Таным

Таңбада қалған тарих

_50A2230

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Дешті Қыпшақ. Құпия таңбалар» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Жаңа туындының авторы және режиссері – Бақыт Қайырбеков. Қосымша режиссері – Алексей Каменский.

Дешті қыпшақ даласы

Жаңа деректі фильмде қыпшақ жазуларының көне жазба ескерткіштері туралы баяндайды. Тоқтаңыз, алдымен «Дешті Қыпшақ» деген тарихи сөзге анықтама беріп өтейік. Өз заманында Дешті Қыпшақ даласы – Алтай тауларынан Дунай өзеніне дейін, Балқаш көлінен Қара теңіздің батыс жағасына дейінгі кең жайылған, бір жағы славяндармен, келесі беткейі қытайлықтармен, сібір тайпаларымен, Кавказ халықтарымен және тамыры бір оғыз, қарлұқ мемлекеттерімен шектескен ұлан-ғайыр аймақ. Осы кең өлкеде тек қыпшақтар ғана емес, басқа да түбі бір түркі тайпалары тұрған. Бірақ қыпшақтар (жалпы, қазақты бір кезде солай атаған) қуатты тайпа саналғандықтан, осы өлкені «қыпшақ даласы» деп атайды. Парсы жазбаларында қыпшақ даласына «Дешті Қыпшақ» деген атау берген. Осы атау тарихта тасқа түскен таңбадай мәңгі қалды. Көне орыс жазбаларында «Қыпшақ даласын» «Половецкое поле» деп те айтады.
«Біздің тарих ол да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» деп, Қадыр атамыз айтпақшы, әрине, көшпенділер дәуірінің тарихы түпсіз терең. Оған кеңес дәуірінде батылдығы жетіп, бара білген тұлға, көрнекті тарихшы – Лев Гумилев. Алып тұлғаның еңбектерінде көшпенділер өркениеті барынша тереңірек жазылған. Ал Әлкей, Марғұлан, Ғұбайдолла Айдаров секілді дарынды тұлғалар өздерінің ғылыми еңбектерінде де «құпия таңбалар» сырына тоқталып өткен.

Жат жерде жатқан жәдігер

Фильмнің бірінші бөлімі қыпшақтар мен армияндар арасындағы байланысты сөз етеді. Бір кезеңде осы ортада қыпшақ тілінде сөйлейтін, өздерін «әрмени» дейтін «армияно-григориан» дініндегілер «Құдайды» қыпшақ атауымен «Тәңір» деп атаған екен. Олардың артында қыпшақ-құмандардың, тұрмыстық тілімен, әсіресе, Еуропада жоғары дамыған әдеби тілде жазылған 30 мың беттік баға жетпес жазу мұралары қалған. Сұлтан Бейбарыс бабамыз билеген Мысыр да қыпшақ тілінде сөйлеген. Сол асыл бабалар ғұмыр кешкен қиянда қалған дәуірде қыпшақ тілін білмесеңіз, Еуразия кеңістігінде басқалармен тілдесу мүмкін болмаған. Туындыны көрнекті тарихшы, қыпшақ жазуларын зерттеуші Александр Гаркавецтің өзі тың толғамдарымен толықтырып отырады. Мәселен, Лондондағы бір үлкен университеттің кітапханасында қыпшақтар туралы 1343 жылы сақталған сөздік кітапта «Қазақ» деген сөзге анықтама берілген. Онда «Қазақ» – «бойдақ, үйленбеген адам» деген мағына білдіреді. Демек, біздің тарихымыздың қаншалықты бай екендігі, оның түбіне үңіле берсек, бас айналар ғажайып дүниелерге кезіге беретініміз даусыз. Фильм негізінен Италия, Армения, Украина елдерінде түсірілген. Осы мемлекеттегі біздің бабаларымыздың тұлпарларының тұяғы тиген тарихи орындар да көбірек екен. Оның барлығы қысқа да нұсқа көрсетілген.
Деректі туындының екінші бөлімінде қасиетті Петр шіркеуінің кітапханасында сақталған «Кодекс Куманикс» атты құнды кітап сөз болады. Оны Венеция кітапханасына 1362 жылы Қайта өрлеу дәуірінің көрнекті ақыны Франческа Петрарка сыйлаған. «Кодек куманикс» (Қыпшақ тілінің сөздігі) құман (ескіқыпшақ) тілінің XIV ғасырдағы жазба көзі саналған. Асыл мұрада филологтар үшін ғана емес, тарихшылар үшін құнды дүниелер қамтылған. Ол туралы көрнекті зерттеуші Александр Гаркавец пен итальяндық мамандар өз пікірлерін білдіреді.
Ал, біздің назарымызды ерекше аударған дүние – көне кітапта қыпшақ тіліндегі әнұранның ноталары сақталған. Аталмыш гимннің ноталарын дыбыстаған, белгілі композитор – Ақтоты Райымқұлова. Фильмнің өн бойында осы музыканың мұңлы сарыны ойнап тұрды. Сырлы тұңғиыққа жетелейтін музыканы естіген сайын біртүрлі бойымызды бабалардың асау қаны билегендей болды

Атамекенге оралған асыл мұра

Аталмыш фильм Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша жарыққа шығып отыр. Сондықтан игі шараға лауазымды тұлғалармен бірге бірқатар зиялы қауым өкілдері де қатысты.
– Осындай тарихи, маңызды фильмге өз үлесімді қосқаныма өте қуаныштымын. Мұндай жобалар өскелең ұрпақтың болашақта рухани өсуіне зор пайдасын тигізетініне сенімім мол. Қыпшақтар туралы осындай тарихи кітаппен жақын танысып, тың жаңалықтарға хабардар болу мен үшін үлкен мәртебе. Алдағы жылы да Италия және Қытай елдерімен бірігіп деректі фильм шығару жоспарда бар. Ол атақты Марко Полоның «Өмірдің түрлі сырлары» деп аталатын туындысы бойынша түсірілетін болады, – деді ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Жаңа деректі туындыны түсіруге бастан-аяқ қатысқан жоба авторы Бақыт Қайырбеков те өз пікірін білдірді.
– Біздің бабаларымыздың даңқы сонау Еуропаға дейін жеткен. Неге десеңіз, XІV ғасырда қыпшақ тілінде жазылған құнды кітаптардың дені Еуропада сақталған. Ол бұрын көп айтылмайтын. Біз фильмде Парижде, Англияда сақталған қолжазбаларды көрсете алмадық. Сонда да Италия, Армения және Украина да сақталған жәдігерлердің өзі ғажайып. Әсіресе, Арменияда қыпшақ тілінде жазылған қолжазбалар көбірек. Өз дәуірінде қыпшақ тілі үлкен міндет атқарған. «Қыпшақ тілі» дегеніміз – бүгінгі қазақ тілі. Осы тілді барлық Еуропа тұрғындары білуге тырысқан. Сонау «Библиядан» бастап, түрлі құнды кітаптар осы тілге аударылған. Италиядан Азияға жол тартқан саудагерлер де парсы мен қыпшақ тілін білуге тиіс болған. Оның барлығын көне қолжазбалардан біліп отырмыз.
Фильмнің соны бір жаңалығы – «Кодекс Куманикус» кітабы десек болады. Бүгінде бұл көне жәдігердің электронды көшірмесі Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханаға әкелінген, – деді режиссер.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button