашанда кеңес беріп, көмек қолын созуға әзір» дейді бас агроном Бахтияр Шаймұханбетов. Ендеше көктемнің жайма-шуақ күндерінде тал егіп, сүйікті қаламызды ажарландыруға өз үлесімізді қосайық.

Әділбек ЖАПАҚ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button