Руханият

Жылуымен жібітті жер жүрегін…

Тұрмағанбет КЕНЖЕБАЕВ

Көктем таңы, көкжиек мұнартады,
Қол бұлғайды алыста ұлар тауы!..
Алтын шашы төгіліп иығына
Асқар шыңға иегін күн артады.

Көктем таңы…
Тербетіп тау самалы,
Еміреніп Ана – Жер бусанады!..
Күміс күйге толтырып сай-саланы
Жыршы бұлақ сыңғырлап ән салады.

Көктем таңы…
Тіршілік тамыры – нұр,
Талпынады ашпақ боп қауызын гүл…
Жылуымен жібітіп жер жүрегін
Қызуымен оятқан Наурыз – бұл!..

Көктем таңы…
Табиғат ғажап қандай!..
Далаға шық, сәулешім, қарап қалмай…
Қаз-қаз басқан қарашы мына өмірге
Бір құдірет қайтадан жаратқандай!..

Көктем келді, құт келді, өмір келді,
Бақыт келді, бақ келді, сезім келді!..
Арнасынан асардай алас ұрар –
Аққу құсы оралған көңіл көлі!..

Көктем келді, жыл келді берекелі,
Қызыл гүлмен көмкеріп кең өлкені.
Құтты болсын, халайық, жаңа жылың,
Қарсы алайық Наурыз – мерекені!..

Әсет АМАНЖОЛОВ

Есте қалар бұл көктем несіменен,
Бар мұңымды келеді кешіп өлең!
Сол жағында кеудемнің бір уыс ет,
Тулайды кеп үміт қып несібеден.

Жалғызсырап жабықса жетім желік,
Жүдетеді ауыр ой етімді еміп.
Күдік, Үміт санамда теңеліпті,
Көктемдегі күн мен түн секілденіп.

Сезім сыйлап төбемде күн күледі,
Осы көктем өзгертер мүмкін мені.
Бой тазартар жаңбырдың жауары анық,
Көңіл бұлты кеудемде күркіреді.

Таңғажайып тәтті өмір басталарда,
Кез қылмасын тағдырым тас қамалға.
Қоймаса екен бұл көктем мен ұнатқан,
Аруларды ғашық қып басқа жанға.

Білегіне тағатын білезік ен,
Бақыт табар жан бар ма бір өзінен.
Толған айдай табынтар талай ару,
Тоңы жібіп, мұз қатқан мінезінен.

Тағы көнбей ырқыма қыңыр ұл – мұң,
Теңселтті кеп тірегін тұғырымның.
Келер, кетер көктемі жылдарымның,
Қалай өтер көктемі ғұмырымның…

 

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Ұлы күнде тауып мезгіл бір ретін,
Атқарғандай қасиетті міндетін.
Жаратылыс нұрын бөліп Жаратқан,
Жылына бір теңелген сәт Күн мен Түн.

Жан байытып жұрттың жылы лебізі,
Ізгі жолда сайрап жатты ел ізі.
Орындадық нақыштарын Наурыздың,
Салт-дәстүрге бай ұлтпыз ғой, негізі.

Аққа тиіп ағайынның ауызы,
Артты бір күн Наурыз көже маңызы…
Бойындағы нәрін берген аямай,
Табиғаттың адамға жоқ қарызы!

Асыл жандар қысқы сүрден ас қамдар,
Бел алады берекелі бастаулар.
Жақсылықтар жиынтығы әз-Наурыз,
Жамандықты өткен жылға тастаңдар!

Күн-ернімен аспан жерді сүйеді,
Кемсеңдейді бұлт-сақалды иегі…
Жанды-жансыз құбылысты қамтыған,
Мерекелік ұғым – түгел киелі!

Жұлдыз ТОЙБЕК

Ақ қарын сырып Ақпанның,
Сылдырлап бұлақ аққан күн.
Күн менен Түн теңесіп,
Табиғат түлеп жатқан күн.

Әйнектен үйге үт кіріп,
Жеттің бе, көктем күттіріп.
Мұсылман қауым қарсы алды,
Әз-Наурызын тік тұрып.

Жырадан сылдыр су ағып,
Құстардан шықты шу анық.
Көктемге аман жеткенге,
Қартың да тұр қуанып.

Елдің жетіп аузы аққа,
Мал ұзады тау жаққа.
Балалар да бас қойды,
Наурыз көже, бауырсаққа.

Хош айтысып, Қар – қызың,
Жетті жайнап Наурызым.
Халқымызға құт келіп,
Арта берсін дәм-тұзың!

Бастауы боп Ұлы істің,
Алашқа жетті Ұлыс күн.
Жаршысы өзің жаһанда,
Татулық пен ырыстың.

Динара МӘЛІК

Көктем кеп көк майсасын төсеген бе,
Гүлдер өлең оқып тұр көшелерде!
Жиырма төрт жыл жүрегім
жайқалғалы,
Қанша көктем қалды екен пешенемде?!

Көктем кеп көгерткен бе айналаны,
Қыз-ғұмыр қыр басында ойланады.
Көбелек-көңіл құрғыр алып-ұшып,
Көктемнің бұрымына байланады.

Гүл-әлем шымылдығын ашқаны ма,
Көркемдік, қонып алды аспаныма.
Түннің ғана исі шығушы еді-ау,
Күннің исі сіңіпті шаштарыма!

Шынымен, қанат бітіп ұшқаным ба?
Ғашық боп қалсам қайтем,
қас-қағымда?
Әр сәулесін кеудеме құйып тұрмын,
Айырбастап ала алмай басқа мұңға.
Көктем кеп көк майсасын төсеген бе,
Гүлдер өлең оқып тұр көшелерде.

Әлібек ШЕГЕБАЙ

Көктем келді,
Көктемменен жыр келді
«Боламын» деп өзіңменен бірге енді.
Таң атқанша тағдыр жайлы сырласып
Еске алыстық өткен-кеткен күндерді.
Талай-талай түн азабын шеккенбіз,
Мұратқа да бірге жүріп жеткенбіз.
«Күйбең тірлік» ортамызға от салып,
Қайбір жылы екі жаққа кеткенбіз.
Тұтқынына айналдырып түнек – мұң,
Өзімді де, сезімді де жүдеттім.
Анда-санда келіп-кетіп тұратын,
Амандығын білу үшін жүректің.
Өлең келіп,
Өмірім де өзгерді,
Көрмей қалған көңіліме көз берді.
«Енді тастап кетпеші» деп өтіндім,
«Кетпеймін» деп ол да маған сөз берді.
Жүрмейтұғын туысқандық, таныстық,
Өмір ғой бұл – әрі салқын, әрі ыстық.
Көңілімнің кеткен еді күзінде
Енді, міне, көктем болып табыстық.
Өлең келіп,
Құшағымды аштырды,
Бақытымның баспалдағын бастырды.
Жүрегіме қонақтаған ақ құсым –
Сағыныштың жанарында жас тұрды!

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button